Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Имандылық – бар бақыттың бастауы

Біле білсек, адам өмірініндегі ырыс пен берекенің бастауы – оның жүрегінен орын тепкен ар-ұяты мен иманы. Соңынан сансыз сауап жолдап тұрар бұ дүниеде жасаған ізгі амалдары мен игі істері. Өкінішке қарай,  бүгінгі қазақ қоғамындағы имансыздық, жастарымыздың сан түрлі ағымға бөлініп, ел ішінде діни алауыздықтың орын алуы – рух кемелдігінің кемдігінен орын алып отырған жағдай. Түптеп келгенде, байырғы қазақы отбасы институтының ыдырап, ұлттық қауіпсіздігімізге төніп тұрған қауіп-қатердің басы оттың басындағы мейірім мен жан жылуының ұйытқысы болған әйелдеріміздің өз абыройына салдыр-салақ қарауынан басталса керек.

Алла тағала қасиетті Құран Кәрімнің Әнбия сүресінің 25-ші аятында «Уа Махаммед, сенен бұрынғы пайғамбарлардың бәріне: «Менен өзге тәңір жоқ, тек маған ғана сиыныңдар» деп уахи жібердік», – дейді. Ендеше, адам баласы (мейлі ол әйел, мейлі ол ер болсын) шын жүрегімен құдірет иесінің барын мойындап, жүрегімен сенуі – оның мойнына жүктелген парыз. Адам жаратылысының мақсаты. Бұл ретте Алла тағала жындар мен адамзатты өзіне құлшылық қылуы үшін жаратқанын да ескерткен. Осы орайда біз алаш арысы М.Жұмабаевтың «Неге арналсаң, соны істе!» деген сөзін де ескермей келеміз.

Алланың жердег і нәби, елшілері – пайғамбарлардың баршасы ақиқатты насихаттап, соңынан ерген қауымына тура жолды нұсқап өткен. Асыл діні – Алланың аманаты жолында бастарын қандай да болсын қиындыққа тігіп, зұлымдықтың өзіне де сабырмен қараған. Бұл – біз үшін үлгі, өнеге. Жақсылықтың қайнар көзі. Сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінің бірінде: «Иман 70-тен астам тарамнан тұрады, оның ең абзалы «Алладан басқа тәңір жоқ» деп айту, ең төмені  –  жолдағы зиянды затты алып тастау, сонымен қатар сыпайылық та –   имандылықтың бір тармағы», деді.

Шынында да, бір Аллаға деген күмәнсіз сенім мен риясыз, шынайы ықылас қана қоғамның бар қатесін дұрыстап, хақ жолына бастайтын негіз болмақ. Өйткені, өскелең ұрпақ үшін дұрыс тәлім-тәрбие ауадай қажет. Қазақ ғұламалары мен ойшылдарының кемел иман тақырыбын назардан тыс қалдырмуының себебі де осында жатыр. Хакім Абай өз өлеңдерінде «Алланың өзі де – рас, сөзі де – рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас, немесе Әмату оқымаған кісі бар ма?» – десе, Ыбырай атамыз «Бір Аллаға сыйынып,кел балалар оқылық» , деп ойлы, мағыналы тұжырым жасайды.

Біздің алдымызда тұрған мақсат – алты алаштың баласы, соңымыздан ерген жас ұрпаққа Алланың бірлігін, хақтығын насихаттап, дініміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу. Қанымызға тартпай тұрмас бауырмалдығымызды арттырып, ел іргесінің бекем болуына, қоғам тұрақтылығына атсалысу.

Ата-аналарымыз балаларының дұрыс тәрбие алуын қадағалап, иманды шаңырақтан ұятты ұл, қылықты қыздар түлеп жатса, қоғам да пайғамбарлар салған сара жолға бет бұрар еді. Себебі, өмір мәні – ұрпақ жалғастығы, Алланы танып, соған құлшылық етуде.

Ислам діні – бақыт пен мейірімділікке, адалдық пен достыққа, махаббат пен сүйіспеншілікке негізделген. Алла Тағала баршамызға кәміл иман мен ізгі амалдар нәсіп етсін!

 

 Артық  Жұмабекұлы,

«Иманғали» орталық

 

мешітінің наиб имамы

Жоғарыға