Тал бесік тәрбиесі – елдігіміздің ертеңі
Бұрындары бала күнімізде әке-шешеміз бен ата-әжеміздің де тәрбиесін көріп өстік. Ұлағатты сөзін естіп, ақылын тыңдадық. Ата-аналарымыз жасы үлкеннің алдын кесіп өтпе, қарсы келсе танымасаң да, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем бер, қолыңнан келсе қолғабыс беріп көмектес, көңілін қайтарма, үлкен сөйлесе үнсіз тыңда, сөзін бөлме деп үйретуші еді.
Ел болдық, еркіндік алдық, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді, дініміз, тілімізге қайта қауыштық деп қуанысып жүрміз. Десек те, біз байырғы ата-баба дәстүрінен алыстап жатқан бара жатқан сияқтымыз. Олай демегенде ше? Заман оңалып мешіттеріміз көбейіп, кейінгі жас толқын жаппай дінге бет бұрғанымен, сан соқтырып отырған жағдайлар да аз емес. Іштей қынжылтып, жанға дерт, уайым боп түскен мәселенің бірі – жастарымыздың жат ағымның жетегіне еріп, туған отанына дұшпандық ойлайтын дәрежеге жетуі. Тіпті алысқа бармай-ақ, бес уақыт намазын оқып жүрген жас жамағаттың көзінен нұр, сөзінен сыр, бойынан ізгілік ізін көре алмай, іштей қынжылатынымыз – көпке аян.
Бұрындары үлкен кісі келсе (үйде болсын, басқа жерде болсын) құрақ ұшып атып тұрып, сәлемдесіп, төрден орын ұсынып, бәйек болатын болсақ, қазір осы көрініс көзден бұл-бұл ұшып барады. Намазға келетін жамамғатты тым құрыса мешіттің әдебін сақтай алмайтын тәрбиесіздігін көріп, жаныңыз жабырқайды. Сақалы беліне түскен қариялар ақ селеу бастарымен қасына келгенде, сәлемдеспек түгіл орнынан қозғалмайтын, орын бермек тұрмақ сол қариялардың алдын орап алғашқы сапқа жүгіріп, қала берсін өз ұстанымын оңды-солды тықпалап, дауласып жатқан жастарды көргенде көңіліңе кірбең ұялайды.
«Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер», - демекші, абырой сақтап, намыс қуған елдің баласы едік. Қазір қариядан қадір қашып, жастан береке кетіп барады. Қай-қайсының да затына лайық емес екенін елдігіміздің ертеңін жақсылық күтіп тұрмағанын меңзейтіндей. Әркімге жалтақтап, елдік сипатымыздан айырылып бара жатқандаймыз.
Шашын жайып, ашық-шашық жүрген қыз тәрбиесіндегі кемшіліктің орнын имансыз ұрпақпен толтырып, елге тұтқа болар балаға зар болмасақ қайтсін?!Ел боламыз десек бесігімізді түзейтін уақыт жеткен сияқты. Бір сәт ойланайықшы, ағайын!
Ізбасар Қабдрахман,
«Мәулімберген» мешітінің
наиб имамы
