Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сағд ибн Муаздың (р.а) тағдыры

Сағд ибн Муаз (р.а.) Милади 590 жылы Мадинада туған. Бану Абди Ашхал руынан шыққан. Лақаб есімі – Абу Ғамр. Исламды өмірінің отыз бірінші жылында Мусғаб ибн Умайрдың (р.а.) Мадинада жүргізген уағыз-насихаттары нәтижесінде қабыл етеді.

Сағд ибн Муаз (р.а.) Әус руының көсемі болатын. Әбу Бәкір (р.а.) мұхажирлер арасында қандай ілтипатқа ие болса Сағд ибн Муаз (р.а.) да ансарлықтар арасында сондай беделді болатын.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мадинаға қоныс аудармас бұрын Мусғаб ибн Умайрды (р.а.) ол жерге мұғалім етіп жібереді. Мусғаб ибн Умайр (р.а.) Исламға насихаттауды Асғад ибн Зурараның (р.а.) үйінде бастайды. Құран аяттарын оқып мұны жаңа мұсылмандарға да үйретеді. Бұдан Сағд ибн Муаз (р.а.) да хабардар болады. Бірақ Асғад ибн Зурара (р.а.) туысы болғандығы үшін алдымен өзі бармастан Усайд ибн Худайрды (р.а.) жібереді.

Усайд ибн Худайр (р.а.) оларға келіп: «Қандай мақсатпен келдіңдер? Неліктен халықты арбап жолдан тайдырып жатсыңдар?»  – деп тергей бастайды. Мусғаб ибн Умайр (р.а.) болса жұмсақ тілмен: «Әзірше тоқтай тұрыңыз, сөзімді бір тыңдаңыз», – дейді де оны жанына отыртады. Ислам дінін түсіндіре келіп Құран аяттарын да оқып береді.

Құранның теңдесіз терең мағынасы мен аяттарының үйлесімділігінен қатты әсерленген Усайд ибн Худайр (р.а.) иманға келіп: «Неткен ғажайып? Бұл дінге кіру үшін не істеу қажет», – деп сұрайды. Мусғаб ибн Умайр (р.а.) оған Исламды түсіндіреді. Тілін Кәлима-Шәһәдатқа келтіріп мұсылман болады. Усайд ибн Худайр (р.а.): «Мен барып Сағдты жіберейін. Егер ол мұсылман болса мұнда иман келтірмейтін адам қалмайды», – деп кері оралады.

Сағд ибн Муаз (р.а.) ашулы күйде келеді де: «Ей, Асғад! Егер сенімен арамызда туыстық болмағанда руымызға жасап жатқан ісіңе еш сабырлық танытпас едім», – дейді. Мусғаб ибн Умайр (р.а.) оны да жылы шыраймен қарсы алып көркем тілмен: «Кішкене кідіре тұрыңыз! Отырып тыңдаңыз! Айтқандарымды ақылға қонымды деп ұнатсаңыз қабыл етіңіз, ұнатпасаңыз біз де ұсынысымыздан бас тартайық», – дейді. Исламды түсіндіріп Құран аяттарын оқиды.

Құран оқылып жатқанда ақ жүзі жарқыраған Сағд ибн Муаз (р.а.): «Сендер бұл дінге кірерде не істейсіңдер?» – деп сұрайды да мұсылман болады. Сағд ибн Муаз (р.а.) Бәдір мен Ұхуд соғыстарына қатысты. Бәдір соғысында сөзге шебер Сағд ибн Муаз (р.а.) мұсылмандарды шайқасқа үндейді. Айтқан сөздерінен батылдығы мен шыдамдылығы байқалатын. Сағд ибн Муаздың (р.а.) үндеуіне пайғамбарымыз (с.ғ.с) да дән риза болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ансар мен Мухажирден құралған сахабаларымен шайқас алды кеңес өткізеді. Кеңесте пайғамбарымыз (с.ғ.с) Ансарлық мұсылмандардың шайқас әдісі жайындағы пікірлерін білгісі келеді.

Ансарлықтар атынан сөз алған Сағд ибн Муаз (р.а.): «Уа, Алланың Елшісі! Біз саған сендік. Алла тарапынан түсірілген Құранның хақ екендігін қабыл еттік. Саған еруге және мойынсұнуға сөз бердік. Қалауыңша әрекет ет. Біз сенімен біргеміз. Сені пайғамбар етіп жіберген Алланың атымен ант етемін, егер де сен теңізге кірсең біз де сенімен бірге кіреміз. Біз дұшпанға қарсылық көрсетуден қорықпаймыз. Соғыста батылдық пен шыдамдылық танытуды білеміз. Дұшпан әскерімен кездескенде ансарлықтардан сені разы ететін батырлар шығатындығынан үміттімін. Дұшпанға қарсы шабуыл бұйрығын беріңіз», – дейді.

Ұхұд соғысында Ислам әскері күтпеген жерден Құрайыш руының шабуылына тап болады. Мұсылмандар тұтқиылдан ұрылған соққыға төтеп бере алмай жан-жаққа тарай бастайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) жанында бірнеше сахаба мен Сағд ибн Муаз (р.а.) қалады. Міне, осы сахабалардың табандылық танытуларының нәтижесінде қайта жиналған мұсылмандар жеңіске қол жеткізеді.

Хандақ соғысында Құрайш руы басқа араб руларынан да көмек алып үлкен қолмен Мадинаны бетке алады. Құрайш руына жәрдем еткендер арасында яһуди рулары да болатын. Солардың бірі – Бану Құрайза руы. Бұл яһуди руы Мадинамен бейбіт келіссөз жасасқан болатын. Құрайштықтарға жәрдем ететіндігі жайлы хабар мұсылмандарға жеткенде пайғамбарымыз (с.ғ.с) мәселенің анық-қанығын білу мақсатында оларға Сағд ибн Муаз (р.а.) бен Сағд ибн Убаданы (р.а.) жібереді. Яһуди руы келген елшілермен ешбір мәмілеге келместен келіссөзді бұзғандықтарын жариялайды.

Мұсылмандар Мадина қаласының айналасына ор қазады. Бұрын-соңды арабтар үшін таңсық болған мұндай соғыс айласы дұшпан әскерін састырады. Қаланы қоршауға алған дұшпан мұнысынан еш нәтиже өндіре алмай әуреленіп жатты. Садақшылар оқ жаудырып қаланы тізе бүктіруді де ойластырады. Осындай оқтардың бірі Сағд ибн Муазға (р.а.) тиеді. Сағд ибн Муаздың (р.а.) жарақатынан қан тоқтамай дәрігерлік көмек көрсетілуі үшін пайғамбардың (с.ғ.с) әмірімен мешіт жанына шатыр тігіліп сонда жатқызылады.

Бұған қоса бір түні қатты боран тұрып құрайштықтардың қару-жарақ пен шатырлары ұшады, көліктері қашады. Дұшпан әскері арасында үрей орын алады. Жиналып кері оралуды ұйғарады. Мықты қаруланған және саны көп әскерді жеңіл жеңген мұсылмандар Бану Құрайза яһуди руын қоршауға алады. Қаланың сыртпен байланысын үзеді. Су мен азық-түлік тапшы болады. Құтыла алмайтындықтарын сезген яһудилер пайғамбарға (с.ғ.с) өз араларында оның қабыл ететін ұсынысын жасайық деп шешім қабылдайды. Ұсыныстары болса соғыссыз берілуі және Сағд ибн Муаздың (р.а.) олар жайында үкім беруі болатын.

Сағд ибн Муаздың (р.а.) жарақатын емдеу және оны бақылап тұру үшін хз. пайғамбарымыз (с.ғ.с) ол үшін мешіттің жанына шатыр тіккізген болатын. хз. пайғамбарымыз (с.ғ.с) Сағд ибн Муазға (р.а.) адам жолдайды. Сағд ибн Муазды (р.а.) бір көлікке салып әкеледі. Хз. пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған: «Ей Сағд! Бану Қурайза жайында үкім бер», – дейді.

Сағд ибн Муаз (р.а.): «Жауынгерлерінің өлтірілуі, жастарының жер аударылуы және дүние-мүліктерінің тәркіленуі қажет», – дейді. Сағд ибн Муаз (р.а.) яһуди дінінде сатқындарға қолданылатын жазаны Бану Қурайза руына береді. Осылайша Сағд ибн Муаз (р.а.) өшпенділік пен зұлымдыққа бой алдырмастан әділ үкім береді.

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с) Сағд ибн Муаздың (р.а.) жағдайын білу үшін шатырына келеді. Сағд ибн Муаз (р.а.) жарақаты асқынып ауыр халде жатқан еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Сағд ибн Муаздың басын құшағына алып: «Аллаһым! Сағд сенің ризалығың үшін жиһад етті. Пайғамбарыңды мойындады. Оған жеңілдік көрсет», – деп дұға етті.

Сағд ибн Муаз (р.а.) көзін ашып дүниеде соңғы көргені пайғамбарымыз (с.ғ.с) болғанын қалайды.

Сағд ибн Муаз (р.а.) қайтыс болғаннан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ей, Абу Ғамр! Сен басшылардың қайырлысы едің. Алла саған қайырлы сый берсін. Сен Аллаға берген сөзіңде тұрдың. Алла та саған уәде еткен нәрселерін береді», – дейді.

Осылайша Сағд ибн Муаз (р.а.) Милади 627 жылы отыз жеті жасында шейт болады да Жаннтул-Бақи мазарына жерленеді.

 

Есқайыров Асыланбек,

«Тұрғызба ауылдық» мешітінің имамы

Жоғарыға