Ғұрыптың шариғаттағы орны
Күллі әлемді Құдіретімен билеуші, Әлемдердің Раббысы, сіз бен бізді жоқтан бар етіп жаратқан, мейірімі шексіз Алланың атымен бастаймын.
Әрі біздерге тура жолды көрсетіп, хақ пен жалғанды, адал мен арамды үйретуші сүйікті Елшіміз, ардақты Пайғамбар Мұхаммедке Алланың сәлемі мен игілігі болсын. Бүгінгі күнімізде шариғат шеңберінде толассыз сауалдар түсіп жатады. Алайда солардың арасында кеңінен сұралып жатқан ғұрып мәселесі. Бабаларымыздың ұстанған дәстүрі мен ғұрпын бүгінгі күнде шариғат шеңберінде қарап көруді жөн санадық.
Қайсыбір қоғамды алып қарасаңыз да, адам өмір сүргеннен кейін әр-түрлі менталитет (белігілі бір өмір сүру қағидасы) қалыптасары сөзсіз. Бұлардың арасында әр халықтың өзіне тән дәстүрлері бар. Дегенмен, барлық дәстүр шариғатқа сай деп кескінді айта алмаймыз. Алла Тағаланың адамзат баласына қойып берген жолы, сызып берген белгілі қағидалары бар. Солардың арасында шариғаттың құптағандары мен тыйым салғандары бар.
Жалпы, ғұрып мәселесінде де шариғат кеңінен қарайды. Себебі, бұл мәселе адамдардың өмір сүру ережесіне негізделген жол. Имам Абдулла бин Ахмед Насафи әдет-ғұрып жайлы:
الْعُرْفُ وَالْعَادَةُ: مَااِسْتَقَرَّ فِي النُّفُوسِ مِنْ جِهَةِ الْعُقُولِ وَتَلَقَتْهُ الطّبَاع السّلِيمَة بِالْقُبُولِ
«Әдет-ғұрып: ақыл тұрғысынан адамдардың көңілінен орын тапқан және адамның табиғаты құптаған ғұрып», - деп анықтама береді. Ал, ханафи ғұламасы Ибн Абидин:
«Әдет – қайталау сөзінен алынған. Қайта-қайта орындала берумен ел арасында танымал және қалыптасқан жайт», - деген.
Жалпы, әдет-ғұрыптың дұрысы да, бұрысы да бар. Сондықтан, әдет-ғұрыпқа бір жақты қарауға болмайды. Ендеше, әдет-ғұрып мәселесін кеңірек түсіну үшін Ислам тарихындағы бір-екі оқиғаға тоқтала кеткеніміз жөн болады. Бұл Үмму Һани Фахита Әбу Талибқызы бин Абдумутталиб бин Һашим есімді әйелдің оқиғасы. Бұл әйелдің тегіне қарап ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) немере ағасының қызы және Әлидің қарындасы екенін білеміз. Ислам дінін қабылдамай тұрып Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мүшріктердің қорлауынан үнемі қорғап жүретін. Үмму Һани Фахита Фатх күні мұсылман болды. Осы күндері бір оқиға орын алды. Бұл тарих беттерінде мәңгіге сақталып қалды. Һижраның сегізінші жылы Pамазан айында Алла Тағала Пайғамбарына үлкен жеңіс сыйлады. Бұл қасиетті Мекке шаһарының фатхы еді. Бұл күні адамдар лек-легімен мұсылман болып жатты. Бәну Махзум руынан екі мүшрик Үмму Һанидің үйіне қашып келіп, жансауғалады. Олардың ізінше Әли келіп, оларды өлтірмек болды. Алайда қарындасы ол кісілерге қорған болатындығын жеткізді. «Жиуар» яғни қорған болу, қорғау жаһилиет дәуірінен бері қалыптасқан әдет-ғұрыптың бірі еді. Болған оқиғаның мән-жайын айтып жөн сұрамақ болып Үмму Һәни Пайғамбарға (с.ғ.с.) барды. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) шаңырағы биіктеу жерде орналасқандықтан Фахитаны көре сала:
مَرْحَباً بِأُمِّ هَانِئٍ
«Уа, Үмму Һани! Қош келдің!»деп қарсы алды. Үмму Һани: «Уа, Алла Елшісі! Мен қайын жұртымнан екі кісіге қауіпсіздік уәде етіп, қорған болдым. Алайда, Әли оларды өлтірмекші», - деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с.):
قدْ أَجَرنَا مَنْ أَجَرتِ يَا أُمَّ هَانِئ
«Сен қорған болған адамдарға біз де қорған болдық», - деді. Міне, бұл Бұхариде жазылған оқиға. Демек, Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерімен жаһилиет дәуірінен бері келе жатқан «Жиуар» әдет-ғұрпын Исламға қайшы емес екенін айтуда.
Ата-бабаларымыздың ұстанған әдет-ғұрпының да түп негізі шариғатқа байланған. Қазақ салтындағы құда түсу, адамдармен жақсы мәміледе болу, «көрші ақысы, тәңір ақысы» деп, белгілі меже қоюы да, Алла Тағаланың мына аятына негізделсе керек.
«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты». ("Мәида" сүресі, № 2 аят).
Ардақ АБДИРАМАНОВ,
Қажымұқан Мұңайтпасов мешітінің Бас имамы,
Жұлдыз ықшам ауданы, Атырау қаласы.