Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Рамазан – айлардың сұлтаны һәм сауабы мол ай!

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Әуелі, барша мұсылман қауымы асыға күтетін Рамазан айы баршамызға құтты болсын!

Айлардың сұлтаны болған Рамазан айы – Алла Тағаланың мұсылмандарға берген сыйы әрі нығметі. Бұл айда күнәларымыздан арылып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартып, Алланың разылығын алуға мол мүмкіндіктер бар. Құран Кәрімде айтылған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген қайырлы амалдың сауабын санау мүмкін емес.

 

Бұл жөнінде Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтер. Және сондай оразаға дәрмені жетпейтіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер, сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар).

Мүбәрак рамазанның құндылықтары мен қадір-қасиетін жақсы түсінген ізгі жандар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раббымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!» – деп дұға жасап, Жаратушымызға жалбарынады екен. Өйткені, адамның осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшылықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары Алланың мейіріміне бөлеп, разылығын алуға жақындата түспек.

Ораза – Алла Тағала мен пенде арасындағы риясыз құлшылық, тек Раббымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Хадис-құдсида Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен (әтірден) де артық», – дейді. Иман жолы сабырлық пен тақуалықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалық пен сабырлыққа жетелейді. Құранда Алла Тағала: «Уа, иман келтіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – деп бұйырған. Аталған аяттың мұраты да мұсылманды рухани кемелдендіріп, тақуалық дәрежеге жеткізу. Ал, тақуалық нәпсіні тәрбиелеумен жүзеге асады. Нәпсі дегенің – бойдағы алып ұшқан құмарлық сезім. Адам сол бойындағы құмарлық сезімін тізгіндеу арқылы айналасына мейірімді, кешірімшіл бола бастайды.

Аяттан түсінгеніміздей Аллаға сеніп, бойұсынған әрбір мұсылман ораза тұтуы міндет. Яғни, ертең қиямет күні бұл парыздың да өзіндік сұрауы бар. Осындай сұрақтарға қазірден дайындалған абзал. Өйткені, ораза жан-дүниені тәрбиелеп, сауаптарға кенелтеді. Сондықтан, оразалы адам ең алдымен жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», – деп айтқан. Рамазан айын бекер өткізіп алмай, ізгі амалдарға ұластырған қандай жақсы?! Әсіресе, аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, Құран оқумен, тәспі санап Алланы ұлықтаумен, салауат айтумен өткізгені жөн.

Оразаны кейбір адамдар денсаулықтың жақсаруы, жұмыстың алға басуы, мал-мүліктің көбеюі т.с.с. дүниелік мақсаттар үшін ұстайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Расында әр адамға өзінің ниет еткен нәрсесі тиесілі болады», – деген. Бұл хадистен түсінгеніміздей, әр адам өзінің ниет еткеніне қол жеткізеді. Кім денсаулығының жақсаруы үшін ораза ұстаса, оның денсаулығы жақсарады. Ал, кімде-кім жұмыстың алға басуына ниеттенсе, жұмысы жақсарады. Бірақ басқа жақсылықтардан құр қалады. Ал, кімде-кім сауаптарының көбейіп, Алланың ризалығын алуға ниет етіп ораза ұстаса, оның күнәлары кешіріліп, Алланың ризалығына қол жеткізеді. Бұл жөнінде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауабын бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», – деп айтқан. Сонымен қатар, ораза ұстаған пенде осы дүниенің жақсылықтарына да бөленеді.

Оразаның қасиеттері жөніндегі келесі хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Ораза тозақ отынан қорғайтын қалқан»; «Кім Алланың жолында бір күн ораза тұтса, Алла оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады»; «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда жасаған дұғасы кері  қайтарылмайды».

Биылғы ораза жаздың ыстық күндеріне тұспа-тұс келіп отыр. Әрине, күннің ыстығы немесе басқа да себептер ауыз бекітуге кедергі бола алмайды. Себебі, иманның бал дәмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ораза ұстаушының екі үлкен қуанышы бар: ауыз ашқанына қуанады және Раббысымен қауышқанда ораза ұстағанына қуанады», – деп айтқан.      

Дегенмен оразаның да өзіндік пайдасы мен ережелеріне тоқталып өтсек: Оразаның рухани пайдасы – тақуалық, сабырлылық, көркем мінез-құлық, уақытты жүйелеу болса, қоғамға пайдасы – адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйрету, теңдік пен әділдікті сүю, өзара мейірімділік, жаппай күнәдан тыйылуға жетелейді. Сондай-ақ, оразаның денсаулыққа мынадай пайдасы бар: асқазанды тазартады, дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады, бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді.

Оразаның шарттарына келсек, ниет ету, ішіп-жеуден тыйылу және жыныстық қатынастан (таң намазынан ақшам намазына дейін) тыйылу.

Оразаны мынадай нәрселер бұзады: 1.Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу, жыныстық қатынаста болу (ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды). 2.Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту. 3.Әдейі құсу, әрі ауыз толы құсықты жұту. Ал, ұмытып ішіп-жеу, қан алдыру, ауыз, мұрынды шаю, шомылу, төбеден су құйынып жуыну, бой дәретсіз таң аттыру, еріксіз құсу, көзге сүрме жағу, еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру, түкірік жұту, тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту – бұл нәрселер оразаны бұзбайды.

Иә, рамазан қадір-қасиетке толы ай. Тіпті, ораза ұстаушының жасаған дұғасы да қабыл. Көзді ашып-жұмғанша лезде өтіп кететін ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізуге тырысайық.

Жаратқан Алладан игі амалдарымыздың қабыл болуын сұрап, елімізге есендік, халқымызға береке-бірлік тілейік. 

Қасиетті рамазан айы тағы да баршаңызға мүбәрак болсын!

 

Мансұров Батыржан Берденұлы,

ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,

«Иманғали» орталық мешітінің Бас имамы

 

ЕСКЕРТУ:

·        Биыл 2016 жылы мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша қасиетті Рамазан айы 6-шы маусым күні басталады.

·        Шілденің 1-нен 2-не қараған түн «Ләйләтул-Қадр», яғни қасиетті Қадір түні.

·        Сәресі ішу таң намазының кіруіне 10 минут қалғанда тоқтатылады.

·        Ауызды ақшам намазының уақыты болысымен құрмамен немесе сумен және т.б. жеміспен де ашуға болады.

·        Тарауих намазы Құптан намазынан кейін оқылады, ал Үтір намазы ең соңынан (мешітте болса) жамағатпен оқылады.

·        Пітір садақаны Рамазан айының басынан айт намазына дейін беруге болады. Пітір садақа кісі басына 200 теңге.

·        5-шілде (сейсенбі) күні Ораза айт мейрамы басталады. Айт намазы Атырау уақыты бойынша тағертең сағат 7:00-де оқылады.

·        Оразаға ниет: Алла Тағала үшін қасиетті Рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім.

 

·        Ауызашар дұғасы: «Жаратқан Ием! Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық-несібеңнен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла, менің алдыңғы және кейінгі күнә-кемшіліктерімді кешіре гөр!».

Жоғарыға