Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) білім туралы көзқарастары

«Раббым, білімімді арттыр! – де».
(Таһа, 20-114)
Ислам діні ғылымға және оны оқып-үйренуге, ой-пікір мен ішкі-жан дүниені байытуға ерекше мән береді. Тіптен Алла тағала тарапынан түскен алғашқы аяттар да білімге байланысты түскен: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрсесін үйреткен». (Ғалақ 96/1-5).
Аяттар ішінде «Оқы!» деген әмірдің екі рет қайталануы дініміздегі ғылым-білім мен оқудың маңызын көрсетеді. Дін ғылымның атасы ретінде Алла тағала «Раббыңның атын зікір ет, аяттарын Ол разы болатын түрде оқы, қыр-сырын түсін, өзіңді және әлемді оқы, Алланың құлы бола біл!» деп тұрғандай.
Алла тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с) білімінің артуы үшін былай дұға етуге шақырған: «Раббым, білімімді арттыр!» (Таһа 20/114) деген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы тұрғыда: «Аллаға жақындататын білім үйренбей өткізген күннің мен үшін ешқандай қайыры жоқ» (Али әл-Муттақи, Х, 136) деп айтқан хадисі білімнің маңыздылығын көрсетеді. Өйткені, білім – таратсаң таусылмас асыл қазына. Ақ пен қараның арасын айқындайтын сана сәулесі. Ол адамзаттың мәртебесін көтеріп, кішіпейіл болуына ықпал етеді. Арам ой, пиғылдан арылтып, шындықты түсінуге, қолынан келгенше адам болуға шақырады. Алла тағала ғылыммен шұғылданып, үйренгендерін бойына сіңіре білетін ғалымдарды жоғары мәртебеге шығаратынын Құран кәрімде былай баяндайды: «Алла тағала сендерден сондай иман келтіргендердің, ғылым бергендердің дәрежелерін көтереді» (Мужадәлә 58/11).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде ғалымдарды былай мадақтайды: «Алла жақсы көретін адамын дінде шұқыр ойлы қылады» (Бұхари, Ілім, 10; Мүслим, Имара, 175). Ал, білімді адамның білгенін үйретуі – ең үлкен жақсылықтың бірі. Мысалы, шәкірт тәрбиелеу, кітап жазу, заманауи озық технологияны пайдалана отырып өскелең ұрпаққа жеткізу, амал дәптердің жабылып қалмауы мен сауаптың тоқтаусыз келуіне себепші болатын амалдар. Мұны хз. пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінен де байқаймыз (Мүслим, Васиет, 14).
Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітте отырғанда Сафван б. Ассал (р.а.) қасына барып:
–Уа, Алланың Елшісі! Сенің алдыңа білім үйрену үшін арнайы келіп отырмын, – дейді.
Хз. Пайғамбар:
– «Білім үйренушілерге әрдайым есігіміз ашық! Періштелер білім үйренуге қызығушылық танытқан шәкірттердің айналасына қалқаланып аспанның бірінші қабатына дейін барады»,– деді (Хайсами, І, 131). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) біздің білімге деген ынтамызды арттыру үшін былай деген: «Кім де кім білім үйренгісі келсе, Алла ол адамға жұмаққа баратын жолды жеңілдетеді. Періштелер оның әрекетін ұнатқандықтан, үстіне қанаттарын кереді. Аспан мен жердегі тіпті, судың ішіндегі балықтар да ғалымдар үшін Алладан кешірім тілейді. Ғалымның жай құлдардан артықшылығы, айдың өзге жұлдыздардан артықшылығына ұқсайды. Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары. Пайғамбарлар алтын мен күмісті мирасқа қалдырмайды; тек қана білімді мирас етіп қалдырады. Ол мирасты алған адам, молшылыққа кенеледі» (Әбу Дауыт, Білім, 1; Тирмизи, Білім, 19).
Білімнің адам бойындағы ерекше қасиеттерді оятып, Алланың алдындағы міндетімізді одан сайын жете меңгеретінін Құран Кәрім былайша баяндайды: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?», – де» (Зүмәр 39/9). Сүренің басында «дінді тек қана Аллаға арнап, Оған құлшылық ету» жайында баяндалған. Сондай-ақ, аспан мен жер жаратылысы, күн мен түннің алмасуы, күн мен айдың белгілі бір жүйеде қозғалуы, адамның жаратылуы сияқты Алланың бар екенін дәлелдейтін әрі терең ойлануға жетелейтін түрлі құбылыстар, Алланы тану және оған құлшылық ету және адамдардың жағдайы айтылып, ғалым мен надандардың сипаттарын көрсетеді. Құран Кәрімде: «Қашан адам баласына бір таршылық келсе, Раббына жалбарынып, Оған бейім ынта байқатады. Сосын қашан Алла оған бір игілік берсе, бұрынғы Оған жалбарғанын ұмытады да жолынан адастыру үшін Аллаға теңдес жасайды (Мұхаммед) оларға: «Қарсылығыңмен біраз мәз бола тұр. Сөз жоқ сен тозақтықсың» де. (Ал осылар) бой ұсынып, түн ішінде сәжде етіп, тіке тұрып, сондай-ақ ақыреттен қорқып Алланың рахметінен үміт еткен кісі сияқты ма? (Мұхаммед) оларға: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?», – де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт ала алады». (Зүмәр 39/8-9)
Келтірілген аяттардан:
1) Күпір етіп, Аллаға қарсы келу,
2) Қиналғанда Аллаға жалбарыну,
3) Жаны жай тауып, ешқандай мәселесі жоқ кезде құлдығы мен жалбарынуды
ұмыту,
4) Адамдарды Алланың жолынан тайдыру үшін Оған серік қосу сияқты жағымсыз әрекеттердің бәрі надандықтың кесірінен туындайтынын білуге болады.
Екінші бір жағынан:
1) Түні бойы сәжде етіп, шынайы ықыласпен құлшылығын орындау,
2) Алланың ақыреттегі азабынан қорқып, жалбарыну,
3) Мейірімі шексіз Алланың мейірімінен үміт етудің өзі нағыз білім болып саналған. Мұндай сипаттағы адамдар хат танып, жазу жазуды білмесе де ғалым деп есептелген. Өйткені, білгенімен амал еткен адамдар ғана құтыла алатынын көруге болады.[1]
Бір-біріне кереғар адамдарды салыстыра отырып, бірінші топтағы адамдарды «білмейтіндер», екінші топтағыларды «білетіндер» деп атауға болады. Сондай-ақ, олардың бір-біріне тең еместігін де айта аламыз. «Білетіндер» тобына кіру үшін аяттың жалғасында былай (Зүмәр 39/10) делінген:
1) Әрдайым Алланы есте сақтап, тақуалық жолын ұстану,
2) Алланы көріп тұрғандай құлшылық ету,
3) Дінді сақтап қалу үшін қажет болса хижрет ету,
4) Дінді жаю жолында кездескен әртүрлі қиыншылықтарға сабыр ету.
Осы аяттардың барлығынан таным мен ақиқатты меңгеру білімге жататынын біле аламыз. Мұндай білім адамның көкірек көзін ашып, адамгершілік қасиеттерін оятып, алтынға айырбастамайтын ақиқатпен етене араластырады. Бір сөзбен айтқанда ақиқаттың шыңына жетелейді. Кез-келген ғылым хақ тағаланы тануға бастамаса ол ғылымға жатпайды. Оны бос мәліметтермен бас қатыратын түкке тұрмайтын құнсыз дүние десек болады. Мұны ғылым деп айтуға болмайтындығы Құранда айқын баяндалған.[2]
Әлемдегі физикалық заңдылықтар мен кәсіби білімдермен шұғылдану да осыған жатады. Бұлардың барлығы адамды Алланы тануға жетелейтін бірден-бір себепші. Егер бұлай болмаған жағдайда ақиқатты тануға перде болады. Сондай-ақ, Алланың әмірлерін ұмытып, күйбең тіршіліктің қамы үшін тер төгіп, «Менің істеп жүргенімнің бәрі Алланың әмірі» дейтіндер негізсіз нәрселерді оқып, жеркенішті әрекеттерін аят пен хадистер арқылы дәлелдейтіндер нәтижеде қателерін түсінетін болады.
Сырт көзге білімдар көрініп рухани жан-дүниесі елеусіз қалар болса, бұл жағдай өте қауіпті. Негізі адамның білімі артқан сайын Аллаға деген сенімі, құрмет, қорқынышы артады. Нағыз ғалымдар, Алла тағаланың разылығына бөленіп жақындай түседі. Құран Кәрімде: «Шын мәнінде құлдарынан ғалымдары Алладан қорқады» (Фатыр 35/28).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің іштеріңдегі Алладан қатты қорқатын әрі ең тақуаларың менмін» деген (Бұхари, Неке, 1; Мүслим, Сиям, 74). Адам баласының қазіргі күнге дейін ашқан жаңалықтары Алла ғылымының қасында өте аз. Құран мұны былай баяндайды: «Сендерге өте аз мәлімет берілді» де» (Исра 17/85). Бірақ осы аз біліммен амал етіп, тақуалыққа қол жеткізер болса, Алланың мейірім-шапағатымен ғалым болады. Осылайша Алланы танып, оның ашылмаған ғажайып сырларына қаныға түседі. Құран Кәрімде: «Алладан қорқыңдар. Әрі Алла сендерге үйретеді» (Бақара 2/282) деген.[3] Хадис шәріпте осы тұрғыда былай делінген: «Білгенімен амал еткен адамға Аллаһ Тағала білмейтін нәрселерін үйретеді» (Әбу Нуям, Х, 15).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) пайдалы білім алуға үндеп қана қоймай, сахабаларға қажетсіз білімнен сақтану керектігін ескертіп отырған. Оларды кез келген нәрсенің пайдасы мен мәнді әрі маңыздысын істеуге үгіттеді. Хз. пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұстаз ретінде сахабаларына білім берумен қатар, тәрбиелеу сынды маңызды міндетті де қоса атқарған. Бұл ақыретке дейінгі барлық адамзат ұрпағына үлгі-өнеге болатыны сөзсіз.
[1]Араб тілінде бірдей әріптерден құралатын екі сөздің мағыналарының арасында ұқсастық болады. Білім мен амал деген сөздердің әріптері бірдей болғанымен екеуінің орны екі бөлек. Сондықтан осы екі сөздің арасында да мағына жағынан ұқсастық тапқанымен тек қана білген нәрсесімен амал еткендерді ғалым деп атауды дұрыс деп санаған. Қазіргі таңдағы психология саласы да терең меңгерген білім ғана іс-әрекетке айналатындығын мойындайды.
[2] Имам Ғазали Ихясында былай дейді: «Сахабалардың дәуірінде білім деген сөзді Алланы және Оның аяттары мен құлдарының іс-әрекеттерін білдіру үшін қолданатын. Сондықтан Хз. Омар дүние салғанда Ибн Масғұд (р.а.) «Білімнің оннан тоғызы өлді деген. Мұны «илм биллаһ: Алланы тану» деп түсіндірген. Қазіргі таңда бұл түсінік өз негізінен айрылған. Тіпті, фыкыһ яки одан өзге тақырыптар жөнінен тартысатын адамдарға «ғалым» деп атап, ал қолынан тартысу келмейтіндерге надан деп қарайды. Міне «білім» сөзі кез-келген мәселеде қолдана беретін жағдайға келді. Бірақ аят пен хадистерде Алла тағаланы, Оның әмірі мен сипаттарын білетін адамдарды нағыз ғалымдар деп атаған. Ал дәл осы анықтаманы дұрыс қолданбағандықтан білімнің атын жамылып құрдымға түсіп жатқандар қаншама». (Ғазали, І, 46)
[3] Тәпсірші Құртуби былай деп түсіндіреді: Бұл аятта Аллаһ Тағала өзінен қорыққандарға білім үйретемін деген уәдесі бар. Яғни Аллаһ Тағала тақуа құлының жүрегіне ақ пен қараны ажырата алатын нұр нәсіп етеді. (Құртуби, ІІІ, 406).
Өсімхан Тілеуов,
Әт-тақуа мешітінің бас имамы