Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Шүкір ету де – ғибадат

Шүкірлік ету адамның өзіне жасалған жақсылық үшін ризалығын білдіріп, алғыс айтуы, Алла тағалаға қарыздар екенін білдіруі. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Сендерге берген нығметтердің халал болғандарынан жеңдер! Егер тек қана Аллаға (табынатын) құлшылық ететін болсаңдар, Оған шүкір етіңдер» (Бақара сүресі, 172-аят). Келесі бір аятта да: «...Кімде-кім  шүкір етсе, өзі үшін еткен болып табылады. Кімде-кім күпірлік етсе, күмәнсіз Раббым ешкімнің шүкіріне мұқтаж емес» (Нәміл сүресі, 40-аят) деп айтылған.

Жалпы, шүкірлік ету үш сатыдан тұрады, олар:

1.Тілмен шүкірлік ету

2.Іс-әрекетпен шүкірлік ету.

3.Жүрекпен шүкірлік ету.

Тілмен шүкірлік ету.

Бұл – жақсылық пен нығмет, ризық пен жәрдем беруші Алла тағалаға мадақ айту. Яғни, шүкірлік еткенімізді тілмен білдіру.

Іс-әрекетпен шүкірлік ету.

Бұл – жақсылық пен нығмет, ризық пен жәрдем беруші Алла тағлаға айтар алғысымызды іс-әрекетімізбен жеткізу. Әлбетте, бұл оның ризалығына сай әрекет арқылы ғана орындалады.

Жүрекпен шүкірлік ету.

Бұл – нығмет беруші Алланы тану және оны растап, оған бойсұну. Шүкірлік етуде осы үш негіз болмаса, жасалған шүкірлік кем болып саналады. Риуаяттарда пайғамбарымыз (с.ғ.с) Айша анамызға былай деген:

– «Әй, Айша, Жәбірейілдің (а.с) маған хабар беруі бойынша Алла тағала Қиямет күні мақлұқатты жинаған кезде біреуден жақсылық көрген құлына:

        Саған жақсылық істеген адамға рахмет айтып па едің? –  дейді екен. Ол:

– Уа, Раббым! Маған көрсетілген жақсылықтың Сенен ғана келгенін білгендіктен, тек Саған шүкіршілік еттім, – дейді. Сонда, Алла тағала:

– Ол жақсылықтардың саған жетуіне себепші болған құлыма шүкір етпейінше, маған шүкір еткен болып саналмайсың, – дейді» (Әли әл-Муттақи).

Сонымен қатар, шүкірлік пенденің Аллаға деген құрметін білдіретін және Алланың адындағы дәрежесін көтеретін ахлақи ерекшеліктерінің бірі екенін де атап өткен жөн. Дегенмен, мұндай қасиетті бойына жинаған адамдар өте аз екені – шындық. Құранда Алла тағала: «Құлдарымның ішінде лайықты түрде шүкір етушілер өте аз» (Сәбә сүресі, 13-аят).

Шүкірлік етушілерге жоғары дәрежедегі нығметтер беріліп, Алла тағалаға жақындайды. Шүкірлік етпегендерден жақсы қасиеттер мен даналық, мағрифат қайтарылып алынады. Сөйтіп, адам өз бойындағы осындай игі қасиеттерден айырылып, жұрдай болады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) барлық жағдайда да әрбір іс-әрекет жасағанда Алла тағалаға мадақ айтып, шүкірлік еткен. Сондықтан, пайғамбарымыз (с.ғ.с) секілді шүкірлік етіп, сан мың нығмет пен амандық бергені үшін Раббымызға ризалығымызды білдіруіміз керек.

Ата-бабаларымыз «азға шүкірлік етпегеннің, көпке қолы жетпес», – деген екен. Яғни, азға қанағат қылғанға, Алла тағала мына дүнеде молшылық, ақиретте жәннат қызығын нәсіп етеді. Құран кәрімде Алла тағала: «Алланың бұйрығы болмайынша, ешкім өлмейді, ол – жазулы бір мерзім. Кім дүниенің пайдасын тілесе, оған одан береміз. Ал, кім ахирет пайдасын қаласа, оған одан береміз. Сондай-ақ, шүкірлік етушілерді сыйға бөлейміз» (Әли Имран сүресі, 145-аят).

Алла тағала шүкір еткен құлдарын сыйға бөлейтінін айтып сүйіншілеп, уәде берген. Шүкіршілік ету – иманы кәміл құлға тән амал. Иманы жоқтың шүкір етуі мүмкін емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бар күнәсі кешірілсе де, күніне жетпіс рет тәубе жасап, истиғфар (жарылқау тілеу) еткен. Парыз ғибадаттарға қоса нәпіл ғибадаттарды да жасаған. Қиямда көп тұрғандықтан аяқтары ісіп, тіпті, сәждеде басы тиген жер көз жасынан ылғалданады екен.

Ата бин Әби Рабахтан: «Алла Елшісінің өзің куә болған бір кереметін бізге айтып бер» дегенімізде, хазіреті Айша (р.а) көзіне жас алып, сосын былай дейді:

– Оның барлық ісі кісі таң қаларлық болатын. Түнде тәнім төсекке тиіп жатқанда, ол: «Әй, Әбу Бәкірдің қызы! Мені жібер. Раббыма ғибадат қылайын», – деді. Мен:

– Сенің қасыңда болуды ұнатам. Бірақ тілегіңді орындауға әзірмін», – деп, рұқсат еттім. Алдымен орнынан тұрып, құмандағы суды үнемдеп дәрет алды. Намазда тұрып егілгенде, көз жасының көкірегіне дейін аққанын көрдім. Рукуғқа барғанда да көз жасы тиылмады. Сәжде жасағанда да, басын сәждеден көтергенде де жылады. Бұл намазы таң жалғасты. Таң намазы таң уақыты кіргенде Біләл Хабаши келіп, азан шақырды. Сол кезде мен оған:

– Әй, Аланың Елшісі! Сонша неге жыладың? Алла сенің өткен және алдағы уақыттағы күнәларыңды кешірді емес пе? – дедім. Сонда ол былай деді: «Шүкірлік етуші құл болмаймын ба?!». Алла тағала Құранда: «Аспан мен жердің жаратылысында, күн мен түннің кезекпен алмасуында ақыл иелері үшін айқын дәлелдер бар. Олар (ақыл елері) отырса да, тұрса да, жантайып жатса да Алланы еске алады. Аспан мен жердің жаратылысында ой жүгіртеді де (былай дейді): «Уа, Раббымыз! Бұларды бекер жаратпадың, біз Сені барлық нұқсаннан пәк деп білеміз. Бізді тозақ отынан сақтанғайсың!» деген» деді (Әли Имран сүресі, 190-аят).

Адамның Аллаға деген иманы, итағаты, қорқуы және сүйіспеншілігі мөлшерінде ғана Оның әмірлерін орындап, құлшылық қылатыны рас. Шүкірлік етудің де құлшылыққа жатарын ұмытпай, Алла тағалаға деген иманымызды, бойсұнуымызды күшейтейік. «Шүкір етуші құлдарым аз» деген аяттағы «аздардың» бірі болайық. Қандай жағдайда болмасын, халіне шүкір етпеген адамның шүкірсіз қалатынын яғни, жақсылықтан жұрдай болатынын естен шығармаған абзал.

Баяғыда, егіз екі бауыр өмір сүріпті. Арқалары жабыса туғандықтан, екеуі жатса да, тұрса да бір-бірінен бір елі ажырамайды екен. Егіздің бірі «Бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» деп, жағдайына шүкірлік етсе, сыңары ашуланып «Бұдан жаман не болатын еді?» деуді әдетке айналдырыпты. Содан дәм тұзы таусылып, егіздің біріншісі қайтыс болыпты да қалған өмірін оны арқалаумен өткізіпті. Сөйтіп, «шүкірлік етпеген адам шүкірсіз қалар» деген сөздің мағынасын ұғыпты. Бұл тәмсілде түсінген адамға  үлкен ғибрат бар.

 

 

Біләл Сағындықов,

Жылыой аудандық орталық

 

мешітінің ұстазы 

Жоғарыға