Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Бала тәрбиесі – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті

Скачать шаблоны для cms Joomla 3 бесплатно.
Зелёные шаблоны джумла.

Бүгінгі қазақ қоғамындағы ұлт тағдырына қатысты ең өзекті мәселелердің бірі – бала тәрбиесі. Өйткені, бала – біздің болашағымыз, ел ертеңі. Олай болса, бала тәрбиесіне аса  жауапкершілікпен қарау – басты міндетіміз. Бұл ретте ізгілік пен мейірім діні – Ислам дінінің көмекке келер жері көп. Ислам – күллі адамзат баласына түскен соңғы дін. Адам бойындағы адамдық пен ұяттың өлшемі. Біле білгенге иман байлығының қайнар көзі. Сондықтан да оның бала тәрбиесінде алар орны да зор.

Адамның көбейіп, перзент сүю – асыл пайғамбардан (с.ғ.с.) жалғасқан сүннет. Алланың аманаты. Шаңырақтың шаттығы. Шал ақынның «Босағасын алтыннан соқсаң дағы, перзент сүймей, адамның мейірі қанбас» деуі де осыдан болса керек. Шындығында, баланың шыр етіп дүниеге келуі – зор қуаныш. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханасымен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген. Тәрбиесіне атүсті қарамаған.

Халқымыз «Ел болам десең – бесігіңді түзе» - деп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Айталық, Зере анамыз Құнанбайдың тәрбиесіне қатты мән берген. Бір естелігінде: «Мен Құнанбайды бір күн болсын дәретсіз емізіп көргенім жоқ және омырауымды тазалап жумай, бісміллә айтпай емізбейтін едім», –дейді. Ал, Құнанбай атамыз – Меккеге барып, қажылыққа барған мұсылмандар түсетін үй  салдырған мұсылман.  Құнанбай атамыздың бойындағы мұндай қасиеттер анасы Зеренің берген тәрбиесінің негізі екені күмәнсіз. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», – деп, ата-бабалармыз айтқандай, Құнанбайдай ер тұлғалы атамыздан білімді де алғыр дана Абайдай ұл жалғасты. Өзі өлсе де, сөзі өлмес қазақ халқының бағына біткен ұл қалды.

Парасатты, ізгі тәрбие неден басталмақ? Бұл ең бірінші баланың иманды болып өсіп, ата-анасын сыйлауы, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейіл секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруі. Ата-ана болу жауапкершілігі де осы кезден басталады. Ислам дінінде бала – өмірдегі сынақтардың бірі ретінде қаралады. Сол себепті сынақтан сүрінбей өту үшін балаға өмірде жақсы-жаманның, обал-сауаптың не екенін, қалай болғанда да жақсы адам болып қалыптасудың жолдарын үйрету, үлгілі тәрбие беру – ата-ананың міндеті. Есейгенде қоғамға пайдалы азамат болуы, жас кезінен сыра, арақ, темекі секілді теріс қылықтарға үйір болмауы, ешкімнің ала жібін аттамауы, әдепті болуы, қай кезде де текті тәрбиенің жемісін көрсетуі. Егер ата-ана баласын мейірімге бөлеп, ізгілікке бағыттап, туған қоғамға пайдалы азамат етіп тәрбиелесе, ұлтқа тұлға болмақ.   

Ғылыми тұжырым бойынша, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өнегелі өмірі – бала тәрбиесінің қайнар көзі. Өйткені, Құрандағы Алла тағаланың көрсеткен үлгілі тәрбиесі пайғамбар (с.ғ.с) сүннетімен ажарланып толыға түскен. Адамзаттың асылы пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылманшылық тәрбиені баланың  санасына сіңіруге ерекше мән берген. Бала дүниеге келісімен діни салт бойынша жоралғылар жасалып, мұсылман үмбетінің тағы бір адамға толысқанын қуаныш ретінде атап өткен. Мұсылман үмбеті деген атқа сай тәрбие алуын қадағалаған. Осы орайда, балаға жақсы ат қоюының өзі қандай дұрыс тәрбие екені айтпаса да түсінікті.

 «Отан отбасынан басталады», – демекші, баланы адамгершілікке баулу үшін күллі қоғам мәдениетін жетілдіру керек.  Өйткені бала тәрбиесі ата-ана мен бала-бақша, мектепке, ұстаздарға, дос-жарандары мен ортасына тікелей қатысты. Егер олардың кім, қандай мақсаты бары қадағаланса, тәрбие өте жақсы нәтиже бермек.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Әке баласына жақсы тәрбиеден артық мирас қалдыра алмайды» деген. Сондықтан  да баламызды имандылыққа баулуға ерекше көңіл бөлгеніміз жөн. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейтінімізді» ұмытпайық. Бауыр ет – балаларымызды елжандылыққа, имандылық пен отансүйгіштікке, салт-дәстүрін құрметтей білуге  тәрбиелеу – басты міндетіміз.

 

Ясин Серік,

Жылыой мұсылмандар  мешітінің

 

наиб имамы 

Жоғарыға