Исламдағы бала тәрбиесі
Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады», – деген қанатты сөз бар. Сондықтан жанұядағы имандылық – бала тәрбиесінің басты қайнар бұлағы. Тәрбиені діннен бөліп қарауға әсте болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде: «Бірде екі жасар баласы бар, әйел: пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп, тәрбиені қай жастан бастайың? – деп сұрағанда. Алла елшісі (с.ғ.с) «Екі жыл кеш қалдың», – деген екен. Және пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Сендердің бәрің бақташысыңдар, бәрің өз отарларына жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты. Ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты. Ал, әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы, әрі соларға жауапты. Кісінің құлы қожайының малына бақташы, әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар, әрі бәрің де өз отарларына жауаптысыңдар!», – деген. Сондықтан әрбір ата-ананың міндеті, балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеп, имани тәрбиемен сусындатуы және махаббат нұрын жаудыруы керек. Қазақта «Бала ұяда не нәрсе көрсе, ұшқанда соны іледі», – деген мақал бар. Ата-ана үй ішінде қаңдай тәрбие берсе, балада сыртқы ортада сол тәрбиені көрсететін болады. Әрбір ата-ана өз баласының иманды да ибалы болуын, жоғары биіктерден көрінгенін қалайды. Бірақ «Алма піс, аузыма түс», – деп бос тілеумен ғана жүруге болмайды. Баланы сондай тура бағытқа бағыттап, ақыл кеңес айтып, бағдар беріп көрсету ата-ананың міндеті. Баланың әр қадамын бақылап жаман жолдан және сол жолға түсуден сақтандыруымыз керек. Алла тағала өз Құран кәрімінде айтады: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді және отбасыларыңды, отыны адамдар мен тастар болған Оттан (тозақтан) құтқарыңдар», – деген. (Тахрим, 6). Және Әнфал сүресінің 28 аятында «Біліңдер! Шындығында мал-мүліктерің және балаларың сынақ, ал Алланың алдында үлкен сыйы», – деген. Яғни бала ата-ананың жемісі, айнасы. Олардың балаға берген тәрбиесі қазақи жақсы, имани тәрбие болса бұл өмірде ол баласы төрге шығарады. Ал, ақыретте барар жері жаннат болмақ. Сондықтан балаларымызға беріп жатқан тәрбиемізге ұқыпты болып, Алладан жәннатты сұрайық.
Есекеева Ұлбала,
«Әйіп қажы» мешітінің ұзтазы