Ислам дініндегі адалдық пен жауапкершілік
Адам, жаратылысы тұрғысынан белгілі бір қоғамда өмір сүруге міндетті. Қоғам болып өмір сүрген адамдардың арасында сенім мен тыныштық болу үшін әрбір жеке адам өз хақы мен жауапкершілігін біліп, оны мүлтіксіз орындауы және адам баласы ең алдымен Алланың алдында, содан кейін қоғам алдында және өзінің ар-ұжданының алдында адал болуы керек.
Ислам дінің қағидаларын ұстанған әрбір адамның өзіне, жанұясына, қоғамға деген жауапкершілігі, сонымен қатар Жаратушысының алдындағы жауапкершілігі болады. Алла Тағала Құрани Кәрімде : «Адам баласы өзін еркін жіберілді деп ойлай ма?», (Қиямет – 30) – деген аятта, адамның жауапкершілік иесі екендігін баяндайды. Әрбір адамның наным-сенімі бойынша әрбір міндеттің жауапкершілігі бар. Сондый-ақ басқа бір аятта Алла Тағала : «Ақыры сол күні, (осы дүниеде пайдаланған) нығметтерге әрине жауап бересіңдер»,- (Тәкәсүр – 8)-деген аяттар да осы мәселе айтылады. Азаматқа берілген жақсылықтар санаумен бітпейді. Ақыл, білім, денсаулық, бала-шаға осы ізгіліктердің басы ғана. Құрани Кәрімде: «Естеріңде болсын! Раббыларың сендерге: Егер шүкіршілік етсеңдер, әрине сендерге нығметтерімді арттырамын.Егер опасыздық етсеңдер, көремін азаптарың көп болады», - деген еді (Ибраһим – 7), аятында айтылғаны бойынша, адамға берілген жақсылық, мүмкіндік, нығмет орын орнымен қолданылуы, ол нығметтер үшін Аллаға адал болу, осы нығметтің артуының негізгі шарты болып табылады.
Құран Кәрімде жақсылыққа шақыру, жамандықтан тыю турасында: «Ізгілікте және жамандықтан сақтануда бір-біріңе көмектесесіңдер. Күнә істеуде және шектен шығуда көмектеспеңдер, Аллаһтан қорқыңдар, Аллаһтың жазасы қатты болады»,-деген (Әнғам -2). Қоғамда болып жатқан жағымсыз қылықтар мен жамандықтарға көз жұмуға болмайды. Қоғамның әрбір мүшесі «мені шақпаған жылан, мың жыл жасасын» деген ойдан аулақ болуы қажет.
Әрбір этикалық заңдылық бізге бір міндет жүктейді.Егер міндетті адам осы міндетіне жауап бермейтін болса, әлгі этикалық заңдылық барлық күші мен міндетін жоғалтқан болады.Сонымен қатар міндетін орындаған үшін адамға берілетін сыйлық, немесе, орындамағаны үшін берілетін жаза арқылы бұлардың өлшемін анықтау, яғни бір сөзбен айтқанда, әділеттік те осы жауапкершіліктен кейін іске асады.Сол себепті лайықты адамдардың этикалық мәселелерден, тіпті жасырын ниет және мақсаты үшін жауап беруі әрі ақыл тұрғысынан, әрі дін тұрғысынан қажетті болып саналады.
Расында, адамның ақылы жауапкершіліксіз этика түсінігін қабылдамайды. Әрбір дәуірде және әртүрлі дәрежедегіадамзат қоғамдары этикалық және әлеуметтік тәртіпті үнемі жауапкершіліктен іздеген. Сонымен бірге, басқа діндердегі секілді Ислам діні де пайғамбарлардан бастап барлық адамдардың да жауапкершілік иесі екендігін айтады.
Жауапкершілік пен адалдық түсінігі – адамды салғырттықтан құтқарып, өз сезімдері мен құмарлықтарын жүргендеуге жәрдем ететін құндылық. Өйткені, адам тек жауапкершілік пен адалдық түсінігі арқылы ғана қарапайым табиғаттан жоғары оқшауланып, этикалық тұрғыдан жоғары дәрежеге көтеріледі.
Сырттай қарағанда этикалық жауапкершілік адамның ішкі жан дүниесімен байланысты, ал діни және қоғамдық жаупкершіліктер сыртқы, қоршаған ортамен байланысты сияқты көрінеді. Алайда, Ислам этикасы жауапкершіліктің осы екі түрін де адамның ішкі жан дүниесімен байланыстырып, қоғам мен Жаратушының алдындағы жауапкершілігін ұжданында сезінуін қалайды. Сондай-ақ Аллаға деген құрметтің белгісі болған - тақуалық, сонымен қатар қоғамға деген құрметтің белгісі болып саналатын – ар-ұят түсінігі мен қасиетінің Ислам этикасындағы орны ерекше. Адамның адал болуында да ар-ұяттың маңызы өтезор.
Ислам діні әрбір адам істеген ісі үшін ахіретте жауап беретіндігін айтады. Осыған орай, мұсылман адамға өзін-өзі жауапты сезініп, сол жауапкершілікті қуана-қуана орындау жарасады.
Діни қағидалар, әрбір құдайға сенетін адамға «қалай қаласам, солай өмір сүремін» деуге хақ бермейді; ешбір қоғам да «мені шақпаған жылан мың жасасын» деп немқұрайлық танытуға рұқсат бермеген. Пайғамбардың (с.а.у) мына бір хадисінд: «Сіздерден кімде-кім жамандықты көрсе, оны қолымен түзетсін.Қолымен түзетуге шамасы жетпесе, тілімен қарсы шықсын.Бұл да қолымекн келмесе жүрегімен қарсы болсын.Бірақ, бұл иманның ең әлсіз»,-деген. (Мүслим, Иман 78).
Тағы бір хадис шәрифте: «Ахіретте адам өміріне қалай өткізгендігі; ақшаны қалай тауып, қайда жұмсағандығынан, қандай іс істегендігінен, тәнін қандай жолға жұмсағандығынан, білгенімен қаншалықты амал еткенімен Аллаһ Тағаланың алдында жауап береді»,-деген. (Бұхари, Жұма 11). Адам жамандық жасаған сәтте дереу ұжданында істеген ісінің жауапкершілігін сезінеді. Яғни, кемшіліктеріміз бен қателіктерімізді өз ұжданымыздан жасыра алмаймыз.Діни жаупкершілік о дүниеде делінеді. Осыған байланысты Құран Кәрімде бірнеше аят бар: «Сол күні олар: «әттең Аллаһқа мойынсұну керек еді!» деп өкінеді.
Енді осы жауапкершіліктің шарттарына тақталар болсақ; адамның – дүниедегі басқа жаратылыстардан айырмашылығы ақыл, ұждан, ерік сияқты қасиеттерге ие болуында.Осылардың барлығы адам баласына Алла Тағала тарапынан берілгендігі жайында Құран Кәрімде былай делінген: «Алла сендерге қалаған нәрселеріңді берді.Оның бергендерін санап бітіре өте залым, әрі берілген нығметтерден бейхабар!»,-деген (Ибраһим – 34). Адамның адамды қанауы, талауы, тіпті еш қынжылмастан өлтіруі, баласының ата-анасынан, ата-ананың өз баласынан безуі – осының барлығы дерлік осы адалдық пен жауапкершіліктің төмендеуінен, тіпті жоғалып кетуінен туындаса керек.
Жылыой мұсылмандар мешітінің бас имамы
Арман Исаев