Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Қажылық – бес парыздың бірі

Қажылық (араб.: حَجّ хаддж) - ислам дiнi бес негiзiнiң соңғысы. Қажылық, хаж жасау – мұсылманның бес парызының бірі. Шариғат бойынша кәмелеткетолған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жақсы, дәулеті жетерлік, өзгеге қарызы жоқ мұсылман ғана І парызын өтей алады. Оның парыздығы қасиеттi Құранда:«Алла үшiн Қағбаны адамдарға қажылық ету парыз» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), - деп ұқтырылса, хадис шарифте: «Ислам бес негiзге құрылған: Алла Тағаладан басқа тәңiр жоқ және Мұхаммед оның елшiсi деп куәлiк ету. Намаз оқу. Зекет беру. Рамазан айында толық ораза ұстау. Байтуллаға қажылыққа бару», - делiнген.

Шариғат кiтаптарында:«Бас бостандығы бар, балиғат жасына жеткен, ақыл-есi дұрыс, денi-басы сау адамға қажылыққа бару парыз делiне отырып, қажыға баратын жол қауiп-қатерсiз, оған азық-түлiгi, көлiгi немесе көлiк жалдауға қаражаты болуы керек екендiгi және үлкен сапарға аттанған кiсiнiң үйiнде қалған отбасы тарығып қалмайтындай нәпақамен қамтамасыз етiлуi де шарт», - деп көрсетiлген.

Қажылық сөздiкте - «қасиеттi жерге баруды ниет ету» дегендi бiлдiрсе, шариғатта - арнайы уақытта яғни қасиеттi рамазан айынан кейiнгi айдан бастап зүлхижжа айының 10-12 күндерiне дейiн арнайы мекенде яғни Сауд Арабиясының Мекке қаласында табылып, арнайы бекiтiлген ихрамға кiру, Кағбаны жетi айналып тәу ету, Сафа мен Маруа арасында сағий жасау,Арафада тұру, Мұздалифада түнеу, шайтанға тас ату сияқты амалдарды орындау деп түсiну ләзiм.

Қағба мен қажылықтың тарихы

Қажылықта атқарылатын амалдардың тарихы сонау Адам (ғ.с.) атадан да ертеректен бастау алады. Ол туралы қасиеттi Құран Кәрiмде: «Ақиқатына келсек, адамдардың ғибадат етуi үшiн тұңғыш салынған үй Меккеде. Бүкiл әлемдегi қасиеттi және тура жолға бастайтын үй сол»(«Әли-Имран» сүресi, 96 аят) делiнген. Демек, адамдардың ғибадат етулерi үшiн, бүтiн әлемге мүбарак саналған тұңғыш үй - Меккедегi Қағба үйi. Сол Қағбадан бұрын жер бетiнде салынған үй болмаған.

Хадисте: «Адам Ата мен Хауа ана ұзақ жылдық айырылудан соң Арафат тауында жолыққанда (Арафат - Адам Ата мен Жәбiрейiл жаннаттан кейiн, қайта жолыққанда, Жәбiрейiл (ғ.с.) Адамнан (с.ғ.) «арафта» - яғни «таныдың ба?» деп сұраған сөзiнен шыққан деседi) Алла Тағала Жәбiрейiл перiште арқылы ол екеуiне ғибадат үйi Қағбаны салуды әмiр етiп, құрылыс бiткен соң, оны тәуап етуге бұйырып, «Сен жер бетiндегi тұңғыш адам болсаң, бұл жер бетiнде құрылған тұңғыш үй» - деген екен.

«Адамның (ғ.с.) қажылық жасағанын көрген перiштелер: «Қажылығың қабыл болсын, ей Адам (ғ.с.) бiз де бұл үйдi сенен екi мың жыл бұрын зиярат еткенбiз», - дептi. Бұған қарағанда, Қағбаны алғашқы рет перiштелер тұрғызып, тәуәп жасаған. Адамзат дүниеге келместен бұрын, жер бетiнде iблiс шайтанның тегi Бани Жин тайпасы тiршiлiк еткен.

 

 

 

Қағбаны айналу

Ол жер бетiн жаман, бұзық iстерге толтырып жiбергендiктен Алла Тағаланың қаһарына ұшырап, төртiншi қабат аспан перiштелерi арқылы қиратылып жермен-жексен етiлдi. Аспан перiштелерi сол оқиғадан кейiн бiрнеше уақыт жерде қалып қояды. Жердi гүлдендiрген олар төртiншi қабат аспанда жүргенде қызыл жақұттан жасалған Байт әл-Маъмұр деген үйдi тәу еткендерi сияқты, Алла Тағаладан жер бетiнде де сондай қажылық ететiн үйдiң болуын сұрайды. Алла Тағала олардың дұғаларын қабыл етiп, ғарыштағы Байт әл-Маъмұр астындағы топыраққа бiр үй тұрғызып, оны зиярат етуге бұйырады.

Ислами риуаяттарда айтуынша, содан берi Қағба он рет бұзылып, қайта жасалған. Адам (ғ.с.) Алла әмiрiмен қайта қалап, қажылық еткен үйдi Нұһ (ғ.с.) дәуiрiнде жер жүзiн топан суы басқанда - перiштелер Қағбаны жетiншi көкке көтерiп әкеткен, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) миғражға көтерiлгенде: «Перiштелер Қағба үйiн тәу етiп жатқанын, Ибраһимнiң (ғ.с.) сол үйге сүйенiп отырғанын көрдiм. Перiштелердiң көптiгi соншалық қасиеттi үйдi бiр тәу еткен перiштеге қиямет күнiне дейiн қайта кезек келмейдi екен»,- деген сөзi бар.

Ибраһимнiң (ғ.с.) пайғамбарлық дәуiрiнде ескi үй орнына баласы Исмаил (ғ.с.) екеуi Алла Тағала бұйрығымен қазiргi Кағбатуллаһты салғаны туралы имам әл-Бухарий Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен қиссада: «Ибраһим (с.ғ.): «Ей, ұлым, Исмаил! Алла Тағала маған бiр iс бұйырды», - деп едi, Исмаил: «Әке, Раббыңыз бұйырған iстi орындаңыз», - дедi. Әкесi: «Ұлым, көмек бересiң бе?», - дегенiне, ұлы Исмаил ойланбай: «Әрине», - деп үн қатты.

Ибраһим: «Алла Тағала маған мына жерден үй соғуға әмiр еттi», - деп кiшкене ғана бiр төбенi көрсеттi. Сосын ұлы тас тасыды, әкесi қалады», - делiнген.

Осылайша, әке, баланың iсi оңға басып, Қағба бой көтерiп, бiр деңгейге жеткенде, тас қалау қиынға соғады. Сонда әкесiнiң бойы жетiп, iсi оңайлауы үшiн баласы оның аяғының астына биiк, жалпақ тас әкелiп қояды. Сол тасқа Алла Тағала кейiнгiлер: «Ибраһимге сәлем!» - деп жүрулерi үшiн даңқ және естелiк ретiнде Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың аяқ iздерiн қалдырады.

Бұл туралы қасиеттi Құранда: «Ондағы қасиеттi белгi - Ибраһимнiң (с.ғ.) орны» («Әли-Имран» сүресi, 97 аят), - делiнедi. Ғұламаларымыздың айтуынша, «Ибраһимнiң орны» деп Ибраһимнiң (с.ғ.) Қағбаны салып жатқанда, табанының iзi қалған тас және оның айналасы айтылады. Ибраһим (с.ғ.) Қағба салуды аяқтаған соң, тас алдында намаз оқыған екен. Сондықтан да қажылар тәуеп етiп болып, сол арада екi ракат намаз оқиды.

Бұл туралы қасиеттi Құранда: «Ибраһимнiң (ғ.с.) орнын намаз орны етiңдер» («Бақара» сүресi, 125 аят), - деп бұйырылғандықтан шариғатымызда бұл уәжiп деңгейiнде саналатын намаздардың бiрi. Ибраһимнiң (ғ.с.) iзi қалған тас Омардың (р.а.) халифаттығына дейiн Қағбаға тиiп тұрды. Оны хазiретi Омар тәуеп етушiлерге кедергi болмасын деп шетке жылжытқан. Сол тас қазiр де бар. Ол шыны ыдысқа салынып аздап жоғары көтерiлiп қойылған.

Ибраһим (с.ғ.) Қағбаның төрт қабырғасын қалап боп, кезек осы күнгi «Хажар әл-Асуад» деп аталатын қасиеттi қара тасқа жеткенде, әке-бала тәуептiң бастау алатын бұрышын жасамақ болып ойға қалады. Сонда Жәбiрейiл (ғ.с.) перiште Ибраһимге (с.ғ.) жұмақтан белгi боп тұру үшiн арнайы тас ала келiп, оның орнын көрсетедi.

Риуаят бойынша, бұл тас жұмақтан әкелiнгенде таңқаларлықтай аппақ екен. Бiрақ уақыт өте келе адамилықтан ауытқыған, ғұсыл-дәреттi, әуретiн жабуды ұмытқан күнәһар қолдардың тигендiгiнен нұрын жоғалтып, қара тасқа айналыпты. Ол туралы хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз:

«Расында Қағбадағы қара тас - жәннат жақұттарының бiрi. Қиямет күнi оған Алланың құдiретiмен көз және тiл бiтiп, ол өзiне тәу еткендерге куәлiк етедi», - дейдi.

Және бiр хадисте: «Ей, мүмiндер! Хажар әл-Асуадты жерде тұрғанда ғанибет көрiп, көп зиярат етiңдер, сондай бiр күн келедi, адамдар Байтулланы кешке тауап етiп, ертесiне келсе, Хажар әл-Асуадты таба алмай әуре-сарсаң болады. Өйткенi жәннаттан шыққан нәрселердi Алла Тағала қиямет алдында қайта жәннатқа көтерiп әкетедi», - делiнген.

Тәуеп осы қара тастан бастап оңға қарай жүрумен басталады. Оған қарап, «Аллаһу Акбар» деген такбир мен «ләә иләәһә илләлла» дейтiн таһлил айтылады. Тасты ұстап, басқа мұсылманға кедергi келтiрмейтiндей болса сүйедi. Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с.) кейiн әдiл Омар ( р.а.) осы қара тасты сүйiп тұрып: «Сенiң, пайда да, зиян да бере алмайтын тас екендiгiңдi анық бiлемiн. Егер пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сенi сүйгенiн көрмегенiмде, мен де сенi сүймес едiм», - деп, айтқанын естiген Әли (р.а.):

- «Ей, мүмiндердiң әмiрi! Расында бұл тастың зияны мен пайдасы да бар», - дедi. Омар (р.а.):

- «Сонда қалай? Ей, Хасанның әкесi! Әрi пайдасы, әрi зияны да болғаны ма?» - деп сұрады. Әли (р.а.):

- «Алла Тағала Адам (с.ғ.) ұрпағынан әл-мисақта уәде алғанда, оларды жазып, осы тас iшiне салып қойған. Қиямет күнi бұл тас мүмiндердiң уәделерiнде тұрғандығы үшiн пайдаларына және кәпiрлердiң уәделерiн бұзғандығы үшiн зияндарына куәлiк етедi», - дедi.

Сондықтан адамдар осы қара тасты сүйген уақытта: «Ей, жаратқан ием! Өзiңе иман келтiрiп, кiтабыңды растап және берген уәдемде тұрып, бұл тасты сүйiп жатырмын», - дейдi. Қағбаның қара тас тұрған бұрышы шығысқа қаратылған, оны Рүкiн дейдi. Қара тас жерден бiр метр жоғарыда тұр. Айналасы күмiспен жиектелген.

Мұсылмандар үшiн жер бетiнде Қағбадан өзге қасиеттi орын жоқ. Өйткенi, ол киелi орын. Қағба Ұлы Жаратушымыз Алла Тағаланың әмiрiмен, Жәбiрейiлдiң (с.ғ.) көмегiмен салынды.

Қасиеттi Құранда: «Кезiнде үйдi (Қағбаны) адамдар жиналатын орын жәнетыныштық мекенi етiп бердiк» («Бақара» сүресi, 125 аят), - делiнген. Аяттағы «Жиналатын орын» деген сөз «Мәсәбатан» сөзiнен тәржiмаланып отыр. Ал, осы сөздiң толық мағынасын ашып беретiн қазақ тiлiнде өзге сөз болмағандықтан ол сөз осылай аударылды. «Масабәтан» сөзi - адам қайта-қайта барса да тоймайтын жер деген мағынаны да бiлдiредi. Сондықтан да ол Алла Тағаланың бiр керемет жайы ретiнде адам қанша барса да өзiне қайта тартып тұратын шарапаты аса мол киелi.

Имам Мүслим Абдулла ибн Аббастан (р.а.) риуаят еткен хадис шарифте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккенi (фатх) азат еткен күнде: «Расында, Алла Тағала бұл елдi аспан мен жердi жаратқан күннен бастап Харам деп бекiткен... Бұл жер Алланың құрметi үшiн қиямет қайымға дейiн Харам саналады.

 

Қажылық кезіндегі Қағба

Көгерiп тұрған өсiмдiгi жұлынбайды, жануары үркiтiлмейдi. Түсiп қалған затты таныған адамнан басқасы алмайды...», - деген. Харам сөздiң мағынасынан жамандық атаулы iс-қылықтың барлығына тыйым салынған қасиеттi дегендi түсiнемiз. Демек, Харам шариф өлкесiнде тек адамға ғана емес, тiптi жануары мен өсiмдiгiне де амандық кепiлдiгi берiлген. Қағба - күллi мұсылман баласының қиямет-қайымға дейiн намаздарында және басқа да ғибадаттарында жүздерiн бұратын, қажылық пен умрада мүмiн-мұсылмандардың басын қосатын қасиеттi мекен. Қажылық ғибадатында - мұсылмандар Алланың нұрын таратқан орталыққа жиналып, жылына бiр рет бас қосады.

Мұсылмандардың жылдық жиындары саналған қажылықта - адамдар арасындағы теңдiк бiрден көзге түседi. Онда барлық қажылар өздерiне қажылықты парыз етiп ихрамға кiредi. Ихрамның ақ маталы киiмiне оранып ортақ зiкiрдi айтып жатқанда, ешкiмдi де ажырата алмай қаласың. Ол киiмдi киген барлық қажылардың атқаратын амалдары да бiрдей. Барлығы да бiр жолмен бiр амалды орындау үшiн барады, бiр-бiрiнен қалмай сол жолмен қайтады. Демек, патша да, жарлы да, бай кiсi де, үлкен-кiшi де, күштi мен әлсiз де ихрамда өздерiн кiшiпейiл ұстап, Алла құзырында жүргендей кiршiксiз сезiммен жүредi. Бұл Ислам дiнiнiң теңдiк дiнi екендiгiне ашық дәлел емес пе? Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бiр хадисiнде: «Қажылар және умраға барушылар - Алланың жер-жерден келген өкiлдерi және қонақтары. Егер олар Алладан тiлесе, Алла оларға тiлегенiн бередi. Кешiрiм сұраса, кешiредi, шапағат тiлесе, шапағатқа бөленедi және дұға етсе, дұғалары қабыл болады» десе, ендi бiрiнде:«Кiмде-кiм жаман сөз айтпай, бұзақылық жасамай осы үйдi қажылық етер болса, жаңа туған сәбидей күнәдан пәк болады» делiнген.

Бұзақылық деп - үлкен-кiшi күнәлi iстердi айтады. Ал, жанжалға, талас-тартысқа түсу, ұрысып қалу, ашулану жатады. Қажылық - үлкен дәреже. Онда мұндай терiс iс-әрекет жасау дұрыс емес. Қажылыққа барушы Алла Тағаланың үйiне зиярат ету үшiн Жаратушысына бетiн бұрған адам саналады. Сондықтан да қажыдан барлық жаман iстерден тыйылып, жақсы амалдармен ғана шұғылданар аса әдептiлiк талап етiлген.

Қажылық кезiнде әрқандай бiр жағымсыз қылық болғанда қажылар: «Йа қажи, сабыр, сабыр!» деп бiр-бiрiне ескертедi. Қажылар соған орай жаман iс-әрекеттерге бармай, барынша жақсы амалдарды көбiрек жасап қалуға тырысып бағады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмде-кiм үйiнен қажылықты немесе умраны ниет етiп шығып, кейiн жолда дүние салса, ол кiсiге қиямет күнiне дейiнгi әр жылғы қажылық пен умра сауабынан несiбе жетiп тұрады. Ал, екi Харамның бiрiнде дүниеден өтсе, еш кедергiсiз, есеп берместен жәннатқа кiредi» дедi. Сондай-ақ, «Шариғат талабы бойынша орындалған қажылық дүниеден және ондағы барлық нәрселерден артық. Оның сыйы тек қана жәннат» дейдi хадис-шарифте, Мүмкiншiлiгi бола тұра қажылыққа бармаған мұсылман үлкен күнә жасаған болып саналады. Қасиеттi Құранда:«Кiмде-кiм қарсы келсе, Алла күллi әлемнен беймұқтаж» («Әли Имран» сүресi, 97-аят) делiнген. Яғни Алла Тағала адамзаттың қажылығы түгiлi барша ғибадатына мүлдем мұқтаж емес, керiсiнше әлемдегi барлық нәрсе оған мұқтаж. Аятта «қарсы келсе» деген сөздiң арабшасында «кәфәрә» яғни «кәпiрлiк» сөзi қолданылуының өзi де көп мән-мағынаны айқындай түседi. Бұл аят бойынша жағдайы бола тұра қажылық жасамаған адамның әрекетi кәпiрлiкке теңелген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Кiмде-кiм жағдайы бола тұра, қажылық етпей дүниеден өтсе, онда ол қаласа яһуди, қаласа христиан болып дүниеден өтсiн» деп, тектен-тек айтпаса керек-тi.»

Қажылықтың парыздығының дәлелдері

1. Құран. «Ол жерге баруға шамасы жеткен барлық адамға Аллаһ үшін Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасау парыз» (Әли Имран, 3/97). «Қажылықты және умраны Аллаһ үшін тәмамдаңдар» («Бақара», 196-аят).

2. Сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Ислам діні бес негіздей тұрады: Аллаһтан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.а.у.) Аллаһ тарапынан жіберілген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе қажылыққа бару» (Тирмизи, Имам, 3; Бухари, Иман, 1; Муслим, Иман, 21.) «Күмәнсіз, Аллаһ Тағала сендерге қажылықты парыз қылды, Қажылықты орындаңыздар» (Муслим, Хаж, 412).

3. Ижмаг. Ислам ғұламалары шамасы жеткен әркімге қажылық ғибадатының ғұмырында бір рет парыз екендігіне бір пікір білдірген. Қажы ғибадатының парыз болуы үшін қосылған шарттар белгілі бір адамда толықса, ол кісіге ертерек қажылық жасау парыз. Шамасы келе тұра қажылықты кешіктірген күнәһар болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қажылықты орындауға асығыңыздар Өйткені сендердің ешқайсыларың өлімнің қай уақытта келіп жететінін білмейсіңдер» (Әбу Дәуд, Мәнәсиқ, 5; Ибн Мәжа, Мәнасиқ, 1.), - дейді.

 

Қажылық ғибадатының парыздығының шарттары

Белгілі бір адамға қажы ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек.

1. Мұсылман болу. Мұсылман еместерге Қажылық ғибадат парыз емес. Сондықтан Мұсылман емес бір адам қажы ғибадатын орындал болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы керек.

2. Ақыл-есі дұрыс және балиғат жасына жету. Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық ғибадаты парыз емес. Бұл екеуі қажылық ғибадатын атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ауру адам жазылса, қажылық ғибадатын шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы - нәпіл қажылық саналады.

 Азат болу. Қажы ғибадат ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарлы талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға парыз емес. Өйткені тұтқындарда ондай мүмкіншілік жоқ.

 Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытта өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.

 

 

 

 

 

Қажылық ғибадатын орындауға шамасынын жетуі.

а) денсаулығы болуы. Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажы ғибадат парыз емес;

ә) қажетті қаражаты болуы. Қажыға барыпкелу қаржысыз жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел, бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз;

б) баратын жолдың сенімді болуы. Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.

 

Ихрам (Қажылықтың бірінші парызы)

Ихрам дегеніміз - қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық, умра уақытында өзіне харам қылу. Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ ниетті тілмен айту - мұстахап. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстерін ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені ниет пен «тәлбия» дұғасы ихрамның шарттарынан.

Ихрамның уәжіптері

1. Ихрамға белгіленген миқаттардың біреуінде кіру.

2. Ихрамда тыйылған нәрселерді жасамау. Қажыға немесе умраға баратын адамдардың ихрамға кірусіз өтуге болмайтын жерлерге «миқат» делінеді. Қасиетті Қағбаны қоршал тұрған мекендер «Харам», «Хил» және «Әфақ» деп үш аумаққа бөлінеді. Қажылық және умра ғибадатын орындауға келетін адамдар осы аумақтарға қарай ихрамға кірелі.

1. Харам аумағы. Жебірейіл періштенің көрсетуі арқылы Ибраһим (а.с.) тарапынан белгіленіп, кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.у.) тарапынан қайтадан білдірілген, өсімдіктерінің жұлынуына және аңдарының, жалпы жан-жануарларына зиян тигізуге тыйым салынған Мекке және оның айналасындағы қасиетті мүбәрак жерлер«Харам аумағы» делінеді. Меккеліктер қажылыққа Харам аумағының ішінде ихрамға кірелі. Ал, умра үшін Харам аумағының сыртындағы Хил аумағына ең жақын орналасқан Танимға барып ихрамға кіреді.

2. Хил аумағы. Харам аумағы мен Миқат жерлерінің ортасындағы мекен - Хил аумағы. Бұл аумақта тұратындар Харам аумағының сыртынан өздерінің тұрып жатқан жерлерінен ихрамға кірелі.

3. Әфақ аумағы. Харам және Хил аумақтарының сыртындағы аумақтар - Әфақ аумағы. Әфақ аумағынан Харам аумағына немесе Меккеге келетіндердің ихрамсыз өтулеріне болмайтын бес жерді Пайғамбарымыз (с.а.у.) миқат ретінде белгілеген.

Бұл бес миқат:

1. Медине жағымен баратындар үшін - «Зулхулайфә», Медине қаласына 10 км жақын. Қазір бұл жер - «Әбәр Али» деп аталады (қазақстандықтар көбінесе осы жерден ихрамға кірелі).

2. Мысыр және Сирия тарапынан баратындар үшін - «Жухфа», Меккеден 187 км ұзақ.

3. Нәжд және Кувейт тарапымен баратындар үшін - «Қарнул-Маназил», Меккеден 96 км ұзақ.

4. Йемен жағымен баратындар үшін - «Иаламлам», Меккеден 54 км ұзақ.

5. Ирак жағымен баратындар үшін - «Зәтул-ғирқ», Меккеден 94 км ұзақ.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадистерінде осы жерлерді миқат ретінде тағайындаған (Бухари, 1/206). Міне, сондықтан қажылыққа немесе умраға баратын адам бұл жерлердің қайсысынан етсе, сол жерден ихрамсыз өтуге болмайды. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ешкім миқаттан ихрамсыз өтпесін», - деп бұйырған. Бұл жерлерге жетпес бұрын ихрамға кіріп алуға да болады. Қажылыққа және умра үшін сырттан келгендер миқаттан ихрамсыз өтіп кеткен жағдайда, құрбан шалады немесе кері қайтып, миқатта ихрамға кіреді.

Ихрамға кірген адамға тыйылған нәрселер:

1. Ихрамға кірген адамның денесіне байланысты тыйымдар:

шашын, сақалын, мұртын алу немесе қысқарту;

қолтықтың астындағы және жалпы денедегі түктерді жұлу немесе қысқарту;

тырнақ алу;

шаш, сақал және мұртқа май жағу немесе бояу;

әйелдердің боянулары (лак, далап, т.б.);

денеге немесе ихрамға хош иіс себу және иіс сабын қолдану.

2. Киімге байланысты тыйымдар:

тігілген киім кию. Тігілген киімдерді суықта иыққа жабуға немесе денеге жабуға болады. Бірақ жапқан уақытта қолын киіп, түймелерін түймелеуге болмайды.

изар мен риданың (изар - белден төмен қарай, рида - белден жоғары қарай жабатын сүлгі немесе мата. Бұлардың түсі ақ және жаңа болғаны жөн) шеттерін сөгітіліп кетпеу үшін тігуге, жыртығын жамауға рұқсат. Ақша салу үшін тігілген арнайы қапшық, белдік сияқты нәрселерді, ыстықтай қорғану үшін тігілген қолшатырды қолдануға болады.

басты немесе бетті жабу. Тақия кию, сәлде орау, т.б.

қолғап, шұлық кию.

киімге байланысты тыйымдар тек қана еркектер үшін. Әйелдер әдеттегідей киінеді.

3. Харам аумағына байланысты тыйымдар:

Мекке қаласының және жан-жағындағы «Харам» деп аталатын аумақтан айдарын аулау, өсімдіктерін жұлу немесе шабу ихрамды адамдарға да, ихрамсыз адамдарға да харам.

4. Жалпы тыйымдар:

Әйелімен жыныстық қатынас жасау, сүйісу, құшақтасу, жалпы нәпсіні қоздыратын барлық нәрселерді істеу.

Дінде харам болған істерді жасау.

Мұсылман бауырымен тартысу, ерегесіп, ұрысып, төбелесу, жаман сөз айту, біреуді ренжіту. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Қажылық белгілі (Шәууал,

Зилқағда, Зилхижжаның алғашқы он күні) айларда. Кімде-кім бұл айларда қажылыкты міндеттенсе (мыналарды білсіні) әйелімен жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға болмайды» (Бақара, 2/197).

Аң аулау.

Ихрамдағыға рұқсат істер:                                                                                                                   Иіс сабын қолданбау шартымен жуыну.

Көлеңкеле отыру немесе қолшатыр қолдану.

Дененің түктерін түсірмеу шартымен қасыну.

Сынған тырнақты түсіру.

Тіс пастасымен тіс жуу және көзге сүрме жағу.

Ихрам киімдерін жуу немесе ауыстыру.

Жүзік, сырға, қол сағат қолдану.

Әтір сататын дүкенде отыру.

Гүлді немесе жемісті иіскеу.

Басын және жүзін жайпау шартымен денесін көрпемен жабу.

Зияны тиетін жәндіктерді өлтіру.  Белдік тағу, иыққа сөмке асу.

Ихрамнын сүннет және мұстахаптары:

1. Толық жуыну. Ихрамға кірмес бұрын денені толық жуу - сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ихрамға кірмес бұрын толық жуынған.

2. Ихрамға кірмес бұрын тырнақ алу, шаш түзету, қолтықтың асты және ұятты жердің түктерін алу - мұстахап.

3. Ер адамдар, тігілген киімдерін шешіп, изар және рида деп аталатын екі таза матаға оранады. Изармен кіндіктен төмен қарай оранып, ридамен жоғарғы денесін орайлы. Бастарына еш нәрсе кимейді. Аяқтарына сүйретпе аяқ киім киелі. Ихрамға кірген әйел адам әдеттегі киімдерін шешпейді. Бастары жабық күйде, тек қана жүздері ашық болады.

4. Ихрамды болып жүрген уақытта парыз намаздардан кейін, топтасып жүрген басқа қажыларға кездескен уақытта, жоғары не төмен түсіп-шыққанда және сәресі уақыттарында, жалпы мүмкін болған әр жағдайда көтеріңкі дауыспен тәлбия айту - мұстахап. Әйел адам тәлбия айтқан уақытта даусың қатты шығармайды.

5. Тәлбия айтқаннан кейін көбірек салауат айтып, артынан дұға жасап, тілек тілеу.

6. Ихрамға кірместен (ихрамға кіру - ихрам киімдерін киюмен емес, қажылыққа немесе умраға, яки екеуіне бірдей ниет ету мен тәлбия айту арқылы болады) бұрын

денені әтірлеу - сүннет. Айша атамыз мына хадисті риуаятеткен:«Пайғамбарымыз (с.а.у.) ихрамға кірерде мен оған ең жақсы әтірін жағатынмын» (Бухари, Хаж, 21; Муслим, Хаж, 1-3.). Бірақ, ихрамға кіріп қойғаннан кейін әтір жағуға болмайды.

7. Ихрам намазы. Денені толық жуғаннан кейін немесе дәрет алғаннан кейін, ихрамға кірместен бұрын, екі рәкат намаз оқылады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Зулхулайфада екі рәкат намаз оқып, сосын ихрамға кіргені риуаят етіледі. Бұл намаздың бірінші рәкатында - «Кафирун», екінші рәкатында - «Ықылас» сүресін оқусүннет.

Арафатта тұру (Қажылықтың екінші парызы). Арафа күні түс ауғаннан кейін Құрбан айттың бірінші күні таң намаздың уакъітына дейін Арафат тауында бір мезет болса да тұру - қажылықтың негізгі парызының біреуі. Сондықтан кімде-кім Арафатта бір мезет болса да тұрмаса, қажылық ғибадатын орындамаған болады. Оны келесі жылы қайтадан орындау керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қажылық дегеніміз - арафат, кімде-кім арафатта үлгерсе, қажылыққа үлгерген болады», - деп Арафатта тұрусыз қажылық ғибадатының қабыл етілмейтінін ескерткен. Арафат тауының «Уранә» сайынан басқа барлық жерінде тұруға болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Арафаттың барлық жері уақфа орны», - дейді. Арафаттың «Жәбэлул-рахмә» деген жерінде тұру абзалырақ. Арафат тауында арафа күні күн батқанға дейін болу уәжіп. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай істеген. Сондықтан арафа күні күн батпай қайтқан адамдар жаза ретінде құрбан шалады. Арафатта тұрудың дұрыс болуы үшін ниет және дәретті болу, тіпті ояу болу шарт емес. Дәретсіз, жүніп, хайыз, нифас күйіндегі адамдар да Арафатта тұра алады. Айша анамыз, Пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша, хайыз күйінде Арафатта уақфа (тұру) жасаған.

Арафа күні және Арафатта тұрудын сүннеттері:

Арафа күні күн шыққаннан кейін Арафат жаққа қарай бет алу;

Намира мешітінде түскі намаздан бұрын имамның екі хұтба оқуы;

Аузы берік болмау (ораза тұтпау);

Күн тал түстен ауғаннан кейін мүмкіндік болса, ғұсыл кұйыну;

Арафатта тұруға бар ықыласпен дайын болу;

Бесін және намаздыгер намаздарын бесін уақытында бірге қосып оқу. Намаздың осылай бесін уақытында біріктіріліп оқылуын «жамғу - тақдим» деп атайды;

Бұл намаздардан кейін дереу уақфа жасау;

Уақфа жасаған уақытта дәретті болу;

Уақфаны «Жәбәлул-рахмә» деген төбенің қара тастарында жасау;

Уақфа жасаған уақытта құбыла жаққа бет бұрып, түрегел тұру;

Арафатта бар ықыласпен өзі үшін, әке-шешесі және жалпы мұсылман бауырлары үшін дұға жасау, тілек тілеу. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Дұғалардың ең

қайырлысы - Арафа күні жасалған дұға», - деп бұйырған;

Күні бойы тәлбия, тәкбір, зікір, тәсбих, салауат айтып, күнәларына кешірім тілеу;

Арафаттағы жолдарда уақфа жасамау;

Күн батқаннан кейін Арафаттан баяу жүріспен түсу.

 

Бесін намазы мен намаздыгер намазын бір уақытта қосып оқудың жолы

Арафа күні бесін азаны оқылғаннан кейін бесін намазының алғашқы төрт рәкат сүннеті оқылады, сосын қамат түсіріліп, бесін намазының парызы оқылады. Сосын қайтадан қамат түсіріліп, намаздыгер намазының парызы оқылады. Уақфа болғандықтан, бесін намазының соңғы сүннетін оқу - мәкрүһ. Әр екі намаздың парыздарынан кейін ташриқ тәкбірі айтылады. Осылайша бесін мен намаздыгер намаздары бір азан, екі қаматпен бесін уақытында қосылып оқылады.

Зиярат тауабы (қажылықтыңүш парызының біреуі)

Тауап - араб тілінде зиярат ету, бір нәрсені айналу сияқты мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап Аллаһ Тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес, Аллаһ Тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтуллаһтың айналасында тауап жасау - намаз оқу сияқты. Ерекшелігі - тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп, кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін» (Тир- мизи, Хаж, 112). Қағбаның оңт. жағындағы бұрышында «Хажарул-Әсуәд» деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың қарсысынан басталады. Қағбаны жеті рет айналады. Әрбір айналымға «шаут» делінеді. Жеті рет айналғанда, бір тауап толық бітті деп саналады. Тауапта айналымдарды бірінен кейін бірін істеу шарт емес. Тауап толық бітпей жатып, ортасында дәрет алып, намаз оқып, қайтадан айналуды одан әрі жалғастыруға болады. Тауап жасап жатқан уақытта парыз намаздары үшін қамат түсірілсе, тауапты тоқтатыл, жамағатпен бірге намазға тұру керек. Қалған айналымдарды намаздан кейін жалғастырады.

Тауап түрлері (бес түрге бөлінеді):

1. Кадум тауабы. Бұл - сырттан келетін адамдардың Меккеге келгенуақытта Қағбаға сәлем ретінде жасайтын алғашқы тауап. Бұл тауапты жасау - сүннет.

2. Зиярат тауабы. Қажылардың Арафаттан қайтқаннан кейін жасайтытауабын зиярат тауабы немесе «ифада» тауабы дейді. Бұл тауапты жасау - қажылықтың үш парызының бірі. Зиярат тауабындағы жеті айналымның төртеуі - парыз, үшеуі - уәжіп. Зиярат тауабын жасамаған адам қажылық жасаған болып саналмайды. Зиярат тауабының дұрыс орындалуының бірінші шарты: Арафатта уақфаның жасалған болуы. Екінші шарты: бұл тауаптың белгілі уақытта жасалуы. Бұл уақыт - Құрбан айттың бірінші күні таңның атуынан бастап, өмірінің соңына дейінгі уақыт. Бірақ Әбу Ханифаның пікіріне сүйенсек, бұл тауаптың Құрбан аштың 1, 2, 3-күндерінің біреуінде жасалуы - уәжіп. Осы күндерден кешіктірілсе, жаза ретінде құрбан шалу керек. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммед бойынша, бұл тауапты Құрбан аштың 1, 2, 3-күндері жасау уәжіп емес, сүннет. Сондықтан бұл тауап айт күндерінен кейін жасалған жағдайда ешқандай жаза керек емес. Бірақ зиярат тауабын Құрбан айттыңалғашқы күні жасау абзал, әрі сауабы мол.

3. Уадағ (қоштасу) тауабы. Қажылықта Минада шайтанға тас лақтырғаннан кейін, Меккеге қайтқан кезде жасалатын тауап. «Садәр тауабы» деп те аталады. Қажылыққа сырттан келгендер үшін бұл тауапты жасау - уәжіп. Бұл тауапты жасау арқылы қажы амалдары тәмамдалады. Тауаптан кейін қажылар Қағбамен қоштасып, отандарына қайтады.

 

4. Нәпіл тауабы (Парыз және уәжіп болмаған тауап). Мекке мұсылмандарының әрдайым жасап тұратын тауабы. Сырттан келгендерге де жасауға болады. Нәпіл тауап жасау нәпіл намаз оқудан да абзал. Өйткені намазды әр жерде оқуға болады. Ал, тауап Қағбада ғана жасалады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауаптың кереметтігін былай деп сүйіншілейді: «Кімде-кім Байтуллуһқа тауап жасаса, атасынан жаңа туылғандай, күнәларынан арылып, тазарады» (Тирмизи, Хаж, 41.).

"Жылыой мұсылмандары мешітінің" қызыметкері Демеуов Ербол

Жоғарыға