Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Уәдеде тұру – иманнан

 

Уәде - халқымыздағы сенімнің ең жоғарғы көрінісі. Ант ішу – жаудан өш алу, ел аралық уәде, келісім, адалдықтан айнымау сияқты маңызды жағдайларда ғана айтылады. «Уа айтылған ант, серттескен, уәде, алысқан қолқайда?!» деп айтылғанда еш адам анттан аттап кете алмаған. Ел ішінде ант бұзған адамды «ант ұрған» деп жек көреді. Ант – адалдық сөзі. Бірақ «адал болсаң да ант ішпе» деп уәдеде тұрудың айрықша маңызын есте ұстаған.

Бұрыннан Құран ілімімен сусындаған даналарымыз қасиетті кітаптағы аяттардың мағынасына жете назар аударып отырған. Мысалы, Ислам дінінде де уәде туралы тағылымды, ғибратты сөздер жиі кездеседі. Тіпті уәдеге берік болу адамның иманымен өлшенетіні туралы қасиетті Құранның аяттарында да айшықтап жазылған.

Алла Тағала Құран Кәрімнің Рағыд сүресі, 20-аятында : «Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» деп, уәде беріп, сөздерінде тұрғандарды мадақтайды. Уәдеге берік болғандар нағыз мүміндер екендігін меңзейді. Ал сертінде тұрмаған адам көне әңгімелерде екіжүзді, мұнафиқ ретінде сипатталады.

Бабаларымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынғаны» деп уәдеге берік болу нағыз ер азаматқа лайық іс деп санаған. Осындай аталы сөздер арқылы ұрпақ тәрбиесін қолға алып отырған. Қашаннан да сөзге тоқтаған аталарымыз уәде туралы айтылған сөздерді бойтұмарындай сақтаған. Адам аузынан шыққан сөзге өзі жауапты екендігінің көрінісін қазақ атамыз «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген мақал арқылы қадап айтып кеткен.

Сертте тұрмаушылық қазіргі қоғамда да жиі байқалатын құбылыстардың бірі. Бір-бірін алдап тақырға отырғызып кету өкінішке орай қазіргі кезде үйреншікті әдетке айналғандай. Мұндай адамдар түбі жақсылық көрмейтіні туралы Құран, хадисте анық айтылып қойылған.

Хадис шәріптердің бірінде Алла Расулы (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде төрт  түрлі  қасиет болатын болса, ол кісі екі жүзді, мұнафықтан, олар: аманатқа қиянатшы; сөйлеген сөзінде өтірік айтушы; уәдеге берік емес; куәліктен жалтарушы» деген. Міне жоғарыда айтылған мысалдардан байқағанымыздай, уәдеге адалдық – нағыз иманды жанның әрекеті болмақ. Уәдені орындау қоғам арасында тыныштық болуына, адамдардың бейбіт өмір сүруіне ықпал етіп тұратыны ақиқат. Берген уәдемізді орындау Алла алдында да, адам алдында да маңызды міндет.

Елдос ОТАШБАЕВ,  Доссор мұсылмандар мешітінің имамы.                                   

Жоғарыға