Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Имандылық иірімдері

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.

 

Еңбексүйгіштік – ең ізгі қасиет

Адамнан – қоғам, қоғамнан – қауым құралады. Қоғамдық қатынастарды реттеп, жүйелеп отыруда көп адамда кездесе бермейтін көркем мінез үлкен рөл атқарады.

Көркем мінезді бір сөзбен түсіндіру, тіпті, бір мақаланың аясына сыйдыру мүмкін емес. Ислам ғұламалары адам бойындағы жақсы мінез-құлыққа мынадай сипаттама берген. Адамдармен жақсы мәміле жасау, кішілерге насихат айту, дүниелік нәрсе үшін ешкіммен жауласпау, өзінен бұрын өзгені ойлау, дін және дүниелік істерде адамдарға көмектесу, мейірімді һәм қарапайым болу, ешкімді ренжітпеу тағы басқа. Мұсылмандардың бойында көрінетін көркем мінездердің бірі – еңбексүйгіштік. Алла Тағала адам баласын өзіне ғибадат ету үшін жаратқан. Сондықтан да әр пендеге құлшылық парыз. Сондай – ақ осы бес күндік өмірде маңдай терін төгіп еңбек ету де ғибадаттың бір түрі болып саналады. Тіпті, жиһад жасағанмен тең деп келген хадистер бар. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Ей, мүміндер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да Алланың мәрхаметінен несібе іздеңдер. Сондай-ақ, Алланы көбірек зікір етіңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма» сүресі, 9-10 аят) деген.

Бұл аяттарда Алла Тағала алдымен жұма күні жұма намазын орындауға, одан соң еңбек етуге шақырып жатыр. Кейбір ғұламалар: «Кімде-кім жұма намазынан кейін халал ризық табу мақсатымен еңбек етсе, жетпіс есе еңбегінің берекетін табады», - дейді. Иә, адал жолмен нан табу, отбасын қамтамасыз ету – ол да бір құлышылық. өйткені, бұл асыл дініміздің бұйрығы.

Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уа салям) бойында осы қасиет тұнып тұратын. Негізі пайғамбарлардың бәрі де кәсіппен айналысқан. Мысалға, хазіреті Адам (алейһи салям) егінші болды. Нұһ (алейһи салям) пайғамбар кеме жасауды үйретсе, хазіреті Ідіріс – тігінші, хазіреті Мұса – шопан, Дәуіт  пайғамбар (алейһи салям) – темір өнеркәсібін,  ал Иса (алейһи салям) пайғамбарлар медицина ғылымының шоқтығы биік ұстазы болды.

Дәуіт патша бола тұра, өз еңбегінен басқа нәрседен тамақ жемеді. Ол ұста болып, ұсталығымен күн көрді. Зәкәрия ағаш шебері еді. Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уа салям) қойшы, саудагер болған. Сахабалар Айшадан (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (саллаллаһу алейһи уа салям) бос уақытында немен айналысатын?» деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уа салям) киімін тігеді, қойларды суарады, өз жұмыстарын жасайтын еді». Тағы бір риуаятта: «Ол (саллаллаһу алейһи уа салям) сендер сияқты аяқ киімін тігіп, киімін жамайтын» деген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уа салям): «Адамның отбасы үшін жұмсаған қаражаты - садақа» деген. Тағы бір хадисінде: «Кімде-кім кісіге мұқтаж болмастан бала-шағасын асырау үшін, көршісімен жақсы қатынаста болып, дүниені халал жолмен тапса, Алла Тағаланың алдына барғанда жүзі толған айдай жарық болады», деген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уа салям) өзінің сахабаларына да еңбек етудің маңыздылығын түсіндіріп отырған. Сол заманнан бізге жеткен ғибраты мол бір оқиға бар.

Бір күні мешітке үсті-басы алба-жұлба, сақал-шашы әбден өсіп кеткен бір бәдәуи ғәріп келеді. Мұны сахабалар Пайғамбарымызға барып айтады. Ол әлгі пақырды қасына шақырып алады да, мұндай жағдайға қалай тап болғанын сұрайды. Сонда әлгі адам өзінің жұмыссыз жүргенін, содан азып-тозып кеткенін айтады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уа салям) әлгі ғәріпке қарап: «Сіз қазір бір жіп пен балтаны алып келе аласыз ба?» , - деп сұрайды. Ол: «Иә», - деп жауап қайтарып, көп ұзамай бір жіп пен балтаны алып келеді. Пайғамбарымыз ғаріпке: «Енді бұларды алып бар да, таудан отын шауып әкеліп, базарға барып тұр», - дейді. әлгі бәдәуи Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан талабын орындап, табыс табады. Сөйтіп, жалқаулықтан, кедейліктен құтылып, Пайғамбарымыздың сахабаларының қатарына қосылады. Тағы бірде Әбу Зар әл-Ғиффаридің жұмыстың ауырлығынан туған қолындағы жараларды көріп: «Міне, мына қолдар ақыретте отқа жанбайды», - деген. Басқа бір хадисінде: «Адал кәсіппен айналысып, содан шаршап ұйықтаған адам күнәлары кешірілген халде түнейді». Диқаншылық жасаңдар өйткені ол берекелі іс. Диқаншылықты қорғайтын сақшыларды көбейтіңдер. «Қой бағыңдар, өйткені береке сонда», - деп адал кәсіпкерлікті, диқаншылық пен молшылықты уағыздады. Пайғамбарымыз ( с.ғ.с.): «Расында Алла Тағала қолында кәсібі бар мұсылман адамды жақсы көреді», деген. Бір күні Мәдина қаласында Пайғамбарымыз сахабаларымен отыр еді. Сахабалардың сұрақтарына жауап беріп отырып, бірақ әлсін-әлсін көзін мешіттің сыртында таңнан бері жұмыс жасап жүрген бір жас жігітке қарап қоятын. Бір кезде осыны байқаған бір сахаба: «Бұл жас адам жұмысты сондай ықыласты жасап жатыр, тіпті айналасында не болып жатқанын байқамайды. Бірақ, өкінішке орай, ол өз күшін Алла ризалығы үшін еңбек етсе, ол кезде мақтауға лайық болар еді» - деді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) біраз үндемей отырды да: «бауырларым, сендер олай айтпаңдар, себебі, бұл мені сүйсіндірген адам басқа адамдарға мұқтаж болмайын деп еңбек етіп жатқан болса, ол Алла ризалығын тапқан болады. Егер ол әке-шешесін немесе бала-шағасын қамтамасыз ету үшін жұмыс жасаған болса, ол кезде де Алла ризалығын тапқан болады, ал егер басқалардың алдында тапқанымен мақтану үішн жұмыс жасап жатса, онда ол шайтанның жолында», - деген.

Осы жаһандану заманында мұсылман қолынан жасалған дүние аз. Мініп жүрген темір тұлпарыңыздан бастап тұрмысқа қолданып жүрген барлық зат-бұйымдар жат жұрттыкі. Мұсылман халқы ондай мәселеде артта қалуының ең маңызды себептерінің бірі – еңбек етуге ыңғайлы болмауында. Сондықтан да Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Жиһад ол тек қолға қару алып Алла үшін соғысу емес, бәлкім әке-шеше, бала-шаға үшін өмір ауырлықтарын көтеріп, еңбек етсе және басқалараға мұқтаж болмаймын деп тер төксе, жиһад жасаған болып есептеледі». Ал қазіргі кезде мұсылмандардың бұл дертке шалдығуының етек алуы жақсы емес. Еріншектік бара-бара адамды құрметтеуге, алдап-арбауға, кісі ақысын жеуге, пара беруге алып баратын қасиет. Нәтижесінде «сен жұмыс жаса, мен жейін» деген несие беру және «мен бай болайын, сенде шаруам не?» деген зекет төлемеу дерттеріне алып барары анық. Сол үшін еңбектеніп, жалқаулық ұйқысынан оянайық. Сонда ғана мақсаттарымызға қол жеткізіп, нағыз абыройлы мұсылман боламыз. Иә, Раббым, біздерді жалқаулықтан, тіленшіліктен, кедейшіліктен сақтай гөр! Әмин!

Жайлыбек КЕНЖЕАЛИЕВ,

 

Хан Ордалы Сарайшық селолық мұсылмандар мешітінің бас имамы.

Жоғарыға