Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Құран оқудың артықшылығы.

      Құран – адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Аллаh тағала: «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер» – десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Сендердің ең жақсыларың  – Құранды үйреніп оны үйреткендерің» – деп өсиет қалдырған. Қасиетті кітапты оқу – ең ұлы ғибадаттардың бірі және Аллаға жақындататын төте жол. Құран оқудың артықшылығы  мен Құранды оқыған адамның дәрежесі  көтерілетіндігі жайлы Пайғамбарымыздың хадистері жетерлік. Мысалы: «Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандарға шапағатшы болып келеді» – дейді ардақты Елші өз хадисінде. Құран оқу арқылы мұсылман Аллаға жақындай түседі, өйткені Алланың сөзіне деген махаббат оны Алланың өзіне деген махаббатқа жетелері сөзсіз. Құран – Алланың сөзі, ал оны оқу – зікірлердің ең абзалы болып табылады. Алла Тағала оқылған әрбір әріп үшін бір жақсылық жазды.

Құранды мәнерлеп оқыған кісінің сыйлығы – жәнатта құрметтілердің дәрежесінде болады. Ал кім қиналып оқыса, оған оқығаны үшін бір сауап, қиналғаны үшін бір сауап беріледі. Алла Тағала адамзат баласын ақылмен ардақтап, пендесі құр босқа ғұмыр кешіп, құмарын қандырып құрдымға кетпеуі үшін қасиетті кітабын түсірді. Сол арқылы ақыл иелерін ең тура жолға бастады. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Негізінде осы Құран ең тура жолға салады. Әрі дұрыс іс істеген мүміндер үшін әрине зор сыйлық бар екендігін сүйншілейді» – деген.

Қорытынында айтарым, Алла тағала қыбламыз бір, кітабымыз бір, намазымыз бір деген үмметі Ислам туының  астына біріктіріп, басқа ұлттар және діндегілермен жақсы мәмледе болуға шақырады. Құранды аманат етіп түсірген құдіреті шексіз Аллаға сансыз мақтаулар болсын!

 

 

 

 

 

 

Дайындаған: «Иманғали орталық» мешітінің азаншысы: Урумбаев  А. А

Жоғарыға