Исламдағы ата-ананың ақысы
Ислам діні мәмілеге аса мән берген. Мұсылман адам ислам шарттары негізінде өмір сүруі қажет. Яғни, исламды өмірінің әрбір бөлігінде қолдануы ләзім.
Мұндай деңгейге қол жеткізбеген жан, салих мұсылмандардың қатарына жатпайды. Екі дүние сардары Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Нашар мәміле жасаушы жәннатқа кіре алмайды» деген.
Біздің осы мәміле жасауда, жақсылық жасауға ең алғашқы орында лайықты кісілер ата-аналарымыз.
Алла Тағала ата-анаға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндетін балаға жүктеген. Сондықтан да, Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», деп бұйырады.
Алла кешiрмейтiн күнәлардың бiрi – ата-анаға қарсы шығу. Ата-анаға қорлық көрсеткендер соңғы демi шығарда кәлимаға тiлi келмей, кәпiр боп өлiп кетуi мүмкiн. Осыған байланысты, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмiрiнде ұшырасқан төмендегi оқиға ойға оралады.
Ақлама есiмдi сахаба болыпты. Жоқ-жiтiк жандарға үнемi қол ұшын берiп жүредi екен. Бес уақыт намазын қаза етпей оқитын болған. Бiр күнi қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) халiн сұрауға бiрер сахабасын жiбередi. Олар келгенде: «Кәлима тауһид пен калима шаһадатты айт», – дейдi. Сонда Алқаманың тiлi күрмелiп, ештеңе дей алмайды. Осы хабарды естiген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Алқаманың ата-анасы бар ма? – деп сұрайды.
– Иә, қарт анасы бар, – деп жауап бередi қасындағылар.
– Әй, Бiләл, маған Алқаманың анасын шақырып кел, – дейдi Алланың Елшiсi (с.ғ.с). Анасы келгенде: «Сiз Алқамаға ренжiп жүрсiз бе?» – деп сұрайды.
– Иә, мен оған қатты ренжулiмiн, – дейдi.
Сонда Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):
– Түсiнiктi. Анасын өкпелеткенi үшiн тiлi кәлимаға келмей жатыр екен. Имансыз қалпы өлiп кетпесiн. Отын жинап әкелiңдер. Алқаманы отқа жағамын, – дептi. Сонда байғұс анасы:
– О, Алланың Елшiсi! Сен ұлымды көз алдымда қалай отқа тастамақсың? Менiң жүрегiм бұған қалай шыдайды? – дейдi.
– О, Алқаманың анасы, Алла Тағаланың азабы, оның ақыреттегi жалындаған оты бұл дүниедегi оттан әлдеқайда күштi. О дүниеде балаңыздың жанғанын қаламасаңыз, разылығыңызды берiңiз. Разылығыңыз болмаса, балаңыздың оқыған намазы, берген садақасы тозақ отынан құтқара алмайды, – дегенде, дереу анасы қолын жайып:
– Иә, Алла, Өзiң және қасымдағылар куә болсын! Ұлым Алқамаға разымын, ақыретте одан ақымды сұрамаймын, – дептi. Осы оқиғадан кейiн Алқамаға барғандар оның тiлiнiң кәлимаға келiп, сөйлеп жатқанын көредi. Сол кезде әлгi сахабалар қуанып:
– Аллам, соңғы демiмiз бiтер кезде бiздiң де тiлiмiздi кәлимаға келтiрудi нәсiп ет, – деп жамырай дұға жасапты.
Нұрбек ИБАЙДУЛЛАЕВ,
Жылыой мұсылмандар мешітінің наиб имамы.