Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ханафи мазһабының кең таралу себептері

Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит Зута ибн Мах әл-Куфи Ханафи мәзһабының негізін қалаушы, фиқһ ғалымы. Ирактың Куфа қаласында 699 жылы дүниеге келіп, 767 жылы Бағдатта қайтыс болған. Әбу Ханифаның ұлты араб болмағандықтан бұл жайында көптеген пікір айтылған.

Әбу Ханифаның тікелей фиқһқа қатысты арнайы жазып қалдырған еңбегі жоқ. «Ирак фиқһы» немесе «рәй» (ақылға сүйену) фиқһі деп аталып, жүйеленген ханафи мәзһабы Әбу Ханифаның шәкірттерінің ерен еңбегі арқылы таралған. Әбу Юсуфтың бас қазы болуы мен көптеген кітап жазуы, Мұхаммед әш-Шайбанидің Әбу Ханифаның білімін, дәріс кезінде шәкірттермен жасаған пікірталастарын қағазға түсіру ханафи мәзһабының танылуы мен таралуына басты себеп болды. Сондықтан Имам ағзамға ұзақ жылдар бойы шәкірт болып, ұстаздарының фиқһ ілімін жалғастырушы Әбу Юсуф пен имам Мұхаммед «сахибайн» (екі жолдас, екі шәкірт) немесе «имамайн» (екі имам) деген атқа ие болды. Әбу Ханифа мен Әбу Юсуф бір пікірде болса «шайхайн» (екі ұстаз), Әбу Ханифамен имам Мұхаммед бір пәтуаға келсе «тарафайн» (бір пікірде екі адам) деп аталуы олардың мәзһабтың негізін қалыптастырудағы рөлін көрсетеді.

Деректер бойынша, Әбу Ханифаның Ислам Әлемінің бірнеше аймақтарында шәкірттері болған. Мәселен, одан ілім үйренгендердің тең жартысы Куфа, Басра мен Бағдатта, қалған бөлігі Исфахан, Хамадан, Рәй, Мари, Бұхара Самарқанд, Балх, Хорезм секілді Ирактың шығысындағы маңызды орталықтарда болды.

Ханафи мәзһабының құрылып, қанат жаюының тағы бір себебі – Әбу Ханифа мен шәкірттерінің қалыптастырған фиқһ ғылымының өз уақытында жинақталып қағазға түсірілуі. Әрине мұнымен шектелмей кейінгі уақыттарда да жалғасып отырды. Кейбір пәтуалар мен фиқһи мәселелердің Әбу Ханифадан бұрын да жазыла бастағаны туралы айтылады. Мысылы, Қады Шурайх, Ибраһим ән-Нахаи және Хаммад ибн Әбу Сулейманнаң фиқһ жинақтары болған. Дегенмен Куфаға негізделген Ирак фиқһы алғаш рет Әбу Ханифа заманында жүйелі әрі ауқымды түрде жинақталды.

Бүкіл әлем халқының төрттен бірі мұсылман болса, солардың 48 пайызы – Ханафи мәзһабында. Негізінен, Ханафи мәзһабын тоғызыншы ғасырдан бастап Үндістан, Қытай, Индонезия, Пәкістан, Ауғанстан, Түркия, Ресей, Кавказ, Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары ұстанады.

 

Ермагамбетов Нариман

«Мәулімберген» мешітінің

Наиб имамы

Жоғарыға