Имам Әбу Мансурәл-Матуриди және оның ғылым жолындағы ұстаздары
Имам Матуридидің толық аты-жөні Әбу Мансур Мухаммад ибн Мухаммад ибн Махмуд әл-Матуриди ас-Самарқанди әл-Ансари. Ол өзі туылған ауылы Матуридке телініп, «әл-Матуриди» деп аталған. Матурид – Өзбекстан мемлекетіндегі Самарқанд маңындағы қалашық.
Матуридидің өз аты − Мухаммад, лақап аты − Әбу Мансур. Өз есімімен қоса Шейх, Шейху-л ислам, Имаму-л Һуда (тура жол көсемі, һидаят көшбасшысы), Аләму-л һуда (тура жолға бағыттаушы, һидаят туы), Раису мәшаайхи Самарқанд (Самарқанд шейхтерінің басшысы), Имаму Әһли ас-сунна (Әһли сүннет имамы) және Имамуль-мутакаллимиин (Кәламшылар имамы) деген сияқты лақап аттармен де кеңінен танылған.
Сондай-ақ, кей дереккөздерінде оның аты көбіне «Әбу Мансур әл-Матуриди», «Әбу Мансур әс-Самарқанди», Әбу Мансур әл-Матуриди әс-Самарқанди, «аш-Шейх Әбу Мансур» және «аш-Шейх әл-Имам Әбу Мансур әл-Матуриди» деп те кездеседі.
Ғұламалардың арасындағы беделіне және ғылымдағы орнына қарамастан, имамның қай жылы дүниеге келгендігі туралы және тегі туралы нақты мәлімет жоқ. Бірақ, зерттеушілер оның ұстаздарының өмір сүрген уақытына қарай отырып, бірнеше болжам айтқан.
Кей зерттеушілер оның Әбу Ханифа қайтыс болғаннан кейін бір ғасырдан астам уақыт өткен соң туылған десе, кейбірі 235/850, 238/853 және 248/862 жылдары, кейбір тарихшылар алғашқы ұстаздарының бірі Нусайр ибн Яхияәл-Балхи 882 жылы дүниеден өткен. Ал, имам Матуриди одан шамамен 20 жасында білім алған болса, 863 жылы дүниеге келген деген болжам айтады. Егер де оның Мұхаммед ибн Муқатиль ар-Разиге шәкірт болған жылдарды ескерсек, Матуриди шамамен 238/853 жылдары туған болуы мүмкін деген болжам айтуға болады.
Мұның барлығы тарихшылар тарапынан жасалынған болжамдар ғана. Осы болжамдарды саралай келе имамның Аббасит халифаты әл-Мутауаккилдің (232-247) билік құрған тұсында дүниеге келгенін байқаймыз. Имам хижра жыл санағы бойынша үшінші ғасырда дүниеге келіп, 333-жылы Самарқанд қаласында дүние салған.
Ол қазіргі Өзбекстан мемлекетінің Самарқанд қаласындағы "Матурид" деген ауылында дүниеге келіп, сол жерде өскен. "Әл-Матуриди" лақап аты да осы туылған жеріне телінеді. Сондай-ақ, оның Самарқанд қаласының Чакардизе зиратына қойылғаны белгілі. Осы Чакардизе зираты тек ғұлама адамдар ғана жерленген мазар ретінде танылған.
Исламның сунниттік бағытындағы ең ірі екі кәләм мектебінің негізін қалаған қос ғалымның бірі Имам әл-Матуриди болса, енді бірі Имам әл-Әшғари. Аталмыш екі ғалымның атымен аталатын «матуридилік» және «әшғарилік» сенім мектебі. Бірақ, солай бола тұра Имам Әшғари туралы және оның сунниттік көзқарастары туралы мағлұматтар Имам Матуридиге қарағанда кеңінен таралған. Әрі «мәлики» мен «шафиғи» мәзхабын ұстанушылар тараған аймақта да Имам Әшғари туралы кең тараған. Ал, Имам Матуридиге келетін болсақ, оның көзқарастары мен мектебі «ханафи» мәзхабы таралған аймақтарда ғана кеңінен таралған.
Матуридитанушы ғалымдар бұл мәселенің неліктен бұлай болғандығын бірнеше себептерді атай отырып түсіндірген. Негізі мұның себебі, сол кездегі тарихи және географиялық жағдайлармен тікелей байланысты. Өйткені, әл-Матуриди Иракта емес немесе ислам әлемінің орталығында емес, Ойкуменаның ең шығысындағы Самарқандта өмір сүрген. Өзінің еңбектерін де сонда жазған. Батыс аймағындағыларды, әсіресе, бағдаттықтарды аса қызықтырмағандықтан, әл-Матуриди алғашында тек қана Самарқандта және туылған жері Мауараннаһрде танымал болған. Дегенмен, V/XI ғасырдың ортасында селжұқтардың солтүстік-шығыстан орталық аудандарға келуі жағдайды өзгертті. Олардың алға жылжуы арқылы Мауараннаһр теологиясы орталық аймақтарға таралған.
Бізге жеткен деректерге қарап, оның үлкен ғалым ретінде жетілуіне көптеген ғұламалардың септігі тигендігін байқаймыз. Әрі оның жастайынан ғылымға құштар, өте ынталы да, қабілетті шәкірт болғанын және өз заманындағы үлкен ғалымдардан тәлім алғанын көреміз. Ол негізгі білімін Самарқандтағы «Даруль-Жузжания» деп аталатын ханафилерге тиесілі білім ордасынан алған.
Имам Мұхаммед аш-Шайбани мен Әбу Юсуфтың шәкірттерінен ілім алған Матуриди ғұмырының соңына дейін діни тақырыптарда зерттеулер жасап өтті. Тәпсір, кәлам, фиқһ фиқһ әдістемелері салаларында маңызды еңбектер қалдырып, көптеген шәкірттер тәрбиелеген. Ханафи мәзһабын еңбектері мен шәкірттерінің дәнекерлігімен жайған. Осы тұрғыда, ол Ханафи мәзһабының имам Ағзамнан кейінгі екінші үлкен ғалымы деп танылған.
Имамның оқу-білім іздену жолында дәріс алған ғалымдар тізімін, негізінен Имам Ағзам Әбу Ханифаның көзқарастарын құптап, мәзһабын ұстанушылар құраған.
Олар: 1. Әбу Бәкр Ахмад ибн Исхақ ибн Салих әл-Жузжани әл-Бағдади (шамамен IX ғ. екінші жартысы)
Әбу Бәкр әл-Жузжани Жузжанда дүниеге келген. (Жузжан ‒ ортағасырда Мауараннахр аймағына кірген, қазіргі Ауғанстанның солтүстігінде орналасқан 9 Түркменстанмен шекаралас өңір. Бұл өңірден Мауараннахр ханафи мектебінің негізін қалаған белді ғалымдар шыққан.) Әбу Бәкір әл-Жүзжани имам Әбу Юсуф пен Мұхаммед әш-Шайбанидан тікелей дәріс алған Әбу Сулеймен әлЖүзжанидің шәкірті болған. Әбу Бәкір әл-Жүзжани «Китабул-Фарқ уәтТамизи», «Китабут-Таухид», «Тамиз», «Китабут-Тауба» сынды еңбектердің авторы. Ол самарқандтағы ханафи мектебінің дамуына мұрындық болған ғалым ретінде танылады.
2. Әбу Бәкір Мұхаммед ибн Муқатил ар-Рази (ө.248/862ж.) Әбу Ханифаның маңдайалды шәкірттері имам Мухаммад аш-Шайбани, Әбу Мути‘ әл-Хакам ибн ‛Абд Аллаһ әл-Бәлхи және Әбу Муқатил Хафс ибн Муслим ас-Самарқандиден сондай-ақ әйгілі хадисші Уәқи‛ ибн әл-Жәррахтан (қ.ж.812) тәлім алған ар-Рази Рейде қазылық атқарумен қатар, Әбу Ханифаның пікірлерін кеңінен насихаттаған. Сондай-ақ, Мұхаммед ибн Әли әл-Хаким ат-Тирмизи және Имам Бұхари сынды ғалымдарға дәріс берген. Оның «әлМудда‛а уә-л-мудда‛а ‛алейһ» атты еңбегі болған.
3. Әбу Наср Ахмад ибн әл-‛Аббас әл‛Ийади (қ.ж. шамамен 890)
Нәсәфидің еңбегінде оның шежіресі былай келтірілген: Әбу Наср Ахмад ибн әл-‛Аббас ибн әл-Хусеийн ибн Жәбәлә ибн Ғалиб ибн Жәбир ибн Нәуфәл ибн ‛Иад ибн Йахйа ибн Қайс ибн Са‛д ибн ‛Убадәт әл-Ансари. Осы шежіреге қарап, оның әйгілі ансарлық сахаба, мәдиналық Хазраж тайпасының көсемі Са‛д ибн ‛Убадәт әл-Ансаридің тікелей ұрпағы екенін көреміз. әл‛Ийади фиқһ ілімін Матуридимен бірге Әбу Бәкр әл-Жузжаниден оқыған. әл‛Ийади діни ілімдер арасынан кәләм іліміне өте жетік болған. Ол «Китәб ал-мусаннаф фи мәсәләт ас-сифат» атты Алланың атрибуттарына қатысты еңбек жазып, онда муғтазилиттер мен нәжжәриліктердің пікірлерін сынға алып, сунниттік сенімді жақтаған.
4. Нусаийр ибн Йахйа әл-Бәлхи (қ.ж.888)
Фиқһ ілімінің білгірі әрі тақуа ғалым болған Нусаийр ибн Йахйа әл-Бәлхи имам Мухаммад аш-Шайбани мен Әбу Юусуф әл-Ансаридің шәкірті Әбу Сулейман әл-Жузжаниден тәлім алған. Сондай-ақ ол Әбу Мути‛ әл-Хакам ибн ‛Абд Аллаһ әл-Бәлхи және Әбу Муқатил Хафс ибн Муслим ас-Самарқандиден де тәлім алған болуы мүмкін. Өйткені, дереккөздерден оның Әбу Ханифаның «әл-Фиқһ әл-әбсат» атты еңбегін Әбу Мути‛ әл-Бәлхиден риуаят еткені белгілі. Сонымен қатар ол әйгілі хадисші Ахмад ибн Ханбалмен де кездескен. Сондайақ ол Имам Ағзамға тиесілі «Рисәлә илә ‛Усман әл-Бәтти» атты еңбекті Мухаммад ибн Сәмә‛ әт-Тәмимиден алып, Бәлхке жеткізген алғашқы ғалым. Аталмыш мәліметтерге қарап оны Әбу Ханифаның ілімі мен ғылыми тұжырымдарын Бәлхке жеткізген әрі сонда жайған ғалым ретінде қабылдауға болады. Матуриди одан Әбу Ханифаның еңбектерін риуаят еткен.
Имам Матуриди осы секілді Ислам ғұламаларынан дәріс алған еді.Сондай-ақ Имам Матуридидің ұстаздарының силсиләсі имам Ағзам Абу Ханифаға барып тіреледі.
1. Әбу Ханифа (150/767)
2. Әл-Имам Әбу Абдуллаһ Мұхаммед әл-Хасан аш-Шайбани (189/804)
3. Әбу Сүлеймен Мұса әл-Жүзжани
4. әл-Фақиһ әл-Имам Әби Абдуллаһ ибн Әби Бәкір әл-Жүзжани (285/898)
5. Әш-Шейх әл-Фақиһ Әбу Бәкір Ахмед ибн Исхақ әл-Жүзжани (III/IX ғасырдың екінші жарты жылдығы)
6.Әбу Насыр Ахмед ибн әл-Аббас әл-Ийади (260/874)
7.Әбу Мансур әл-Матуриди.
Әһли сүннеттің ақидаға байланысты саласында алғашқы еңбек пен зерттеуді қолға алғандардың ішіндегі көрнекті өкілдердің бірі - Имам Ағзам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сабит. Имам Ағзам Әбу Ханифа фиқһта Ханафи мәзхабының негізін салушысы ретінде ақидаға байланысты көптеген құнды пікірлер айтып кеткені белгілі. Имам Ағзам 699 жылы Куфа қаласында дүниеге келеді. Ұстазы Хаммад ибн Әби Сүлеймен (өл.120/737) Куфа мешітінде ұзақ жылдар бойы дәріс берген кісі. Әбу Ханифа алғашқы ақидалық дәрістерін сол кісіден алып, ұстазы дүниеден өткеннен кейін ел арасында ғалымы, әрі фақиһы еді. Имам Ағзам «Әһли Бәйтті» (Пайғамбар әулетін) жанындай жақсы көріп, оларға үлкен құрмет көрсеткендіктен, Умея мен Аббасид билеушілеріне деген ықыласты ниетін толықтай көрсете алмайды. Әбу Ханифаның екі әулеттің халифалық кезеңін басынан өткерген жылдарында, Умея мен Аббасид әміршілері оған қазылық қызметті ұсынып, ғұлама ол ұсынысты қабыл алмайды. Сөйтіп, Аббасид халифасы Әбу Жағфар әл-Мансур (754-775) ұсынысын қайтарып, сағын сындырғаны үшін Әбу Ханифаны түрмеге қаматады. Бағдаттағы түрмеде 15 күндей қамауда болған ислам ғұламасы 767 жылы 70 жасында дүниеден озады.
Матуридилік мектеп имам Ағзам Әбу Ханифаның (70/80150 х.ж.) іліміне негізделген ханафиттік доктрина негізінде қалыптасты. Әбу Ханифа хижри I-ші ғасырдың екінші жартысы мен II-ші ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүргендіктен табиғин және табиғиндерден кейінгі буын (атба῾ ат-таби῾ийн) ғалымдар қатарына жатады. Әбу Ханифа әйгілі сахаба ‛Абд Аллаһ ибн Мас‛уд негізін қалаған Куфа мектебінің маңдайалды өкілдерінің бірі болып, фиқһта «әһл ар-рай» мектебінің көсеміне айналса, сенімде сунниттік матуриди мектебінің рухани көсеміне айналды.
Салтанат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Жылыой мұсылмандар мешітінің ұстазы.