Көркем мінез – ақырет байлығы
Адам баласы қауым, ұлт, қоғам болып өмір сүруге бейім жаратылған. Өйткені, жалғыздық – тек Алла тағалаға лайық нәрсе. Қоғам болғаннан кейін оны реттеп отыратын жүйе өте қажет. Ол жүйе – көркем мінез. Ол бүкіл адамзат баласына ортақ жүйе-діни қағидалар негізінен тұрады. Көркем мінез – адамның ішкі жан дүниесі, сабыры, жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы және тағы басқа да адамның бойынан табылатын жақсы қасиеттер. Адам баласына тән ортақ құндылықтардың бәрі бойынан табыла білген бірден-бір тұлға, ғаламға рахым нұрын шаша келген ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) еді.
Өйткені ол (с.ғ.с.) бір хадисінде «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деп өзінің келген мақсатын паш етті.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмір тарихына оралайық.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көркем мінез жайлы білмек болған бір адамға «Ей, Мұхаммед кешірімділікті ұстан, жақсылыққа бұйыр және надандарға сырт бер» (Ағраф, 199) деген аятты оқып, көркем мінез – туыстық қатынасты үзгенмен арадағы аралас-құраластықты арттыруың, саған жамандық жасағандарды кешіруің», – деп қорытқан. Тағы бір жерде (с.ғ.с.) «Қияметте амалдар өлшенгенде, таразыны ауыр басатын бірден-бір амал – Алладан қорқу мен көркем мінез екенін айтқан. (Термизи, Бирр62).
Пайғамбар (с.ғ.с) хадистеріне қарап отырсақ, көркем мінездің ең абзалы – адамдарға кешіріммен қарау. Бұл – адамды екі дүниеде бақытты ететін амал. Мысалы, сіз біреуге кешіріммен қарасаңыз оның да саған деген түсінігі өзгереді. Қоғамдағы адамдар барлығы бір-біріне кешіріммен қараса ол қоғамның болашағы мықты. Ал, енді арғы дүниеге келетін болсақ, ертеңгі күні бәріміз Алла тағала алдына барамыз. Таразыға бүкіл амалдарымыз түсіп, өлшенеді. Сол кезде көркем мінезімізбен таразы ауыр басса, бізден бақытты адам болмайтын шығар. Алла тағала екі дүниеде жүзімізді жарқын етсін әмін.
Ринат Жамелов,
Құспан молда мешітінің наиб имамы
