Ислам құндылықтары және сүннет тағылымы
Құндылықтың анықтамасы жоғары, кемшіліксіз дегенді білдіреді. Араб тілінде құндылық дегеніміз «кемел» (кемшіліксіз, толық) сөзімен түсіндіріледі. Мұны адамзат үшін «кемел адам» деп қолданады. Ислам діні барлық нәрсенің жақсысын істеуді әрі ең дұрысын ұсынуды мақсат тұтатын теңдесіз дін. Ислам пайғамбары хз. Мұхаммед (с.ғ.с) кемелдіктің, кемел адамның озық үлгісін сүннеті арқылы барша адамзат баласы үшін таптырмас үлгі-өнеге болған тұлға.
Құран Кәрімде осы жайтты былай баяндап береді: «Расында сендер үшін, Аллаһты да ақырет күнін де үміт еткендер және Аллаһты еске алған кісілер үшін; Аллаһтың елшісінде көркем үлгі-өнегелер бар» (Ахзап, 33/21).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үлгі-өнегесіне сүннет деп атаймыз. Бір сөзбен айтқанда сүннет – хз. пайғамбардың (с.ғ.с) Алла Тағала тарапынан келген қасиетті кітабымыз Құранды адамдарға түсіндіру және оны өз өміріне енгізу болып табылады. Мұны Айша анамыз пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әдебін түсіндірмек болғанда «Оның (с.ғ.с) ахлағы Құран еді» деп бір сөзбен айтқан (Ахмет б. Ханбал, ҮІ, 91).
Ислам әсемдік діні. Бір хадисте «Аллаһ әдемі; әдемілікті жақсы көреді» деген (Мүслим, Иман, 147). Ал, Құран кәрімде «Біз адамды ең көркем түрде жараттық» делінген (Тин, 4). Ұлық Раббымыздың жаратқандарына қарап осы әдеміліктің куәсі боласыз; баршаны ең тамаша түрде жаратқан. Ал, адамды жан мен тән жағынан ең тамаша түрде жаратқан. Жоғарыдағы аяттағы «ең көркем» сөзінің мағынасы «ахсан» сөзімен түсіндірілген. Араб тілінде «хасан» деген сөз көркем дегенді білдіреді. Ал, «Ахсан» деген сөз болса «ең көркем» дегенді білдіреді. Адамды ең көркем түрде жаратқан Алла тағала, адам баласынан игі іс істеуін талап етеді. Мүлік сүресінің 2-ші аятында «Ол сондай Алла, ізгі іс жөнінде қайсыларың өте жақсы, соны сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратты» деген. Осы аятта да «өте жақсы» деген мағынаға келетін «ахсан» сөзі қолданылған. Міне, Ислам әмілерін орындаған кісінің мәртебесі жоғары болатынын білуге болады. Сондықтан Алла тағала адам баласының қайсысы жақсы амал істейді деп сынайды.
Жарайды істің ең дұрысын қалай білуге болады? Мұның шешімі Алла тағала жіберген кітабы мен Оның расуліне бой ұсыну арқылы шешілмек. Бұл дегеніміз өміріңді Құранға негіздеп, хз. Мұхаммед (с.ғ.с) сияқты өмір сүру деген сөз. Мұсылманның істеген амалы да, мәртебесі де осымен бағаланады.
Құран кәрімде пайғамбарымыздың (с.ғ.с) әдебін былай баяндаған: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің»(Қалам, 4). Ал, хз. пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде «Мен жақсы әдепті толықтыру үшін келдім», деген (Ахмет б. Ханбал ІІ, 381). Міне, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне ерекше мән берген әрбір мұсылман, ахлағын кемелдендіре отырып нағыз мұсылман болады. Сондықтан Алла тағала Құран кәрімнің көптеген жерінде пайғамбарымызға (с.ғ.с) мойынсұнуды әмір еткен. Соның ішінде Ниса сүресінің 59-аятында былай бұйырады: «Әй, мүміндер! Аллаға бой ұсынып, пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар. Сонда егер бір нәрсеге талассаңдар, оны Аллаға, пайғамбарға ұсыныңдар: Егер сендер Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болсаңдар. Міне осы, қайырлы да нәтижеде жақсы».
Жоғарыдағы аят қандай да бір келіспеушілік туындаған жағдайда Аллаға жүгініңдер деген сөздің төркіні, Құран кәрімге қараңдар деуді білдірсе, елшісіне жүгініңдер дегендегі мақсат, Оның сүннетіне сүйену мәселені содан шешу болып табылады. Тағы бір аятта сүннеттің маңызы мен мәнін, онымен жүрудің шарт екендігін былайша баяндайды: «Алла тағала және Елшісі, қашан бір іске үкім берсе, мүмін ер және мүмін әйел үшін олардың істерінде ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады» (Ахзап, 36). Кімде-кім Құран мен Сүннетке жүгінбестен, өз ойына ғана сүйеніп немесе жеке бір дін ұрмақшы болса, ондай кісілерге: «Әй иман келтіргендер! Аллаға бой ұсыныңдар әрі пайғамбарға бағыныңдар. Сондай-ақ ғамалдарыңды бұзбаңдар»(Мұхаммед, 33) деген аят арқылы жауап беруге болады. Және мұндай істердің дүние мен ақыретте еш кабыл болмайтындығын білдіреді. Бұл жағдай хадисте былайша түсіндіріледі:
Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша:
Расулұллаһ (с.ғ.с) насихат айтпақ болып ыңғайланды да орнынан тұрып былай деді: «Әй, адамдар! Сендер еш күмәнсіз жалаң аяқ, жалаңаш күйде әрі сүннетсіз күйде Аллаһтың құзырына жиналасыңдар. (Сосын сөзін нақтылау үшін мына аятты оқыды) «Ол күнде, көкті, кітаптың бетін бүктегендей бүктейміз де, әуел бастағыдай қайта жаратамыз» (Әнбия, 104). Хабарларың болсын! Қиямет күні адамдардың алғаш киінетіні Ибраһим (а.с.) болады. Хабарларың болсын! Үмбетімнің арасынан кейбіреулер сол жаққа, тозақ тарапына тасталады. Сол кезде Мен:
«Әй, Раббым! Олар менің асхабым, менің үмбетім», - деймін. Сонда: «Сен олардың сенен кейін неше түрлі бидғаттарды ойлап тауып, неше түрлі жамандық істегенін білмейсің», – дейді. Сонда мен, салихалы құл Исаның (Маида, 117-118) айтқанындай айтамын: «Мен олармен бірге жүргенде қадағалап тұрдым; бірақ сен мені өлтіріп араларынан алғаннан кейін, олардың бақылаушысы тек сен болдың. Сен барлық нәрсеге куәсің. Оларды жазалайтын болсаң олар сенің құлдарың. Егер оларды кешірер болсаң, барлық құдірет күш сенің қолыңда әрі сен асқан данасың».
Сонда маған былай делінді: «Шын мәнінде олар, сен араларынан кеткеннен бері, ескі әдеттеріне қайтып, діндарлықтың орнын дінсіздікпен алмастырып алды» (Бұхари, Әнбия, 8).
«Басқа риуаятта былай деп келеді: «Мен: «Мейрімнен мақрұм қалсын, мейрімнен мақрұм қалсын!» деймін». Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетімен жүріп нағыз мұсылман болудың ең тамаша үлгісін сахабалардың өмірінен көруге болады. Олар өмірлерінің әрбір сәтін Хз. Пайғамбарға (с.ғ.с) қарап реттеп, нағыз Мұсылман болудың қияметке дейінгі теңдесіз үлгісін көрсетіп берген. Тіпті бұл жолда жан беруге дайын екендігін де байқауға болады. Сахабалардың мұндай ерекшеліктерін Аллаһ Тағала Құран Кәрімде былай баяндайды: «Мұһажир, ансарлардан алғашқы иман келтіргендер және жақсылықта оларға ергендерден Алла разы болды. Әрі олар да Алладан разы болды. Сондай-ақ Алла, олар үшін ішінде мәңгі қалатын, астарынан өзендер ағатын жәннәттар әзірледі. Осы ірі мұрат»(Тәубе, 100). Міне, аятта айтылғандай Алланың разылығына бөлену тек пайғамбарымыздың сүннеті арқылы іске аспақ.
Тіпті пайғамбарлықтың 13 жылында болған екінші Ақаба шартында екі әйел 75 Мәдина тұрғыны Ислам дінімен танысып мұсылман болған. Олардың арасындағы Әсад б. Зұраре былай деген: «Уа, Алланың Елшісі! Сен бізді ескі дінімізді тастап, өз дініңнің артынан еруге шақырдың. Біз мұның қиындығы мен ауыртпашылығына қарамай сенің ұсынысыңды қабылдадық. Сен бізді алыс-жақын барша мүшрік туған-туыс пен көрші-қолаңнан күдер үзуге шақырдың. Бұл бізге оңайға соққан жоқ. Мұны да қабылдадық. Біз өз қауымы мен өз ағалары да жау болған адамды қорғауды мойнымызға алғанымызды жақсы түсініп отырмыз. Осылай бола тұра біз сенің ұсынысыңды жерге тастамадық. Уа, Алланың елшісі! Біз өзімізді, әйел, бала-шағаларымызды қорғағандай сені де қорғаймыз. Егер біз осы антымызды бұзатын болсақ, Аллаһтың антын бұзған қара бет болайық. Уа, Алланың елшісі! Бұл саған берген шынайы антымыз. Біз тек қана Алланың жәрдеміне мұқтажбыз». Мәдинадан келген бір қауым ел былай деп сұрақ сұрады:
«Егер біз осылай істесек бізге қандай сый беріледі?» Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деп жауап береді:
«Жұмақ беріледі!». Сонда олар:
– «Қандай тамаша сауда! Олай болса бізді бұл бетімізден ешкім қайтара алмайды!» – деді.
Расулұллаһты жандарынан да артық қорғаймыз деген нағыз Мұсылмандар үшін Аллаһ Тағала мына аятты түсірді: «Күдіксіз Алла мүміндердің жандарын, малдарын жәннәтпен айырбастап алды. Олар, Алла жолында соғысады, өледі және өлтіреді. Бұған байланысты хақ уәде Тауратта, Інжілде және Құранда бар. Алладан артық уәдесін кім орындайды? Ендеше бұл саудаласқан саудаларыңа қуаныңдар! Міне, осы – ірі қол жетушілік» (Тәубе, 111).
Осы сынақтан мүдірмей өткен сахабалардың бірі ретінде Абдуллаһ б. Рәуаханы (р.а.) айтуға болады. Хижреттің 8 жылында (миләди 629) Мүтә соғысына бара жатқанда хз. пайғамбардан (с.ғ.с) шейіт боласың деген сүйіншілі хабарды алып, бар мүлкін қазынаға тапсырып, шыбын жанын Раббысына берген.
Олардың хз. пайғамбарға (с.ғ.с) деген ынтықтығы соншалық Ол (с.ғ.с) не десе екі етпей дереу орындайтын болған. Бір күні Расулуллла (с.ғ.с) бір адамның алтын тағып алғанын көріп қалады. Сосын алтынды қолынан алып лақтырып жібереді. Хз. Пайғамбар кеткеннен кейін әлгі адамға маңындағылар «Алтынды тастама. Сатып пайдаңа жаратарсың», – дегенде былай деп жауап қатады:
– «Жоқ! Уаллаһи Расулулланың лақтырған нәрсесін бұдан былай қолыма ұстамайтын боламын», – деп сол күннен бастап алтынды қолына ұстамайтын болыпты (Мүслим, Либас, 52). Сахабалардың өмірінен осы іспеттес мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Алайда біздің негізгі айтпақ болғанымыз хз. пайғамбардың (с.ғ.с) әмірін бұлжытпай орындаған сахабалардың мәртебесі мен абыройы көтеріліп нағыз мұсылман болғандығы. Олар пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннетіне баса назар аударғандықтан да Аллаһтың алдында беделдері артқан.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде Ислам дінін ұстанушы біз мұсылмандар осы ерекшелігімізді одан сайын кемелдендіріп нағыз мұсылман болғымыз келсе, өміріміздің әрбір сәтін пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өміріне сай өткізіп, Исламды Ол (с.ғ.с) сияқты ұстанумыз қажет. Алланың разылығына бөленудің төте жолы осында жатыр әрі бұған жұмақ беріледі. Оймен жасап алған дін мен ата-бабадан қалған бұрыс үйренгендеріміз арқылы нағыз мұсылмандыққа жете алмайтындығымызды қазіргі мұсылманмын деп жүргендердің халінен байқаймыз. Сондықтан Исламды негізгі қайнар бұлағынан үйреніп, сахабалардың ізімен жүре алсақ нағыз мұсылманның мәртебесіне жете аламыз. Сөзімізді Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мұсылманның дәрежесі Пайғамбарды жақсы көру арқылы болатындығы жайлы айтқан мына хадисімен тамамдалық: «Мені әке-шешесінен, бала-шағасынан әрі барша адам баласынан да артық жақсы көрмейінше шынайы иман келтірген болып есептелмейді» (Бұхари, Иман, 8).
Ендеше пайғамбарымыздың (с.ғ.с) іс-әрекетіне сай амал жасап, Оны (с.ғ.с) жақсы көріп, Оған (с.ғ.с) пәк көңілмен ынтығуды баршамызға нәсіп етсін!
Исақов Бердіқұл,
Темірәлі мешітінің наиб имамы