Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Достық пен татулық әрдайым қажет!

Қасиетті Рамазан айында Түркия Республикасының Стамбул қаласына қарасты Бағжылар ауданы мен Зәйтунбурну аудан әкімшіліктері еліміздің Алматы, Тараз, Шымкент және Түркістан қала әкімшіліктерімен бірлесе отырып әр қалада 1500 адамға арнап ауызашар (ифтар) ұйымдастырды. Бұл ауызашардың негізгі мақсаты – екі ел арасындағы туыстық-бауырластық пен мәдени-рухани татуластықты одан әрі нығайту. Айта кету керек, қазақ елінің егеменді ел болғандығын алғаш мойындап, Елбасымызға өздерінің құттықтау хаты мен тәуелсіздігімізге тілектес ыстық лебіздерін білдірген де осы Түркия елі болатын. Біз оны ешқашан да ұмытпаймыз.

Түркиядан 90-ға жуық қонақтар келді. Олардың көпшілігі облыс, қала, аудан әкімшіліктерінің қызметкерлері болды. Сондай-ақ, олардың қатарында депутаттар, жазушылар, журналистер, кәсіпкерлермен қоса арнайы дайындалған екі топ оркестр мен әншілер де бірге келді. Бұл қонақтар біздің елге құр қол келмей көптеген сыйлықтарын да ала келіпті. Атап айтсақ, 6 000 дана арабша Құран Кәрім, 4 түрлі қазақша діни кітаптар және балаларға арналған ойыншықтар. Әрине бұлардың барлығы ауызашарда тартылды.

Енді әр қаладағы өткен ауызашарлар жайлы қысқаша тоқталып өтсек:  09.10.2006 ж. күні Алматы қаласында ұйымдастырылған ауызашарға ҚМДБ Бас Мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі мен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов арнайы қатысып, қонақтарға өздерінің жылы лебіздерін жеткізді. Алатау баурайында өткен осы рухани кеш жоғары бағаланды.

- 11.10.2006 ж. күні Тараз қаласының әкімшілігі қонақтарды Айша бибі анамыздың кесенесінің басында қой сойып, ән-күйменен мерекелік түрде қарсы алды. Қонақтарды қаланың көрнекті тарихи жерлері мен әулие орындарын таныстырды. Түскісін қала әкімі өз бөлмесінде Стамбул әкімдерін қонақ етіп, оларға шапан жауып, сый-сияпат табыс етті. Кешкісін «Мөлдір бұлақ» мейрамханасында халықты «Мехтер маршымен» қарсы алды. Ауызашарға қала әкімімен бірге Облыс әкімінің орынбасары қатысып құттықтау сөз сөйледі. Стамбул әкімдері де Тараз әкімдеріне алып келген сыйлықтарын табыстады. Ұйымдастырылған концерттік бағдарлама өз деңгейінде жақсы өтті. Кеш соңында Құран оқылып, дұға-тілектер айтылды.

- Шымкент әуежайынан қонақтарды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ислам Әбіш, қала әкімі Анарбек Орман мен орынбасары Керімхан Қадырбеков ағаларымыз күтіп алды. Қонақтарға шашу шашып, әсем гүл сыйлап, айтыскер ақын арнау айтты. Кешкісін қонақтарға «Әсем» мейрамханасында ақ дастархан жайылып, ауызашар берілді.

10.10.2006 ж. күні қонақтарға Шым қаладағы тарихи жерлер мен мұражайларды, мешіт-медреселер мен саябақтарды аралатты. Сайрамдағы Ибраһим ата мен Қараша ана бейіттеріне зиярат жасады. Түскісін қала әкімі қонақтарды қабылдап, оларға бөрік-шапан жауып, Елбасының кітаптарын сыйға тартты. Екіжақты ынтымақ-достық пен қарым-қатынас жайлы өзара әңгімелер құрды. Кешкісін «Евразия» мейрамханасында 1500 кісіге арналған ауызашарға халық лық толды. Ауызашар алдында Құран оқылып, азан шақырылып, шам намазы оқылды. Жиналған көпшілік молшылыққа жайылған дастарханнан тамақ ішіп, қонақтардың дайындаған концерттерін тамашалады. Стамбул әкімшілігінің Бағжылар аудан әкімі Фейзулла Қиықлық пен Зейтунбурну аудан әкімі Мұрат Айдын мырзалар құттықтау сөз арнап, Облыстық Маслихаттың хатшысы Шалатай Мырзахметов пен қала әкімінің орынбасары Керімхан Қадырбеков ағаларымызға өздерінің сыйлықтарын ресми түрде табыс етіп, жүрек жарды ыстық лебіздерін білдірді.

- 13.10.2006 ж. күні қонақтар автобуспен Отырар қаласына барып, «Арыстан баб» кесенесін зиярат жасап, сол жерде жұма намазын оқығаннан соң Түркістан қаласына жолға шықты. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қонақтарды Қ. А. Яссауи бабамыздың кесенесінің алдында арнайы гүл шоқтарымен қарсы алды.

Қонақтар Қ.А. Яссауи бабамызға Құран бағыштап, тарихи-мәдени жерлерді аралап, түскісін қала әкімі Әли Бектаев мырзаның қабылдауында болды. Қала әкімінен сый-сияпаттар алып, екі жақты өзара әңгіме өрбітті. Кешкісін «Сары Арқа» мейрамханасында 1500 кісілік дастархан басында қала әкімі жиналған көпшілікпен соңына дейін болды. Стамбул әкімдері де өздерінің сыйлықтарын табыс етіп, екі ел арасындағы достық-бауырмалдығымыз ұзағынан сүйіндірсін деп тілектерін айтты. Сөз соңында Зейтунбурну аудан әкімі Мұрат Айдын мырза Зейтунбурнуда 400 мыңға жуық тұрғынның ішінде 12 000 мың қазақ жұртының бар екенін ерекше атады. Дегенмен сол 12 000 мың қазақ жұртын 400 мың қазақ елі тұрады деп есептейміз деді ол күлімсіреп.

 Сонымен қатар, Стамбулдан келген қонақтар ішінде өзіміздің онға жуық қандастарымыз да бар екен. Ол кісілер де өз туған жерлеріне ыстық тілектерін айтып, шексіз қуаныштарын жеткізді. Ата жұртқа Түркиядан бірінші рет келген қонақтар, өздерінің біздің елде сондай жақсы сезінгендіктерін және дән-ризашылықтарын білдіріп жатты. Қонақтар алдағы жылдарда да Қазақстанның басқа да қалаларында ауызашарлар өткізуге ниетті екендіктерін айтып, біздің еліміздің әкімшіліктерін де сонау Яссауи бабамыздың табан ізі тиген сол қалаларға барып ауызашар беруіне және осы туыстық-бауырластығымыз лайым жалғасын табуын тіледі.

Қонақтарды әуежайдан қала әкімінің орынбасары К. Қадырбеков мырза үлкен ілтипатпен шығарып салды. Лайым, Алла Тағала осы екі ел арасындағы достық-ынтымақты, татулық-бауырмалдықты жылдан-жылға арттыра бергей! Әмин!

 

Теңел Айдарбекұлы,

Қосшағыл ауылдық мешітінің

 

имамы 

Жоғарыға