Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Садақа – тозақ отынан құтқарады

    Садақа беру – ағайын мен көрші-қолаң арасында сүйіспеншілік пен береке-бірлік орнататын сауапты іс.

Садақа беру – жамандық пен қайғы-қасіреттен және тозақ отынан құтылуға себеп болады, байлығына байлық қосатын, Алла Тағаланың адамдарға міндеттеп бұйырған ізгі амалдардың бірі. Сансыз сауапты амалды тек өзіміз үшін ғана емес, ана-анамыз бен ұрпағымыз, туыстарымыз үшін қабір азабынан қорғану мақсатында жасаймыз.

    Садақаны тек мұқтаж жандарға берілетін ақша деп түсінуге де болмайды. Әрбір қайырымды іс пен жақсы сөз де садақа. Кім өзгелерді жақсы көрсе, сол адамды Алла тағала да сүйеді. Садақа – ол жомарттық, ал, жомарттық – Алланың ең ұлы қасиеті. Сондықтан садақа беру жетпіс түрлі пәледен құтқарады. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Бізге садақа беруге асығуымызды бұйырды, себебі, садақаны бақытсыздық аттап өте алмайды», - дейді.

     Әр күн сайын Алланың періштелері арасынан екеуі жерге түсіп: «О, Құдайым, жомарттың шығынын толтыра көр», - десе, екіншісі: «О, Құдайым, сараңды шығынға ұшырата көр» - деп дұға жасайды екен. Садақа беру байлықты кемітпейді, керісінше молайта түседі. Анда-санда қайыршы, мұқтаж адамдарға жолығу – алланың бізге жіберген сыйы һәм сынағы. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Бізден қайыр, көмек тілеуші міскін адамдар жын емес, ол Алла тағаланың адамдарға берген игілік байлығын қалай пайдалануға келген періштелер болуы мүмкін», - дейді. Осы туралы сахих хадистерде былай айтылады: Алла тағала періштелерінің бірін діндар ер адам бейнесінде, екі көзінен айырылып зағип болған, таздықтан иістеніп әурелеген және алапес ауруынан қиналған үш адамға жіберді. Олар Жаратушы Иемізге ауруларынан айықтыру үшін мал, дәулет беруін өтініпті. Дұғалары қабыл болған үшеуі ауруларынан айығып бай болады. Арада біраз уақыт өткеннен кейін баяғы періште ішерге асы, киерге киімі жоқ, таз, алапес, зағип болып, қайыр сұрайды. Ал олар бейшара қайыршыға жиіркенішпен қарап, садақа бермейді. Субхана Алла тағала ниетіне қарай бұрынғы аурулары мен бейшаралықтарын өздеріне қайтарады.

      Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Қайырымдылық істерді және оны жасаушыларды сүйіңдер, Алланың атымен ант етемін, ақиқатында ізгілік пен молшылық соларда», - деген екен.

       Садақа – тозақ отынан құтқарады. Алла тағала қайыршы мен міскін жетімдерге қол ұшын берген құлына қуана қарайды. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде малдарың, балаларың сынақ. Үлкен сыйлық Алланың қасындағы. Сондықтан шамаларың келгенше Алладан қорқыңдар. (Әмірлерін) тыңдаңдар, бой ұсыныңдар. Сондай-ақ тиісті орындарға мал жұмсаңдар; сендер үшін қайырлы болсын. Кім нәпсісінің сараңдығынан сақтанса, міне олар, құтылушылар», - делінеді «Тәғабун» сүресінің 15-16 аяттарында. «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла тағала оны толық біледі», - дейді («Әли Ғымран» сүресі, 92-аят).

      Барлық байлық – Жаратушы Иеміз Алла тағаланікі. Алла байлық берген пенделерінен көмек сұрап, жәрдем тілегендерді жақтырмаушыға өзінің оған дайындаған ризығын тоқтатады. Сауапты амалдарды орындап, садақа беріп, қайырымдылық жасауға асығайық.

 

Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,

Хан Ордалы Сарайшық селолық

мұсылмандар мешітінің имамы

Махамбет ауданы.

Жоғарыға