Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Аманатқа берік болу – мұсылмандық бейнесі

Тапсырылған аманатқа қиянат қылу – күнә. Аманатқа отбасы алдындағы жауапкершілік, қоғам алдындағы жауапкершілік және тағы басқа да толып жатқан міндеттер жатады. Сол сияқты адамдар арасындағы бір-біріне сеніп тапсырылған нәрселер де аманат саналады. Қазіргі кезде аманатқа қиянат жасау көп таралған күнәлардың бірі. Алла тағала Мәида сүресінің 1-ші аятында: «Уа, иман келтіргендер! Келісімдеріңде (уағдаларыңда) тұрыңдар», – делінген.

Қазақ ежел­ден ұрпағын әділдікке, адалдыққа, жауапкершілікке шақырып, құлағына «біреудің ақысын же­ме», «ешкімнің ала жібін ат­та­ма», «аманатқа қиянат жа­са­ма» деп құйып отырған. Ар-ож­дан­ды биік қойып, адалдыққа ұмтылып, имандылықты бой­ы­на сіңірген ізгілердің ізін жалғастыру үшін имандылықтан, ба­ба тәлімінен үлгі алудың маңызы зор. Көптеген адам­дар «ама­нат» сөзін тар мағынада түсінеді, яғни олар «ама­нат­ты» адам­дар сақтауға бер­ген зат­тар­ды қорғау, сақтау деп қана түсінеді, ал шындығында Ис­лам дінінде оның мағынасы кең және ауқымды. Яғни, ама­нат ол – па­рыз, осы па­рыз­ды атқаруда және оған дұрыс көңіл бөлуде са­ха­ба­лар Алла тағаладан жәрдем тілеп, бір-біріне сапарға шығар ал­дын­да мы­нан­дай на­си­хат жа­сап тұрған: «Мен Алла тағаладан сенің аманатыңның және істеріңнің игілікті аяқталуын тілеймін», – деген.

         Араб тіліндегі аманатшылдық сөзінің мағынасы: тапсырылған істі ықыласпен орындау, бір затты иесіне тапсыру немесе қайту. Шариғи тұрғыдан қарағанда «аманатшылдық» дегеніміз: Құлшылықтағы адалдық.Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Дін жолында соғысу аманатқа қиянат жасаудан басқа барлық күнәларды жуып-шаяды. Пенденің намаз оқуы – аманат. Ораза ұстауы – аманат. Өтірік айтпауы – аманат. Ал, аманаттың ең үлкені – біреудің затына қиянат жасамау».

1.     Арадағы келісім, шартты орындау.Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Бойында төрт қасиет болса дүниеден ешнәрсе жоғалтпағаның: өтірік айтпау, аманатқа қиянат жасамау, көркем мінез-құлық және мешкейліктен аулақ болу».

2.    Сауда мен төреліктегі адалдық.Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Саған сенім білдіргеннің аманатын тапсыр. Біреу саған қиянат істеген болса, сен оған қиянат істеме».

3.    Қоғам алдындағы адалдық. Хадисте айтылғандай: «Аманатшылдық – құнсыз дәулет».

4.    Отбасы алдындағы адалдық. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Сендердің бәрің де бақташысыңдар, бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар. Әмірші адамдарға бақташы, ол сол отарына жауапты, ер кісі өз отбасына бақташы, сол отарына жауапты, ал әйел күйеуінің үйіне және баласына бақташы әрі соларға жауапты, кісінің құлы (қызметкері) қожайынының малына бақташы әрі соған жауапты. Әлбетте, бәрің де бақташысыңдар әрі бәрің де өз отарларыңа жауаптысыңдар!».

5.     Пенденің өз денсаулығы мен дене мүшелеріне қатысты адалдық. Әрбір мүше Алла тағаланың пендесіне берген аманаты. Осы себептен, шариғат адамға өзіне-өзі қол салуға, денесін суретпен таңбалауға (наколка) тыйым салады.

Қорыта айтқанда мұсылман – аманатты, сенімді ақтайтын, қиянат етпейтін адам деген сөз. Өзіне аманат етіп тапсырылған ешбір нәрсеге қиянат етпейді. Пайғамбарымыздың айтқаны секілді: «Мүнафиқтың (екіжүздінің) үш белгісі бар: Өтірік айтады, сөзінде тұрмайды және аманатқа қиянат етеді».  

 

Дәурен Нұржанұлы,

Мақат аудандық мұсылмандар

 

мешітінің бас имамы

Жоғарыға