Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Мүмін болсаң әуелі иманды бол

Адам құндылықтардың ең жоғары дәрежесіне таза жүрек арқылы жетеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде: «Адамның денесінде бір бөлшек ет бар, егер ол ет таза, жақсы болса, ол адамның амалдары да жақсы. Егер ол ет лас болса, оның амалдары да жаман болады. Ол – жүрек» деген екен. Демек, адам имандылық арқылы рухани адамгершілік қасиеттерін ашады. Мемлекеттің әлеуметтік, саяси, экономикалық тұрғыдан қуатты болуы сол елдің иманына байланысты. Қазір біз мешіттерде уағыз айтқанда, әсіресе жастарға «әрбір иманды адам имам болып кетуі міндет емес» деген ұстанымды жиі ескертіп отырамыз. Иманды мұғалім ізгі ұрпақ тәрбиелесе, иманды дәрігер науқасқа мейірімділік танытып, сырқатын емдесе, иманды басшы халыққа қалтықсыз қызмет етсе, иманды құрылысшы өз ісіне адал болса, міне сол кезде ғана адамгершілік саласы биік ұрпақ қалыптастырар едік. Өмірін дінмен байланыстыра білген ата-бабаларымыз әрбір адамды имандылыққа, ізгілікке, жоғары адамгершілік қасиеттерге жетелейтін өшпес өнеге қалдыра білді. Хакім Абай әр адамның қадір-қасиетін, өмірде алатын орнын ішкі жан-дүниесінің тазалығымен өлшейді. Кемеңгер ақын атамыз бір өлеңінде:

«Мүмін болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол», – дейді.

 Адамгершілік қасиеттерді ұдайы жетілдіріп отыруы немесе бүкіл адамгершілік қасиетінен жұрдай болуы адамның имандылығына байланысты деген түйін жасайды. Имандылықтың басты көрінісі – мейірімді, кешірімді, өзгелерге жанашырлықпен қарай білу. Ислам дінінен нәр алып, ұлттық болмысымыздың тұтас жиынтығына айналған данышпан Абай әрбір адамға қажетті қанағат, ынсап, бауырмалдық пен имандылық сезіміне ерекше мән беріп, нәпсіні тыя білу мұсылмандықтың басты шарттарының бірі екенін кейінгі ұрпаққа қайта-қайта ескертіп отырады. Ислам діні – тілі мен ділі, дәстүрі мен танымы әр түрлі ұлттар мен ұлыстарды бөле-жармай адами құндылықтар төңірегіне ұйыстырады. Мұсылман бір-біріне жанашыр, рақымшылығымен бір дене секілді. Егер дененің бір жері ауырса, онда бүкіл дене онымен бірге ыстығы көтеріліп, ұйқысы қашып, мазасызданады.

Қазір қоғамның көзі ашық, ғылыми-техникалық дамудың шарықтап тұрған кееңі. Бірақ бір нәрсе жетіспейді. Бүкіл адамзат соны іздеумен әлек. Ол – рухани азық. Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы 2014-2018 жылдары «Дін мен дәстүр жылдары» деп жариялаған болатын. Сол себепті дін мен дәстүріміз қатар насихатталуда.

 

Жайлыбек Кенжеалиев,

Хан Ордалы Сарайшық мұсылмандар

 мешітінің бас имамы. 

Жоғарыға