Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Уақыт – үлкен нығмет

Дінімізде уақыт мәселесіне ерекше мән берілген десек, артық айтқандық емес. Дін мәселелеріне көз жүгірткенде, көптеген мәселелердің уақытпен тығыз байланысты екенін аңғарасын. Уақыт-емші. Адамзаттың мейлі ол ашу-ызаға толы, өкпе назды болсын, мейлі қуанышты сәттері болсын уақыт өте келе бәсеңдей түсетіні анық. «Уақыт-емші»-деген сөздің мағынасы да осы. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.с) өмір жолына үңілсек, оның өз уақытын тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені ол барлық істеріне үлгеріп отырған. Күнделікті тұрмыс тіршіліктерін былай қойғанда, намаздағы парыздары мен сүннеттерін үзбестен нәпіл құлшылықтарын да көптеп орындап отырды. Көп жағдайларда біз жалқаулыққа бой алдырып өзімізге нәсіп болатын жақсылықтардан құр алақан қалып жатамыз. Өз уақытымызды өткізіп алғаннан соң көпшілігіміз өкініп қаламыз. Пайғамбарымыз (с.а.с) «Уақыт қылыш сияқты, егер сен оны кеспесең ол сені кеседі»-деген. Өз уақытымызды тиімді пайдаланып бұл өмірдегі жақсы істерімізге үлгеруге тырысайық. Дана бабаларымыз: «Қамшының сабындай ғана қысқа өмір»-дегенде де осы уақытқа байланысты айтқан. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әр бір үмметтің ажалы бар (белгіленген уақыты) бар. Олар оны бір мезет кешіктіреде ілгерілете де алмайды» (Ағраф сүресі-34 аят) дейді.             

        Міне осы Алланың бізге берген уақытын тиімді пайдаланып бізді жоқтан бар еткен, бізді сұрамасақта  ризықпен ризықтандырып жатқан ұлы Аллаға құлшылық пен шукіршілік айтып үлгеруіміз ләзім. Уақыт Алла Тағаланың еркіндегі нәрсе. Адам баласы сол берілген нығметтің қадірін түсіне білуі керек. Сол уақытты тиімді пайдалану мұсылманның басты міндеті болып табылады. Ең алғашқы кезекте Алла Тағалаға құлшылық уақыттары ескерілуі тиіс. Намаздарды уақытынан кешіктіріп алмастан оқу абзал. Бұл момын үшін ең басты қажеттіліктердің бірі. Ақын Абай атамыз айтқандай: «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын»-деп адам бос уақытында қандай азғындыққа баратындығы жайында айтады. Осы тұрғыда Қожа Ахмет Яссауй бабамыз: «Кітабына үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, тігін тіккен тігінші, ас үйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды»-деген. Алла елшісі (с.а.с) уақыт турасында: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл. Өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл»-деген. Бір ғалым: «Адам баласы ақша қаражаты таусылса уайымдайды, ал уақыты босқа кетіп, өмірі қысқарып жатса оған еш өкінбейді»-деген екен. Міне қаншама ұлы адамдар осы уақыт жайында түрлі қанатты сөздер айтып кеткен. Сол себепті осы сөздерді саралай келе бізге берілген ең үлкен нығмет  ол уақыт екенін мойындап,  оның қадіріне жете білейік.

 Бейбіт Мамырұлы,

 

«Әйіп қажы» мешітінің найб имамы

Жоғарыға