Зекет - исламның бес парызының бірі
Зекет – сөздікте тазалық, тазалану деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасына келсек, Діннің белгілі бір дүниенің белгілі бір бөлігін кедейлерге берілуін міндетті қылған амал. Зекетті беру – парыз. Парыздығы Құран, Сүннет (хадис) және Ижма`пен (ғалымдардың келісімі) дәлелденген.
Құраннан дәлел: Зекет жайында көптеген аяттар бар. Ол аяттардың бірі:
وَاَق۪يمُوا الصَّلٰوةَ وَاٰتُوا الزَّكٰوةَۜ
Бақара сүресі 110-аятта: «Намазды тұрғызыңдар және Зекетті беріңдер»- деп Алла әмір етеді. Ал Хадиске келсек:
عَنِ ابْنِ عُمَرَ رضي الله عنه قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم "بُنِيَ الإِسْلَامُ عَلَى خَمْسٍ: شَهَادَةِ أَنْ لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ، وَإِقَامِ الصَّلَاةِ، وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ، وَالحَجِّ، وَصَوْمِ رَمَضَانَ"
Абдуллаһ ибн Омар (р.а) жеткізген хадисте: Пайғамбарымыз (с.а.с) былай дейді:
«Ислам бес негізден құрылған: Алладан басқа тәңір жоқтығына және Мұхаммед (с.а.с) оның елшісі екеніне куәлік ету, Намаз оқу, Зекет беру, Қажылыққа бару және Рамазан айының оразасын ұстау».
Ижма'қа келсек: бүкіл мүжтаһид ғалымдар бір ауыздан зекеттің парыз екендігін айтып өткен.
Исламның бес негізінің бірі болған Зекет, һижреттің екінші жылында оразадан бұрын парыз етілген.
Зекеттің пайдалары
Зекет, негізінде дүние-мүліктік ғибадат болумен қатар бірнеше материалдық және моральдық пайдаларды өз ішіне қамтиды. Зекеттің пайдаларын рет-ретімен жазып шығуға әбден болады:
1. Зекет – адамды сараңдықтан сақтайды, оны жомарттықа, мәрттікке тәрбиелейді.
2. Зекет – адамның дүние-мүлікке деген құштарлығын жояды.
3. Зекет – байдың кедейге деген мейірім мен жұмсақтығының ашылуын жандандырады.
4. Зекет – байдың көпшілік арасындағы мәртебесін биіктетеді.
5. Зекет – жүректің қатаюынан сақтайды.
6. Зекет – байды жақсылық жасауға шақырады.
7. Зекет – Алланың нығметтеріне қарсы адамның шүкір етуін үйретеді.
8. Зекет – жоқ-жітікті мұқтаждықтан құтқарады.
9. Зекет – кедейге адамдардың арасында абырой береді.
10. Зекет – еңбекке қауқарсыз жандарға адам қатарлы өмір сүруге септігін тигізеді.
11. Зекет – бай менен кедейдің ортасындағы байланысты орнатады.
12. Зекет – адамды ішкі (рухани) ластықтан тазартады.
13. Зекет – мал-дүниені әртүрлі бәле-жаладан, апаттардан, қауіп-қатерден қорғайды.
14. Зекет – мал-дүниеге берекет беріп, көбеюіне жол ашады.
15. Зекет – мал-дүниенің бір жерде (айналымсыз) тұрып қалудан сақтайды.
16. Қысқаша айтқанда, Зекет – біздің сақтандыру полисіміз..
Айдын СЕРІКБАЕВ,
Атырау қаласы «Құспан молла» мешітінің
наиб имамы.