Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Исламдағы көрші ақысы

Көрші – қонысы ортақ,етене араласып, күнделікті жүзбе-жүз кездесіп, аман-саулық сұрасып жүретін кісі.Қазақ халқы «Көршіні Құдай қосады», – дейді. Жаңа орынға келгеннен кейін жасалатын қоныс тойдың басты мақсаты – көрші-құланмен танысу. «Адам күні адаммен» демекші, күнделікті өмірде кім кім де көршіні қажетсінеді. Өйткені, басқа іс түсіп, қинаған кезде көрші көмекке келіп, қиындықтан шығып жатамыз. Көршімен сыйластық – елдің сыйластығын, көршімен татулық қоғамның татулығын ұқтырады. Сондықтан Ислам діні көршімен тату болуға шақырады.

Бұл туралы қасиетті Құранда: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шеше, жетім, кедей-кепшікке алыс-жақын көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыға, қолдарыңа қарағанға (қызметшілерге) жақсылық жасаңдар. Алла даңдайсығанды жақсы көрмейді» (Ниса, 36).

 Аяттағы «көрші» (арабшасы жар) ұғымына кімдер жататындығына орай, көршіні былайша жіктеген:  Есігінің аузы тым тақау көрші басқаларға қарағанға анағұрлым жақын болып есептелген. Туыстық жағынан үйлері бір-біріне жақындар «жақын көрші» деп аталған. Үйлері бір-біріне жақын да, алыс та емес, өзге діндегілер «алыс көршілерге» жатқызылған.

 Жақсылығы тимесе, мұсылман адамның өмірде ешкімге жамандығы болмау тиіс. Өйткені, ол қылдай қиянаттың ақыретте таудай сұрағы барын жақсы біледі. Осы себепті көршімен арадағы сыйластыққа қатты мән береді көршіні ренжітпеуге, көңіліне келетін іс әрекет жасауына, оған қандай да бір залал тигізбеуге тырсады. Әбу Хурайра руаят еткен бір хадисте пайғамбар (с.ғ.с.):  «Уаллаһи, мүмин емес, уаллаһи мүмин емес, уаллаһи мүмин емес» деп айтты. Кімді айтқанын сұрағанда «көршісіне залал тигізген адам» (Ибн Мәжә,Зухд,24,II ,1410) деген.

 Сондықтан құрметті оқырман көрші қақысын жақсы білейік. Ірі мұсылман ғалымы Имам Ғазали бұл жайлы былай деген: «Көрші ақысы көршіге жамандық жасауменен шектелмейді. Бұған қоса, көршіге әр дайым жақсылық жасауда осының аясына кіреді. Мұсылмандықта көршіге сыпайы мінез таныту көршімен кездескен кезде онымен амандасу, ауырғанда халын сұрау, қайғысын бөлісу, қуанышына ортақтасу, жолаушылап кеткен де үй- ішіне бас-көз болу, балаларына жақсы қарау, айыбын әшкерлемеу, дінге не күнделікті тіршілікке қатысты ақыл сұраған істеріне дұрыс жөн сілтеу т.б.а – бәрі де көрші ақысына жатады». (Ғазали, Ихияуулумуддин, II, 271-272, Каир,1386) деген.

 

Мұрат Сұлтанов,

Бәйтерек мешітінің бас имамы 

Жоғарыға