Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ғайбат айту – үлкен күнә

           Ғайбат – нәпсімізге құл болу үлгісінің ең жиіркеніштісі. Кісі өзінің кемшіліктерін көрсе басқасының кемшіліктерін көруге уақыт таба алмайды. Бір адам үшін өзінің кемшілігі бола тұра басқасының кемшіліктерін іздестіруден басқа үлкен кемшілік бола ма!  Аллаһ Тағала Құран кәрімде ғайбат айту жайында: «Ей, иман еткендер. Күмәнді ойлардың көбінен аулақ болыңдар. Өйткені, кейбір күмәнді ойлар күнә. Бір-бірлеріңнің кемшіліктеріңді іздестірмеңдер. Біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме. Әрине одан жеркенесіңдер. Аллаһтан қорқыңдар. Алла тәубелерді қабыл етуші, ерекше мейірімді!» (Худжрат-12 аятында).  Бір адам дін бауырының артынан сөйлеу, оның сасыған етін жеумен тең болады,  Пайғамбарымыз (с.а.с)  хадистерінде ғайбат айтудан біздерді қайтарған әрі үлкен күнәлардан болатынын ескетркен.  Әбу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисте : «Бір күні біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жанында отырған едік. Бір адам тұрып сыртқа шықты. Біреулері: «жанағы адам қандай әлсіз еді?…» — деп еді, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бауырыңды ғайбаттадың және етін жедің» — деді.  Яғни мұсылман бауырымыздың өзі жоқ болсада, артынан кемшілігін айту бұл болатын меңзеп тұр. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Харам екендігі өте ауыр болған жаман тірліктің не екенін сіздерге айтайын ба? Ол адамдар арасында өсекші мен сөз тасушы» (Мүслим, Бирр уәсила 102)- деген.  

          Аллаһ Тағала осындай сүйкімсіз, тәрбиесіз кісілерге тыйым сала отырып: «Өте айыптағыш, өсек тасығышқа бой ұсынба» - деп секертеді (Қалам сүресі 11-аят).   Пайғамбарымыз бірде сахабаларымен бірге кетіп бара жатқанда екі қабірдің қасынан өтеді. Сол кезде әлгі қабірді көрсетіп: «Мына екі қабірдегі пенделер қабір азабын тартып жатыр. Азап шегулері де үлкен бір күнә істеп қойғандықтарынан емес. Біреуі зәрінен сақтанбай, жақсылап тазаланбағандығы үшін, екіншісі болса өсек тасығандығы үшін», - деп қабір азабының бірден бір себебі өсек тасу екендігін мұсылмандарға ескертіп кетуде.  

          Ғайбат айтқан адам жақсылық және сауаптарын жан-жаққа шашқан адам сияқты. Хасан Әл-Басрийге: «Пәленше көрші сені ғайбаттап жатыр» — деп бір кісі келеді. Бұған жауап ретінде Хасан Әл-Басрий көршісіне табақпен халва толтырып көршісіне алып барады да: «Сауаптарыңды маған сыйлағаның туралы хабар келді. Осыған рахмет ретінде осыларды алып келдім» — деген екен.    Әбу Хурайра (р.а.) жеткізген хадисте : Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Өмірінде бір рет ғайбат айтқан адам Ұлық Аллаһ тарапынан он түрлі жазаға ұшырайды: Аллаһтың рахымынан ұзақ болады, періштелер онымен достық құрмайды, өлім кезінде жаны өте қиыншылықпен шығады, Тозақ отына жақын болады, Жұмақтан ұзақ болады, қабір азабы өте қорқынышты болады,  Пайғамбарымыздың (с.а.у.) рухы одан қиыншылық көреді, Аллаһ оған (ғайбат айтушыға) ренжиді, Қиямет күні амалдар тартылған уақытта ол кісі амал таразысына бар нәрсесі таусылып біткенін көреді» — дегенін жеткізген.  Жазықсыз жерде өсектелген адамның күнәсінің жартысын Аллаһ тағала кешіреді, ғайбат айтқанның сауабынан бір бөлігі ғайбатталған адамға беріледі. Қияметте бұл адамның амал дәптерінің беттері ашық тұрде берілген уақытта құл: «Ей, Раббым! Жасаған ғайбаттарым, оразаларым, намаздарымның сауаптары қайда? Олар мына беттерімнің арасында жоқ!…» -дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Халықты ғайбаттау себебімен ол сауаптарын жойылып таусылды» — дейді.

             Хазіреті Әли (р.а.) : «Әсіресе ғайбаттан сақтаныңдар! Онда үш жамандық бар: ғайбат еткеннің дүғасы қабыл болмайды, ғайбат айтқанның игі істері қабыл болмайды, ғайбат еткеннің жамандықтары көбейеді» — деген. Олай болса ағайын, тек жамандыққа бағыттайтын өсек-ғайбаттардан сақ болуға тырысайық.

 

Теңел Айдарбекұлы,

«Қосшағыл»  ауылдық мешітінің

 

имамы 

Жоғарыға