Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Дін ғалымы қандай болуы керек?

Дін ғалымы қандай болуы керек?

 

Өткен мақаламызда мұсылманның кімнен пәтуа алуы керектігі мәселесіне тоқталған едік. Енді пәтуа беретін ғалымның бойынан табылуы керек қасиеттер жайында сөз қозғамақпыз. Ол сипаттар мынадай:

1.Білімді болуы керек. Ең алдымен, дін ғалымы дін тарихын жете меңгерген адам болуы тиіс. Діни тарихы дегенде, ең алдымен – Құран мен пайғамбар (с.ғ.с)  сүннетін жетік білуі тиіс. Бұларды білмеген адам өзгені адастыруымен бірге, өзін де жақсылыққа жетелей алмайды. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл турасында «Білмесе де адамдарға пәтуа берген кісіге аспан мен жер періштелері лағынет айтады» (Ибн Асакир, Тарих) дейді.

2.Тақуа болуы керек. Бұл пәтуа беретін адамның жауапкершілігін  толығымен сезінетінін білдіреді. Бір хадис шәрифінде пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Білімсіздің берген пәтуасымен істелген күнә пәтуа берген адамға жүктеледі» (Әбу Дәуіт, Ілім 8) – деген.

Тақуа ғалым барынша күнәға батудан сақтанатын адам. Демек, ғалым пәтуа беруде қателікке жол бермеуі керек. Білмейтін мәселесі туралы пәтуә бермегені абзал. Тақырыпқа байланысты Имам Мәлік: «Діни мәселеде сұрақ сұралған адам, жауап бермей тұрып өзін жәннәт пен тозаққа ұсынсын. Ахыреттегі жағдайын сараптаған соң ғана сұраққа жауап беруі керек», – деп ерекше ескертсе, тағы бір сөзінде пәтуа беретін адамға тақуалықтың қаншалықты қажет екендігін: «Хазіреті пайғамбардың (с.ғ.с) асхабы тікелей Алла тағала тарапынан құрметке, табысқа және пәктікке ие бола тұрып, қиналған мәселелерінде жолдастарымен ақылдасып, пікірін алмайынша ешнәрсе айтпайтын еді. Жүрегімізге осынша күнә мен қателік таралған мына біздер, қалай ғана оп-оңай пәтуа бере аламыз?», – деп жеткізген.

3.Жауапкершілікті болуы керек.

Діни мәселелерде абай болуы қажет ететіндігін ескерсек, бұл тақырыпта сөз сөйлейтін адамның діни мәселерді адамның пайдасы мен әуестігіне жығып бермеу дегенді білдіреді. Жауапкершілікті сезінген ғалымдар діннің қадір-қасиетін барлық нәрседен жоғары ұстай біледі. Құран тілімен айтар болсақ, «дінді аз ғана бағаға сатпайды». Адамның құмарлығына сай, олардың мазасын алмайтын деңгейде пәтуә беретін, жасанды «ғалымдар» бүгінгі күні көптеп кездеседі. Мұндай адамдар өз мүдделерін барлығынан жоғары қойып, дінді өз пайдаларына қолданады. Олар жайында Құранда: «Алла түсірген кітаптың сөзін жасырып, оны болмашы ақшаға сататындарың жеп, қарнын қампайтқаны тек от қана. Қиямет күні Алла оларға тіл де қатпайды. Олардың күнәларын да кешірмейді. Олар қатты азапқа душар болады» (Бақара, 174-аят), – делінген.

Имам Мәлік қарастырып жатқан бір мәселеде жетпіс кісі өзінің көзқарасын қуаттамайынша пәтуа бермегендігін білдіреді. Дін ғалымдары: «Діни тақырыпта пәтуа беретін кісі, өзін бұл істің кемеңгері санамасын және мәселені өзінен де жақсы білетін біреуден сұрасын», – деген екен. Сонымен қатар, Имам Мәлік өзі Рабия және Яхия бин Саидтен сұрамайынша пәтуа бермегендігін, фиқһтағы алған орнына қарамастан бұл екі ғалымның көзқарастары бойынша әрекет еткендігін айтудан арланбаған.

Мәлік бин Әнәсті көргендер ол жайлы мынадай сипаттама береді: «Оған бір сұрақ қойылған кезде, құдды жәннәт пен тозақ арасында тұрғандай болатын». Бұл – оның бойындағы жауапкершілікті көрсететін маңызды қасиет.

4. «Білмеймін» дей білуі керек. Дін ғалымы өзіне қойылған барлық сұраққа  жауап беруге мәжбүр емес. Себебі, кез-келген маманның өз саласындағы барлық нәрсені білуі мүмкін емес. Осыған орай сахаба Абдұллаһ бин Мәсуд (р.а): «Адамдардың сұраған әрбір діни мәселесіне жауап бере берген адам – нағыз жынды» (Табарани, Мүжем ІХ, 188) деуі, діни турасында сөз сөйлеудің қиындығымен қатар, пәтуа сұралған адамның барлық нәрсені біле алмайтындығына дәлел.

Білмейтін мәселесіне «білмеймін» дей білу ұлылығын пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз өмірінде көрсеткен болатын. Оған (с.ғ.с): «Бір мемлекеттің ең жаман жері қай жер?» деп сұрақ қойылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «білмеймін» деп жауап береді. Осы сұрақты Жәбірейілге (а.с) жеткізген кезде, ол да «білмеймін» деп жауап қатады. Жәбірейіл (а.с) Алла Тағаладан сұрағанда «базарлары» деген (Ахмед, Мүснәд IV, 81).

Ғұламалардан бірі, медреседе дәріс беретін ұстазға шәкірттерін нұсқап: «Бұларға не үйретіп жатырсың?», деп сұрайды. Ұстаз: «Сарф, нахив, фиқх, хадис», деп бірталай ғылымды тізбектей жөнелтіпті. Сонда әлгі ғалым басын шайқап: «Жо-оқ! Бұларға бәрінен бұрын «білмеймін» деуді үйрет» деген екен.

Бір күні Имам Мәлікке бір мәселе жайлы сұрақ қойылады. Имам «білмеймін» деп жауап береді. «Негізінде бұл жеңіл, әрі оңай мәселе еді ғой» дегенді естігенде, Имам Мәлік ашуланып: «Ғылымда жеңіл нәрсе жоқ. Алланың «Әлбетте, Біз саған ауыр бір сөз уахи етеміз» (Мүзәммил сүресі, 5-аят) деген аятты естімедің бе? Сондықтан, ғылымның барлығы ауыр. Әсіресе, қиямет күні сұраққа тартылатын ғылымыңыз», - дейді.

Жоғарыда айтылып өткен екі оқиғада да мына нәрселерді көреміз: Діни мәселелерде пәтуа беретін адам басқаның айыбын көзге ілмей, кішіпейілділік танытып, білмейтін тақырыбында ешнәрсе айтпауы тиіс. Ең болмағанда іздестіріп, зерттеп, «кейін жауабын беремін», деуі керек. Бұл – нағыз ғалымға жарасатын қасиет. Ал, білгішсініп, әр мәселеде пәтуа беру әрі бұл дүниеде, әрі ақыретте масқара болуға алып баратын әрекет. Ертең ақыретте, Алла: «Жаңылыс пәтуа беріп, адамдардың қате істеуіне себеп болдың» деп айыптағанынан гөрі бүгін адамдардың «ешнәрседен хабары жоқ» деп, бұл дүниеде айыптағаны мың есе артық емес пе?

5. Айтқандарын өзі іске асыруы керек. Бұл – дін ғалымы үшін өте әсерлі, маңызы рөл атқарады. Құран Кәрімде Алла тағала: «Ей, иман келтіргендер! Істемейтін нәрселеріңді неге айтасыңдар? Істемейтін нәрселеріңді айтуларың Алланың хұзырында ашу (тудыратын нәрселер) тұрғысынан үлкен нәрсе болып табылады» (Саф сүресі, 2-3 аяттар) деу арқылы адамның тек қана өзі істеген нәрселерін басқаларға өсиет етуге ақысы бар екендігіне ишарат етуде. Мына хадис шәриф айтқандарын іске асырмағандардың ақыры не болатынын білдіруде: «Қиямет күні бір адам әкелініп, тозақ отына тасталады. Ішектері қарнынан шығып, олармен диірмен айналдырған есек секілді отта айналып тұрады. Тозақ жұрты оның қасына жиналып:

– Ей, пәленше! Саған не болған? Сен жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаушы ма едің? – дейді. Сонда әлгі адам:

– Иә, жақсылыққа шақырушы едім. Алайда, өзім істемейтінмін. Жамандықтан тыюшы едім, бірақ өзім істейтін едім, – деп жауап береді»(Бұхари, Бәдүл-Халқ 10; Мүслим, Зүһд 51).

Осы айтылған нәрселерді қуаттай түсетін өнегені Османлы мемлекетінде профессорлық дәрежеге жеткен, бірнеше кітаптың иегері, Омар Насухи Билмен ұстаздан көруге болады. Ол бірде Ыстанбулда, шәкірттерімен жолда кетіп бара жатқанында біреу діни бір мәселе жайлы сұрақ сұрады. Ұстаз: «Білмедім. Ертең мекемеме келіңіз. Сонда жауап берейін», дейді. Әлгі адам кеткен соң, жанындағылар Билмен ұстазға: «Ұстаз, ол өте оңай сұрақ еді ғой. Бұл сұрақтың жауабын біз де біле аламыз ғой. Сіздің білмеуіңіз тіпті мүмкін емес», деп таң қалғандарын білдіреді. Билмен ұстаз болса шәкірттеріне: «Жігіттер, бері қараңдар! Біз діни біліммен айналысудамыз. Бұл тақырыпта сөз сөйлеу өте қиын. Жаупкершілікті талап етеді. Бұл сұрақтың жауабын мен де білетін едім. Бірақ, жауабын дереу бермегенімнің себебі, біріншіден, діни мәселені жүре сұрауға болмайды. Бұл мән бермеуді білдіреді. Жүре сұралған сұраққа жүре жауап беру, сұрақ қоюшы үшін де өз маңызын жояды. Әрі бұл адам ертең маған тек осы мәселе үшін келгесін, оның әрбір қадамына сөзсіз үлкен сауап жазылады. Екіншіден, мен де бұл мәселені кітаптардан қайта қарап шығып, білмейтін кейбір нәрселерді үйретуге мүмкіндік аламын», дейді.

Жоғарыда барлық айтқандарымыз бір сөзбен қорытындылайтын болсақ, дін атынан сөз сөйлейтін адам – сол діннің ғалымы, жауапкершілігін білетін, тақуа адам болуы тиіс.

Алла тағала баршамызға кішіпейілдікті ешқашан уысымыздан шығармауды, білгендерімізбен амал етуді нәсіп етсін. Әмин!

 

 

Дастан Сүлейменов,

Жылыой орталық мешітінің

 

ұстазы

Жоғарыға