Бір күнім өтті...
Бұрынғы өткен данагөй бабаларымыз, түс қайтып, қас қарайғанда: «Бір күнім өтіп барады», – деп көкіректері қарс айрылып, өкінеді екен. Онысы– осы өткен бір күнде нендей пайдалы іс бітірдім, немесе бітіре алмадым? – деп өздерінен есеп ала- ды екен.Себебі, Алла тағаланың әр таңы мен батқан әр түні үшінақыретте сұраларымыз анық. Біз бұл дүниеге тек ішпек, жемек үшін келген болсақ, онда айуаннан айырмамыз қандай, ағайын? Және жасырып-жабары жоқ, «ертең нешінші күн?», «пәленшенің тойы, түгеншенің садақасы қашан?» – деп, болмаса «жалақы мен жазғы демалысты» уайымдауменен уақыт өтіп жатқан секілді.Құлшылық –ғибадат, ақирет уайымы қайда?..
Жаратушы Раббымыз қасиетті Құран-Кәрімде: «Мен жындар мен адамдарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым»,– дейді. Ардақты елші Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ертең істеймін деген адам алданды», –деп уақытты алдаудың мүмкін емес екенін ескертеді.Яғни, бір күніңді текке өткізіп, «уақыт өлтіргеннен»өзге түк бітірмеуді меңзеп тұр.
Имам Шафиғи:«Уақыт өткір қылыш секілді.Сен оны кеспесең, ол сені кеседі.Біз уақытты айыптаймыз.Алайда айып бізде.Егер уақыт сөйлей алғанда, ұялғанымыздан қашатын жер, кіретін саңлау таппай қаларымыз анық», – деген екен.
Абай (Ибраһим) атамыз:
Бір күнді бір күн қуалар,
Бір сәт дамыл еткізбес.
Бір ойды бір ой қуалар,
Желге мінсең жеткізбес, – деп уақыттың ұшқыр ой-қиялдан да жүйрік екенін есімімізге бір салып өтеді.Жалпы, жер-қиянның білімін тауыссақ та осы данышпан Абайлар мен ар мен намысты алға қойған аталарымыздан асырып айта алмаспыз.Дегенмен «шәлдүр-шүлдір» сөйлеп, «шимақтап» бірдеңе жазғандай болып жүрміз, қайтейік?
Мұзбалақ ақын, Мұқағали Мақатаев отты жырларының бірінде:
«Алдандырып әлдилеп кеше-бүгін,
Неше жылым өтті екен, неше күнім?
Қаншама ойлар қалды екен қаза болып
Жастығымның астында төсегімнің?
Түн маған ұйықтау үшін берілмеген,
Ұйқы тең шала-жансар өлімменен,
Қанша менің өлді екен уақытым.
Ақ төсек, ала жастық кебіндеген?!», – деп оймақтай ой тастайды.
Ойланайық, ордалы ағайын...
Мақсот Бағытжанов,
«Мәулімберген» мешітінің бас имамы.
Атырау қаласы, Алғабас ауылы.