Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті – жұмаққа жетелер жол
Имам Бұхари және Муслимнің «Әл-Жамиус-Сахих» атты хадис кітаптарында әрі хадистер топтамасының арасында жоғары саналатын хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Менің мысалым мен Алла тағаланың мен арқылы жіберген нәрсенің мысалы мынадай кісінің мысалы тәрізді: «Бір кісі өз қауымына келіп, мен өз көзіммен дұшпан ордасын көрдім, қауіп төнетінінен хабардар етемін, сақ болыңдар!» - дейді. Қауымының бәзі біреулері оның сөзіне құлақ асып, ол жерден ұзақтап, бір түн бойы сапар шегіп, қауіптен құтылады. Ал, қалғандары бұл хабар берушіні өтірікке шығарып, орындарынан қозғалмастан таңды атырады. Алайда жау ордасы таң атысымен оларды тұтқындап, қырып салады. Міне, бұл мысал, маған бойсұнып, алып келген нәрселеріме сенгендерді және маған қарсы шығып, Алла тағаладан алып келгендерімді өтірікке шығарғандарды көрсетіп тұр» (Бұхари, Иғтисам 2; Муслим, Фадаил 15).
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) міндеті Құран кәрімнің бірнеше аяттарында көрсетілген. «Фатх» сүресінің 8-аятында: «(Мұхаммед ғ.с.) Шын мәнінде біз сені куәгер, қуантушы және ескертуші етіп жібердік» - деп бұйырады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ақыретте алдымыздан шығатын нәрселерден хабардар етуі, жоғарыдағы хадистегі мысалда келтірілгендей адамзат баласын қауіпті нәрселерден ұйғару еді. Басқа бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай бұйырады: «Мені мен сіздің мысалыңыз құдды мына адамға ұқсайды. Ол бір отты жаққан еді. Оттың айналасын жарқыратып, түн кезіндегі шыбын-шіркейлер мен кейбір жәндіктер бұл отқа өз-өздерін тастайды. Әлгі кісі бұл жәндіктердің отқа түспеуіне тосқауыл қойса да жәндіктер оған бой берместен отқа түсе береді. Міне, мен де сол адам сияқты сіздерді белбеулеріңізден ұстап отқа түспеулеріңіз үшін құтқаруға тырысып жатырмын. Алайда, сіздер отқа ұмтылып, ішіне түспексіздер» (Бұхари, Риқақ 26; Муслим, Фадаил 17).
Адамзат баласы өзге махлұқтарға қарағанда кәміл жаратылған. Бұлай жаратылуының себебі, жауапкершілік сезімі жүктелген. Алла тағала Құран кәрімде осы мәселе былайша баяндайды: «Рас аманатты (дінді), көктер мен жерге және тауларға ұсындық, сонда олар жүктелуден бас тартып, одан қорықты. Оған адам баласы жүктелді. Өйткені ол, өте залым, тым білімсіз» (Ахзаб сүресі, 72-аят).
Бұл жоғарыдағы аятта айтылған аманат сөзі, Алла тағаланың бұйрықтарына бойсұну, тыйым салған нәрселерінен ұзақ тұру әрі өзіне жүктелген міндетке жауапты екендігін білдіріп тұр. Дәлірек айтқанда адам баласы осындай санасы биік кәміл дәрежеде жаратылғандықтан, әрине, мұның сұрауы бар. Әйтпесе осылайша кәміл жаратылар ма еді. Құран кәрімде Алла тағала адам баласының жаратылу мақсатын былайша түсіндіреді: «Адам баласы өзін бос қоя берілеміз деп ойлай ма?» (Қиямет, 36); «Шын мәнінде біз адам баласын біріккен тамшыдан жараттық. Оны сынаймыз. Сондықтан оны еститін, көретін қылдық» (Инсан, 2) дей келе осы аяттың жалғасында былайша ескертеді: «Расында оған тура жол көрсеттік. Бұған кейбірі шүкіршілік қылады, кейбірі де қарсы келеді» (Инсан, 3).
Иә, адам баласы шынында да әке-шешенің жұптасуынан жаратылды. Осыншама әдемі жаратылуы бір тамшы судан ғана пайда болды. Яғни адам баласының жаратылуы көзге көрінбейтін, микроскоптың көмегімен ғана байқалатын 300 миллион сперманың бірінің ғана жұмыртқалауы арқасында ана құрсағында жан бітеді, сонан соң өзге ағзаларын толықтырып, керемет кейіпте адам баласы дүние есігін ашады. Мұның осылайша дүниеге келуі сынақ үшін еді. Сондықтан жоғарыдағы аятта айтылғандай Алла Тағала аяттарды есіту үшін әрі өзінің Ұлықтығын дәлелдейтін белгілерді берді. Мұнымен қоса ақ пен қараны ажырататын, жол көрсететін пайғамбар және кітап жіберді. Аллаһ Тағала жіберген пайғамбар дұрыс жол мен бұрыс жолды, жақсылық пен жамандықты көрсетті. Кімде-кім тура жолды ұстанса, ақыретте барар мекені жәннат болатындығын, ал кімде-кім бұрыс жолды таңдаса, ақыретте тозақта болатындығын хабардар етті.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзат баласын тура жолды ұстанып, тозақ отынан сақ болуы үшін жігер танытқандығы соншама бұл жайында Құран Кәрімде былайша баяндалады: «(Мұхаммед с.ғ.с.) Енді олар бұл Құранға сенбесе, арттарынан кейіп, өзіңді жоя жаздайсың» (Кәһф, 6). Осы аяттың түсу себебіне тоқталатын болсақ, о дәуірде Мекке қаласындағы мүшріктердің мұсылмандарға көрсеткен зорлық-зомбылықтары әз пайғамбардың (с.ғ.с.) қасіретке душар болуына итермелеп тұрды. Яғни мүшріктердің әрдайым қарсы келіп, Исламды қабылдамаулары пайғамбар (с.ғ.с) қатты мазалады. Олардың мұндай ахуалдарына қатты өкінетін, аятта айтылғандай қай жерде болса да қарғыстарынан өзін жоя жаздаушы еді. Мақаламыздың басында келтірген хадисімізде айтылғандай олардың отқа түспеулері үшін белбеулерінен ұстап тартса да олар өздерін отқа лақтыратын. Алайда ол кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аман-есен. Бар мақсаты адамдарды тура жолға бастап, тозақ отынан құтқару. Ал қазіргі таңда Расулұллаһ (с.ғ.с.) о дүниеге аттанса да бұл міндет оның сүннеті арқылы атқарылып келеді. Сондықтан оның салып кеткен сүннеті дәл бүгінгі күннің өзінде адамдарға тура жолды көрсетуде және біз адамзат баласын бұрыс жолдарға түспеуіміз үшін үлкен рөл атқарып келеді.
Ал, адамзаттың бүгінгі жағдайын салыстыратын болсақ, мыналарды айтуға болады. Қазіргі адам баласының жағдайы өткен замандағы жағдайлардың ішінде жоқ сияқты. Мұны айтып отырғаным кейбіреулер өзін өмір сахнасынан өшіргенімен өзгелерді де жар басынан құлатқандай бүкіл адамзатты сүйреп алып кетіп жатыр. Өз адамгершілігін ұмытып, жаратылысының негізгі мақсатынан қаперсіз, адами қасиетін толығымен жоғалтып келеді. Дүниенің төрт бұрышында әлі жалғасып жатқан ғазауаттар ондағы адамдар әр түрлі қару-жарақтың түрін қолданып, бір-бірінің нәсілін құрту үшін сайысқа түскендей жарысып жатыр. Мыңдаған адамның өлімі, олардың қырылып кетуі, экологияның бұзылуы және т.б. бәрі мінез-құлықтан жұрдай кісілердің салдарынан қоғамға өз әсерін туғызды. Мұның алдын алу жолдары әлі күнге дейін ешқандай нәтиже шығармай келеді, керісінше күн өткен сайын жалғасын табуда. Ислам ғалымдары айтады осындай жаманшылықтардан құтылудың бірден-бір жолы әрі адам баласына өзінің жаратылғандағы мақсатын еске түсіретін, сондай-ақ негізгі адами қасиетін қалыптастыратын, ол – Ислам.
Алла тағала құрани кәрімде Лұқман сүресінің 33-аятында: «Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар және ешбір әке, баласы тарапынан бодау төлемейтін сондай-ақ ешбір бала да, әкесі тарапынан түк бермейтін күннен де қорқыңдар. Күдіксіз Алланың уәдесі хақ. Сондықтан сендерді дүние тіршілігі әсте алдамасын. Сондай-ақ, өте алдаушы (шайтан да) Алла турасында алдамасын» - деп ескертуде.
Қазіргі таңда, әсіресе, мұсылмандар жалпылама көптеген мәселелерде өлгеннен кейін қайта тіріліп, есеп беретін күнді ойламайды. Алла тағалаға қарсы келетін істердің күнә екенін біле тұра, «Алла тағала кешіреді ғой!» деп ағынан жарылып, бұрыс жолдарға бара береді. Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мына хадисінде адам баласының ақыретте алдымыздан шығатын нәрселерді ескеріп, былай деп бұйырады: «Уа, Мұхаммед үмметі! Сөзсіз менің білетіндерімді білсеңдер еді, көп жылап, аз күлетін едіңдер» (Бұхари, Кусуф 2; Муслим, Салат 112). Ұлық имам Нәуәуи (рахматуллаһи аләйһи) осы хадисті түсіндірер сәтте былайша тілге тиек еткен-ді: «Осы істегендеріңе орай Алла тағаланың азабының тым зор екендігін, Қиямет күнінің де халін мен сияқты белсеңдер ғой әрі осы тұрған жерімнен тозақты мен көріп тұрғандай бір көрсеңдер ғой, сол сәтте көп жылап, аз күлетін едіңіздер».
Ендеше, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сара жолымен жүру, яғни оның сүннетін ұстану тозақ отынан құтылып, жәннатта мәңгі қалуға жеткізетін дара жол. Тағы да мына бір хадисінде: «Сөздердің ең жақсысы Алланың кітабы, жолдардың ең дұрысы Мұхаммедтің жолы» - дейді (Ибн Мәжә, Муқаддимә 7). Сондықтан ең әуелі пайғамбарымыздың сүннетін дұрыс үйреніп, оны іс-амалға асыру. Сол үшін Ханафи мәзһабымыздың да ең басты принциптерінің әуелгісі Құран, екіншісі сүннет. Дәлірек айтқанда мәзһабымыздың жолы жәннатқа қауыштыру. Осылайша мәзһаб ұстана отырып, Исламмен өмір сүруіміз керек әрі сүннетті де орындайтынымызды естен шығармауымыз қажет.
Біләл Сағындықов,
Жылыой мұсылмандар
орталық мешітінің ұстазы