Бауырмалдылық
Қазақты басқа халықпен ерекшелеп тұратын игі қасиеті – бауырмалдылығы. Жеті атаға дейін бір - бірін туыс көретін халқымыз жақынға да, жатқа да жанашырлық танытады. Жетім-жесір, кедей–кепшікке, жолаушыға көмек қолын созады. Қиын жағдайда қалған жандарға жәрдем етуді адамдық борыш деп санайды. Осындай мол пейіліне қарай Жаратқан Ие де қазақ жұртын жарылқауынан кенде етпеген. Оның бір дәлелі мынадай мақал-мәтелдері десе болады. «Жатырқау жаттың ісі, жақындау Хақтың ісі», «Жақсы адамда жаттық жоқ, жақсы жарда қарттық жоқ», «Жақсы адам жатырқамайды». Халқымызда қалыптасқан бауырмалдық, жанашырлықтың негізі қасиетті аяттар мен хадистерде жатыр десек қателеспейміз.
Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «...Ей, Алланың құлдары! Туысқан болыңдар»,-деп мұсылмандар арасында бауырластықты кең таратуды бұйырған. Бұл өзара өшпенділіктен бір-біріңе күншілдік етуден, бағаны өсіруден, араларыңдағы қатынасты үзуден және бір-біріңнің саудаларыңды бұзудан бас тартып, өздеріңді бір-біріңе туысқан бауыр ететін істі істеңдер, араларыңдағы туысқандық қатынасты сақтаңдар, бір-бірлеріңе сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен, қамқорлықпен, есіркеу-аяумен қатынас жасаңдар да, бір-біріңе шын жүректен жәрдем беріңдер деген сөз. Сондай-ақ өздеріңнің Алланың құлдары екендеріңді ұмытпаңдар, ал құлдардың ерекшеліктерінің бірі өздерінің Қожайынының бұйрығына бағынуы.Сендер Алла тағаланың дінін қуаттап-қорғауда, Ол орнатқан рәсімдерді орындауда біріне-бірі көмектесетін туыс бауырлардай болыңдар деген. Ал бұл айтылғандарды жүректердің бірлігі мен берік ынтымақсыз орындау мүмкін емес. Алла тағала: «Ол сондай (Алла) сені Өз жәрдемі және мүминдер арқылы қолдады. Және олардың жүректерінің арасын жарастырды»,-деді (Әнфал, 62-63). Бауырмалдық қарым-қатынасты орнату үшін әрбір мұсылман басқаға тиісті дәрежеде құрмет көрсетуі керек. Мысалы, сәлем беру, түшкірген кезде жақсылық тілеу, ауырған кезінде көңілін сұрау, шақырса бару, адал кеңес беру және соңғы сапарға шығарып салу. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Әбу Хурайрадан (оған Алла разы болсын) жеткен риуаятта былай дейді: «Мұсылманның мұсылмандағы құқы бесеу: сәлеміне сәлем қайтару, ауырса хәлін сұрап бару, қайтыс болса жаназасына қатысу, қонаққа шақырса бару, және түшкірсе «Алла рахым етсін» деп айту. Сый-сияпат жасау, қол алысып амандасу бауырмалдық қарым-қатынасты өзара жақсы көру мен ұнатуға ұластырады. Пайғамбар(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біріңе-бірің тарту жасаңдар, біріңді-бірің жақсы көретін боласыңдар» (Әл-Байһақи); «Қол алысып амандасыңдар, өйткені ол жек көрушілікті жояды және бір-біріңе тарту жасаңдар», -деген (Ибн Ражаб). Хасан Басри: «Қол алысып амандасу өзара сүйіспеншілікті арттырады»,-деп айтқан. Мұсылманға исламдағы бауырларымен өзара татулық пен жүректердің бірлігіне жеткізетін қарым-қатынасты үзбеу бұйырылған. Алла тағала: «Шын мәнінде мүминдер туыс қой. Сондықтан екі туыстарыңның арасын жарастырыңдар»,-деген (Хужурат,10). Дінімізде өзара жек көрушілік пен жүректердің келіспеушілігіне себеп болатынның бәріне тыйым салады. Мұндай халге көпшілік жағдайда төрт нәрсе себепші болады: қысым көрсету, көмектеспеу, өтірік пен сенімсіздік және жек көру. Оның үстіне мұсылман өзіне қалағанды Исламдағы бауырына да лайық көргенше Ислам дінін өз дәрежесінде ұстана да, кәміл иман дәрежесіне жете де алмайды. Сондықтан ол бауырына реніш келтіретін істерден аулақ болып, оны басқалардың зорлық-зомбылығынан қорғау керек. Қоғамда бауырластықты нығайта түсетін сиқырлы бір күш бар, ол бір-біріне жәрдем беру. Жалпы, «жәрдем» деген кезде адам баласының ойына ең бірінші әлсіздер мен жәбірленушілерге көмек қолын созу келеді. Алайда, адамзатқа әмбебап дәстүрлерді ұсынған Алла Расулы (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ешкімді жәрдемнің аясынан тыс қалдырмай: «Бауырыңа ол жауыз болса да, жәбірленуші болса да жәрдем ет», - деген. Мұны естіген сахаба таң қалып: «Жәбірленушіге жәрдем етермін, ал жауызға қалай жәрдем етемін?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз(оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Оған жауыздық іс-әрекетін тыюға көмектесуің - оған сенің жәрдемің болады» , -деп айтқан. Осы хадисті адамгершілік қағидасына айналдырған халқымыз ой тиегін:
Хал-қадір сөз тыңдатар досы болса,
Араздық екі мүмин ісі болса,
Қайтарып ізгі жолға салған дұрыс,
Қалып кеткен жауыздықты кісі болса, - деп ағытады.
Марат Әби Әділұлы.
«Қ.Мұңайтпасов» мешітінің найб имамы