Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ағайыны татудың Отаны берік

Әр адам ағайыннан не аламын деп емес, ағайынға не берсем деп ойлауы керек. Мәселен, қарайласу, ағайын арасын жарастыру. 

Немесе мінезі жаман болса түзетуге атсалыс, кедей болса барыңды бөліп бер. 

Әбу һурайра (р.а) айтады: Пайғамбарға (с.ғ.с) біреу келіп: "Уа, Расулулла! Менің туыстарым бар. Мен олармен қатынас жасауға әрекет етсем, олар оны қаламайды. Мен оларға жақсылық істесем, олар жамандық істейді. Мен кішіпейілдік етсем, олар дөрекілік жасайдыә,- деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) былай деп жауап берді: "Сен айтқаныңдай істеген болсаң, сенің істегенің оларға ыстық су шашқаныңмен тең. Ниетіңнен қайтпасаң, Алла Тағаланың жәрдемінен құр қалмассың".  

Демек, әр мұсылман баласы ағайындардың жағдайын сұрап тұруды әдетіне айналдыруы керек. Мүмкін бір інің аш шығар, бір қарындасыңның аяқ-киімі жыртық шығар, мүмкін бір ағаң қарызын төлей алмай жүрген шығар. Оның бәрін ойлап жүру ағайынның міндеті. Иа саған ашпыз, қиналып журміз деп айтпауы мүмкін. Бірақ, бір-біріне жәрдем беру - мұсылмандықтың парызы. Ағайынгершілік дегеніміз де осы. 

Ағайынды ойлаған адам ауылды ойлайды, ауылды ойлаған адам бүкіл елді ойлайды. Ұлт жанашыры болады. Ағайынды ойламаған адам, қоғамда тұлға болып қалыптаса алмайды. Тату болайық ағайын.

 Қайрат ХАЙРУЛЛИН, Мәулімберген мешітінің  наиб имамы. 

Тасқала ауылы. 

 

Жоғарыға