Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

«Шынайы мұсылман дінге қалай үлес қосу керек?

Пайғамбарымыз Мұхаммед ( оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үмметімнің ширкке (Аллаға серік қосу) кіруінен емес, дүниеге берілуінен қорқамын» деген қорқынышында қазіргі үммет ахуалының мәні терең түсіндірілгендей. Қасиетті Құранда былай дейді: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі» («Тәубе» сүресі, 18-аят).

  Қазіргі таңда біз Ислам дініне қандай үлес қосып жатырмыз? Қарапайым халықта және жамағат арасында дінге үлес қосу – тек имамның немесе найб имамның,болмаса сол мешіттің қызметкері ғана үлес қосу керек деген пікір бар. Ислам діні бүкіл адамзатқа түскен ақырғы дін , олай болса бәрімізге де үлес қосу парыз. Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған.  Біздің ата-бабамыз осы ислам дініне ұрпағы үшін қанша үлес қосты, қаншама медрессе, мешіт салдырды. Өзіміздің Сарыайшықта жеті ханның отырған жерінде 23 мешіт болған. Ал біздер ше?  Мешітке келіп білім алыңыз, дінге үлес қосыңыз, делінсе, уахабби немесе молда болып кетем деген керіағар ұғыммен түсінеді. Оңтүстік өңірді алып қарасақ қарапайым қазақ мекендеген орта, мешіт пен медресселерге бай... ал біздің Атырау «мұнайлы Астана» деген атымызға лайықпыз ба, Алланың берген осынша байлығын, ұрпақ болашағы үшін харам жолға ысырап етпей, бәлкім келешек кемелі - ислам жолында медресселер мен мешіттердің салынуына жұмсаса, қазіргідей 5-6 мешітпен шектелмес пе едік? Керісінше садақаларымызды той тәрізді өткізіп, тойларымыз  ысырапшылдықтың нағыз көзіне айналды. Мешіт ұстау – рухани әрі материалдық жағынан мешітті қамтамасыз ету деген сөз. Мешіттің рухани жағына, біріншіден, мешітте бес уақыт намаздың өз уақытында оқылуы жатады. Сосын, сауат ашу жұмысы, қасиетті Құран оқылуы, дұға мен мінәжаттар жасалуы, діни уағыздар айтылуы сияқты тағы да басқа діни рәсімдер кіреді.
Материалдық жағы, біріншіден, мешіт салу. Салынған мешіттің жылу, жарығын көтеру, керекті заттармен оны қамтамасыз ету, садақа жасап, қолдау көрсету, мешітті таза ұстау сияқты амалдардан тұрады.
Демек, мешіт ұстау – мешітке қызмет ету, мешітті көркейту деген сөз. Ал, ондай адамның жоғарыдағы аятта айтылғанындай мынадай төрт сипаты болуға тиіс: 1. Аллаға және о дүниеге сенуі. 2. Бес уақыт намазын оқуы. 3. Жылына байлығынан парыз зекетін беріп отыруы. 4. Алладан ғана қорқуы. Міне, сонда әлгі мешітті ұстаған адам оның толық сауабына кенелмек.
Мешітті көркейту абыройлы іс. Әр үйдің немесе әр ғимараттың абыройы оның иесінің абыройына байланысты. Жер бетіндегі мешіттердің иесі Алла тағала. Сондықтан, «Алланың үйлері» деп аталады. Олай болса, мұсылман үшін мешіттен мәртебелі мекен жоқ шығар.

Ахиретте сұраусыз ешкім де, ешнәрсе де қалмайтынын естен шығармайық ағайын! 

 «Қ. Мұңайтпасов» мешітінің

 

найб имамы Р.Сұлтаналы

Жоғарыға