Пайғамбарларға тән сипаттар
Барлық пайғамбарларға ортақ кейбір ерекшеліктер бар. Бұлар – сыдық, аманат, фәтәнат, исмет және таблиғ. Пайғамбарларға иман келтіру осы ерекшеліктермен толық болады.
Сыдық: Пайғамбарлар илаһи үкімдерді, әмірлер мен тыйымдарды адамдарға жеткізуде және әкелген барлық хабарларында әділ және сенімді. Олардың сөздері мен іс-әрекеттері үнемі тура әрі әділ. Олардың өтірік айтуы мүмкін емес. Олардың шыншылдығын өздеріне иман келтірмегендер де растаған. Осының мысалдарынан біріне тоқталайық: Алла Расулі (с.ғ.с) дағуатын алғаш жариялаған күні Сафа төбесіндегі бір жартасқа шығып Құрайыштықтарға былай үн қатқан еді:
-Ей, Құрайыш жамағаты! Егер мен сендерге мына таудың арқасында немесе анау ойпатта жаудың атты әскері бар. Сендерге шабуыл жасап, малдарыңды тартып алғалы тұр, десем маған сенер ме едіңдер? Олар еш ойланбастан:
– Ия, сенеміз! Себебі қазірге дейін сенен тек туралықты көрдік. Сенің жалған сөйлегеніңді еш естімедік, – деді.
Аманат: Пайғамбарлардың аманат сипаты-олардың барлық тұрғыда сенімді екендіктерімен қатар, ең бастысы уахи тұрғысында сенімді екендігін, Алланың әмірі мен тыйымдарын адамдарға өзгертпестен және асырып-жасырмастан жеткізетіндігін білдіреді. Әл-Әмин сипаты хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с) екінші есімі болған еді. Әлемдердің Сұлтаны 25 жасқа келгенде Меккеде тек «Әл-Әмин» (ең сенімді кісі) есімімен аталатын.
Қағбадағы төрелік кезінде оның келгенін көргендер «әл-әмин келе жатыр» деп қуанған және оған сенім артып, онымен ақылдасқан. Оның жолында жанын, малын тіпті барлық нәрсесін құрбан еткен асхабы кирам секілді, оны өлтіргісі келген қас дұшпандары да хазіреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сенімді екендігін жоққа шығармаған.
Фәтәнәт: Тек қана ақылдылық ақылдылық пен парасаттылық емес, даналықтан жоғары дәреже. Ар-ожданға бағынғын ақыл, парасаттылықтың және көрегенділіктің белгісі. Әрбір пайғамбардың міндетін кем-кетіксіз, толық түрде атқаруы үшін, осындай ерекше қабілетке ие болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда адамдарға қуатты дәлелдер ұсына алмайды, әрі оларды сендіріп, қанағаттандырарлық жауаптар бере алмайды. Мысалы, Жағфар Тайярдың (р.а) Хабашстан Нәжәшиіне Ислам жайлы мағлұмат бергенде ұстанған нәзік методы бір мұсылманның бойындағы парасаттылықты тамаша көрсетті: Христиан Нәжәши Жағфар Тайярдан (р.а) Құран Кәрімнің бірнеше аятын оқуын сұрағанда, ол ең алдымен, кәпірлерге қарсы айтылған Кәфирун сүресін емес, ішінде хазіреті Иса мен анасы мақталатын Мәриям сүресін оқыды. Хазіреті Жағфардың оқыған қасиетті аяттарын ұйып тыңдаған Нәжәшидің көзіне жас келіп:
- Күмәнсіз мына естігендерім мен Исаның әкелген нәрсесі, бір қайнар бұлақтан келген, – деп, біраз уақыттан соң мұсылман болып бақытқа кенелді.
Тәблиғ: Пайғамбарлар илаһи әмірлерді адамдарға тұп-тура әмір етілген күйде жеткізеді. Олар жеткізген кезде өз ойларынан бір нәрсе қоспайды әрі кемітпейді де. Тәблиғ пайғамбарларға ортақ сипат, әрі ең маңызды міндеттерінің бірі.
Бүкіл өмірін Исламды жаюға арнаған Расулұллаһ (с.а.с) Уәдә (қоштасу) құтпасында асхабынан:
– Тәблиғ міндетімді орындадым ба? – деп сұрап, олардан оңды жауап алған соң:
«Аллаһым, куә бол!» – деп, міндетін атқарғандығына сүйсінген.
Исмет: Пайғамбарлар барлық жасырын әрі ашық күнәлар жасаудан аулақ. Осы ерекшеліктері арқылы олар пайғамбарлықтан бұрын да кейін де ширктің шылауына оралудан қорғалған. Сонымен қатар, Алладан алған уахиді адамдарға жеткізген кезде ұмытуы, не болмаса жаңылуы да мүмкін емес. Егер пайғамбарда исмет сипаты болмайтын болса, олардың әкелген хабарларының тура екендігі күмәнді болар еді. Бұл болса олардың Алланың жер жүзіндегі дәлелі және куәсі екендігіне шүбә келтірер еді.