Аллаға иман
Бүкіл әлемдердің Жаратушысы, барлық нәрсені жоқтан бар еткен, барлық нәрсені жаратуға құдіреті жететін бір Аллаға сену – балиғатқа жеткен әрбір ақыл есі дұрыс пендеге парыз. Бізді қоршаған әлем, аспан мен жердегі қаншама теңдесі жоқ жаратылыстың баршасы Ұлы Жаратушымыз Алланың бар екендігіне толықтай айғақ бола алады. Бұл жөнінде Қасиетті Құран Кәрімде: «Жер мен көктің жаратылуында және күн мен түннің алма-кезек өзара алмасуында ақыл иелері үшін (Алланың бірлігін, барлығын білдіретін) айқын дәлелдер бар»[1],– деп нақты баян етілген. Және бір аятта Алла Тағала: «Жер мен көктің жаратушысы Алланың бар екендігіне күмәнданасыңдар ма?»[2] – деп бұлтартпас айғақпен ұғындырады.
Алайда, бір айта кетер жайт, аспан мен жердің арасындағы тіршілікті жоқтан бар еткен, бүкіл әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланы толық мән‑мағынасында қамтып түсінуге адамның ақыл‑санасы жетпейді. Себебі, адамның болмысы шектеулі. Ал енді Алланың бар екені жайында Ғалымдарымыздың пікірі бойынша, пайғамбар келмесе де адамдар Алланың бар және бір екендігін ақылдарымен табуы – уәжіп. Себебі, адамның қабілеті мен ақылы бұған жететіндей деңгейде жаратылған. Олай болса, шектеулі тіршілік иесі адамның шексіз құдірет Иесі Алла Тағаланы толық көріп, біліп тани алмайтыны анық. Алла Тағаланың өзін толық танып, білу былай тұрсын, Алланың жаратқан тіршіліктегі заттар мен құбылыстардың да қыр‑сырына үңілуде ақыл шарасыздық танытып жатады. Бізге Алланы толық білуді емес, Оның барлығы мен құдіретіне сеніп, құлшылық ету бұйырылған. Әрине, мәселенің бұлай болуы да бекерден-бекер емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадис шәрифте: «Сендер Алланың нығметтерін (жаратқандарын, құдіретін, ұлылығын) ойлаңыздар. Бірақ, Алланың заты жайында ойланбаңыздар»,[3]–дейді. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз шайтан адамға ананы кім жаратты, мынаны кім жаратты деген сұрақты сұрататындығын айта келіп, мұндай жағдайға түскен кісіге сол сәтте «Кәлимә-и шахадатты» айтуы керек екенін ескерткен. Алла Тағаланың бар және бір екендігінің ең басты дәлелі қасиетті Құран Кәрім болып саналады. Құранда Алланың жалғыз екендігі, Өзінен басқа тәңірі жоқ екендігі мен құлшылық иесі екендігі, әуелі мен ақыры жоқ екендігі және бар болу үшін еш нәрсеге мұқтаж емес екендігі көптеген аяттарда кездеседі. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала өзінің шынайы тәңірі екендігін былай деп келтіреді: «Рас мен Алламын, Менен басқа тәңірі жоқ. Сондықтан маған құлшылық қыл. Сондай-ақ, Мені еске алу үшін намазды толық орында»[4].
«Ол сондай Алла көктерді тірексіз көтерді, көріп тұрсыңдар. Содан соң ғаршыны меңгеріп күн мен айды іске қосты. Олардың әрқайсысы белгілі бір мерзім үшін жүреді. Бүкіл істерді Өзі жолға қойып, аяттарды ашық баян етеді. Әрине, Раббыларыңа кездесетіндеріңе нанарсыңдар»[5].
«Көктер мен жердің жаратылуы және ондағы жәндіктердің таралуы Оның белгілерінен. Ол оларды қашан қаласа да жинауға күші толық жетеді»[6].
Міне, Құранда осыған ұқсас аяттар жеткілікті. Мұның бәрі Алла Тағаланың бар екендігіне айқын дәлел болып табылады. Дегенмен, кейбір адамдар Алланың жалғыз екендігіне күмәнданып, санасында бірнеше құдайға деген сенім қалыптастырады. Бірақ, сенімнің бұл түрі күпірлік болып саналады. Құранда Алланың серігі жоқ жалғыз екендігі «Ықылас» сүресінде анық баяндалады: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) Оларға айт: Ол Алла біреу-ақ. Алла ешнәрсеге мұқтаж емес. Ол тумады және туылмады. Әрі оған ешкім тең емес». Ең алдымен иманға байланысты үш түрлі нәрсені ерекше атап өткен жөн. Бірінші – Алланың барына иман келтіру, одан кейін Алланың бірлігіне күмәнсіз иман келтіру. Ал, үшінші – Оның кітабында және Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Сүннетінде келген есім-сипаттарына иман келтіру болып табылады. Ендігі айтатын маңызды бір нәрсе, бұл- Аллаһтың барлығына иман келтіру мәселесі адам баласының әлі де Жаннатқа кіретіндігіне толық дәлел бола алмайды. Өйткені мұсылман кісі Аллаһтың бірлігіне де толық иман келтіру керек. Егер кімде кім адам баласы Құдайды бар деумен ғана Жаннаттық болады десе, соңғы түскен Кітабымыздың қағидаларына қайшы келіп қалғандардан болады. Себебі, Құранда Ібілістің (шайтан), болмаса перғауынның (Мысыр патшасы), пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде өмір сүрген Әбу Лаһаб сияқты кәпір қауымдардың Алланың бар екендігіне иман келтіргендіктері турасында баян етіледі. Тіпті Кітабымызда Ібілістің: «Расында әлемдердің Раббысы Алладан қорқамын» (Хашр сүресі, 16-аят), – деген сөзі келтірілген. Тозаққа лайықты болған шайтан ешқашан Құдайды жоқ демеген. Оның Жаратушы, Басқарушы екенін өте жақсы білген. Не себепті Жаннатқа кіре алмайды екен деген сауалға берілетін жауап – олар (жоғарыда аталғандар) Раббыларының айтқандарынан бас тартқандары үшін. Бұйрықтары мен талаптарына мойынсұнбағандары үшін азапқа лайықты болды. Яки, иманмен қатар амал толыққан кезде ғана иман дұрыс дәрежеге көтерілген боп есептеледі. Қазіргі адамдардың ішінде Құдай тағаланы бар деумен ғана жүрегі һәм көңілін тазартып алған «ақжүректер» көп-ақ. Енді Алланы бар деп мойындай отырып ғибадаттардан бас тартуымыздың өзі ахиретіміздің ауыр болатындығының тағы бір дәлелі. Осы ретте айта кеткен жөн, мұсылман сөзі Аллаға мойынсұну дегенді білдіреді. Иман келтірген пенде амалмен оны қуаттай түсуі керек. Құранда бірнеше жерде аяттар келеді. Жаннатқа кіргендерге айтылады екен: “Істеген амалдарыңа сай жеңдер, ішіңдер, сіңімді болсын” (Мурсәләт, 43-аят) Бұл аятта ақыл иелері үшін көптеген пайдалар бар…
Сөзімізді қорыта айтқанда иман дегеніміз- Оның разылығын іздей отырып бұйрықтарын атқару, құлшылықты Оған ғана арнау, басқаға сиынып кетпей, көркем есімдері мен сипаттарын біліп жүру. Аллаһ тағала барлығымызды тура жолға бастасын, алдымыздан жарылқасын. Әмин!
Мейрамбек Қожахметов
"Исатай-Махамбет" мешітінің бас имамы