Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының діни шығармашылығы

Қайсыбір қоғам не әдебиет қайраткерінің қызметі мен шығармашылығы оның өзіне дейінгілерге қарағанда қаншалықты жаңалық әкелгендігіне қарай бағалануға тиіс. Шынында, осы талап бар кезеңнің қайраткерлеріне қатысты. Әсіресе, аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп, не бір қиындықтарды бастан кешкен халық ұлдарының іс-әрекеті мен ой-пікірлерін осы тұрғыдан саралауымыз керек. Сан ғасырлық тарих сахнасында, есімі алтын әріппен қаларлық қаншама тұлағалардың ғұмыр кешкені бізге мәлім. Солардың бірегейі, аты әлемге мәшһүр болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еді.  Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған осынау киелі мекенде аты аңыз болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, табиғаты көз тартар Павлодар өңіріндегі, Баянауылда дүниеге келген. Бір қоғамның тарихы бір тұлғаның өмірімен ұштасып жататыны сөзсіз. Олай болса Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз заманының заңғар тұлағасы еді. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жастайынан зерек, ғылымға деген құлшынысы, өлеңге деген жақындығы бар,ойшыл, талапты бала болып өседі. Он жасынан өлең жазып, хат таныған бабамыз, тек бұнымен шектелмей ауыз әдебиетін жазба әдебиетіне ұштастырып келер ұрпаққа мұра боларлық көптеген туындылар жаза бастады. Кейіннен батырлар жырын, мақал-мәтелдер, шешендік сөздерді жинақтап қағаз бетіне түсіреді. Яғни, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы  жазба әдебиетінің дамуына, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің гүлденуіне үлес қосқан бірден-бір тұлға.

Рас, Мәшһүр Жүсіп тәңірге табынып, құлшылық еткен, бес уақыт намазды қаза жібермеген тақуа, пірадар адам болған. Ол Бұқара, Самарқанд шаһарларында жүрген кезінде дін оқуын тәмамдап, оны толық меңгереді. Оның дүние-танымында діни наным-сенім айрықша орын алады. Сондықтан бірқатар ғалымдар М.Ж.Көпеевті ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық ой-сананың, діни-мистикалық ағымның өкілі деп танып келді. Ал, аталмыш ақынның шығармаларын идеялық-эстетикалық мазмұн-мағынасына қарай қарастырып, тереңірек үңілсек, бұл пікірдің оғаштығына айқын көз жеткізер едік. Әрине, бұған бертінге дейін үстемдік құрып келген сыңаржақ идеологияның шешуі ықпал етіп келгені талассыз.

Мәшһүр Жүсіптің қазір жарық көрген көптомдығының алғашқы 5-томында және газет-журналдарда жарияланған бір томдық түрлі материалдарға сүйеніп жазылған бұл еңбек − үлкен істің бастамасы, бір бөлшегі ғана. Әйтсе де тамшыдан да теңіздің қасиеті көрінеді десек, осы бір қамтылған материалдың өзі Мәшһүр Жүсіп жазбасында сақталған қазақтың мақал-мәтелдерінің өзіндік ерекшеліктерін, олардың қайнар көзі қайда жатқаны турасында мол мәліметтер береді. Қазақ мақал-мәтелдерінің жиналу, жариялану және зерттелу жағдайын сөз еткенде, Мәшһүр-Жүсіп жазбаларында сақталған мақал мен мәтелдердің де мән-маңызын жан-жақты сараптаған жөн. Қысқасы, фольклортану ғылымында халық ауыз әдебиетінің бір түрі болып табылатын қазақтың мақал-мәтелдерін Мәшһүр Жүсіптің ұзақ жылдар бойы ерінбей жинауы хаттауы – бәрі де қазақ фольклортану ғылымында  Мәшһүр Жүсіптің қосқан өлшеусіз еңбегінің бір қырын ғана танытатыны сөзсіз.

 

Сондай-ақ МәшҺүр Жүсіп Абай Құнанбаевтың да үлгілі сөздерін қағазға түсіргенін есте ұстаған жөн. Жалпы жиналған мақал-мәтелдердің көпшілігіне дерлік МәшҺүр Жүсіп анықтама беріп отырған. Яғни ол мақал-мәтелдердің қандай жағдайда, не себептен туғандығына, ел арасында не үшін қолданылатынына, о баста қандай мағына бергендігіне, тіпті қай заманнан бері айтылып жүргендігіне де назар аудартады. Бұл тағы да Машһүр Жүсіптің жинаушылық қызметінің зерттеушілікпен қатар жүргендігін дәлелдесе керек. Мәселен, қолжазбаларының бірінде: «Молдалар», «Құдай сөзі құран айтады», «Пайғамбар сөзі, хадис-шариф мынау», «Хадис-шариф, алла жаратады», «Шіп Алутин мен Аламан, хадиc-шариф» делінген айдармен мақал-мәтелдер шоғыры берілген. Мәселен, «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» мақалының мағынасын қазақ білмейді, бұл «Хадис-шарифта» Шіп Алутин мен Алайманның мағынасынан алынған сөз ─ деп, оның қандай мағына беретінін де ашып береді. Мақал-мәтелдің әрқайсысына Мәшһүр Жүсіп түсініктеме берген және де олардың біразының Құран Кәрімде бар екенін көрсетіп кеткен. Міне, бұдан біз мақал-мәтелдерді жинау барысында Мәшһүр Жүсіптің ертеректе шыққан «Құран Кәрім», «Хадис-шариф» тәрізді кітаптарды пайдаланғандығын да көреміз. Ал, жинау мен жазу кезінде, сонымен бірге бұл ескертпелерден де Мәшһүр Жүсіптің қай материалды қайдан алғанын көрсетіп отыру өнегесін танимыз. Сондай-ақ ел арасында жиі кездесетін кейбір мақал-мәтелдердің кітап ішіндегі нұсқалармен салыстырылып отырғаны да байқалады (бар болса, бар деп көрсетіп отырған). Бұдан қазір көпшілікке түсініксіз, беймәлім болып келген қазақ мақал-мәтелдерінің төркінін ғылым мен мәдениеттің бастауы болған Құран,  Інжіл тәрізді ескі кітаптар арасынан іздестіру қажеттігі туады.

 

 

«Иманғали»  орталық мешітінің найб имамы Абдираманов Артық                                                                                                 

                                                                                    Жұмабекұлы      

Жоғарыға