Мұсылмандық неке
Қасиетті Құранда: «Біз әр нәрсені жұп қылып жараттық» (Зарият сүресі 49-аят), — деген аят бар. Жалғыздық тек Аллаға ғана жарасқандығын ескерсек, жасы жеткен әр адамның өз сыңарын тауып, некелескені абзал іс саналады.
Құран кәрім некелесуді әмір етеді.Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Некелесіңдер, көбейіңдер! Қиямет күні мен сендердің көп екендіктеріңмен мақтанамын» және«Неке қию — менің сүннетім. Сүннетімді тәрк еткен адам менен емес» делінеді.
Шариғатта үйлену мен неке қиюдың бірнеше шарты қаралған. Неке қияр кезде, үйленгеннен кейін де еркек пен әйелдің хақысы турасында толық мағлұмат бар.
… Алайда соңғы кездері қоғамда шариғаттың шарттарын ойыншық қылып, жас қыздарды алдап, өз нәпсісінің қалауын орындау үшін білгенін істеп жүрген жігіттер көбейіп кетті. Дін өкілдері осылай дейді. Соңғы кезде мешітке кеңес сұрап, жылап келетін қыздардың қарасы көбейген.
— Неке — исламдағы шариғат жолы. Яғни екі адамның отбасын құрып, дүниеге ұрпақ әкеліп, оны тәрбиелеп жетілдірудегі шариғаттың шарты. Некесіз үйленуге болмайды, некесіз үйленген адамдардың одағы харам болып есептеледі. Шариғат бойынша екі жас шаңырақ көтерер кезде неке қиылуы тиіс. Некенің бірнеше шарты бар:
Бірінші шарты: ерлі-зайыптының осы некеге, бір-біріне ризашылығын білдіруі. Яғни ер-азамат пен әйел адам. «Маған тұрмысқа шығасың ба?», «Саған тұрмысқа шығуға келісемін» сынды сөздер айтып, өзара бұл некеге ризашылығын білдіруі тиіс.
Екінші шарты: неке қиылу кезінде кемінде екі куәгер болуы тиіс. Ол екі адамның екеуі де мұсылман ер адам немесе бір ер адам, екі әйел адам болуы тиіс.
Үшінші шарты: қызға сұраған сыйлығын беру. Шариғатта ол мәһір деп аталады. Осы шарт кейінгі кезде ұмытылып кетті, алайда оны қайтадан қалпына келтіру маңызды. Осы үш шарт міндетті түрде орындалуы тиіс.
Қоғамның талабына сай, төртінші шартты енгізіп жатырмыз: қыз балалар тұрмысқа шыққанда ата-ана міндетті түрде осы неке туралы білуі, осы некеге ризашылығын білдіруі, яғни неке қиыларда сол жерде ата-ананың да болуы немесе келіскендігі туралы кепілдігі, ол болмаған жағдайда өзінің ризашылығын білдіретін өкіл кісіні жіберуін талап етеміз.
Бірінші шарты түсінікті: яғни екі адам бір-бірімен шаңырақ көтеруге жүрек қалауымен өз келісімдерін беруі керек. Ол дегеніміз — екі жастың бір-бірін ұнатуы, қандай жағдайда да бір-біріне сүйеу болатындығын, бір шаңырақтың астында тұра алатындығын түсінуі. Неке шарасыздықтан, мәжбүрлі түрде жасалған амал болмауға тиіс.
Жүрек қалауы болмаса да, күнім өтсе болды, бұл дүниедегі қиындықтардан шығып кетсем болды деген ниетпен қиылған неке харам болады. Бүгінде осындай некелер көбейіп кетті.
Мәселен, қазіргі уақытта ажырасу өте көп. Бұл жесір әйелдер саны да көп дегенді білдіреді. Екіншіден, неке қиылар кезде кем дегенде екі куәгердің болуы тиіс. Бұл мәселеде Пайғамбардың (с.а.с.) айтқан сөзі бар: «Неке тек уәлидің болуымен және келісімімен және кем дегенде екі әділ куәгердің болуымен орындалады». Куәгер шынында да бұл екеуі отбасы құра алатындықтарына, ары қарай сол шаңырақты құлатпай тұра алатындықтарына кепілдік беретін адам болуы тиіс. Қазір бұл шарт та орындалмай жатыр. Өзінше шариғат жолымен жүреміз дейтін жас жігіттер мен қыздар өз үйлерінде, болмаса жалдамалы пәтерлерде, біреулердің баспаналарында куәлікке тұрмайтын кез келген біреуді алып келіп, некелерін қия береді. Болмаса «біздің некемізге періштенің өзі куә болады» деп, дұрыс емес іске барып жатады. Кейін ер адам әйелін талақ еткенде жалған куәгерлер ештеңе білмей қалады.
Мұсылмандық шарттары бойынша некені мешітте қиған дұрыс деп есептейміз. Әрине, қыздарымыздың орамал тағып жүргені дұрыс, алайда дін дегеніміз — тек қана орамал емес.
Мәһір — қызға берілетін сыйақы. Ханафи мәзһабы бойынша қызға берілетін мәһірдің құны ең аз дегенде 10 дирһам күміс ақша мөлшерінде болуы тиіс. Себебі Алла тағала Құран кәрімде: «…Бұлардан өзгелерді нәпсі әуестік жолмен емес, мал беріп алуларыңа рұқсат..», — деп мәһір беруді бұйырып тұр. Ал мәһірдің ең аз мөлшерін Пайғамбарымыз «… он дирһамнан кем мәһір жоқ» деген сөзімен бекіткен.
Қазір біз мәһір мәселесін де ойыншыққа айналдырып алдық. Кейбір жігіттер қалыңдығына: «Жүрегімді арнадым» деген сияқты сөздер айтады немесе арзымас алқа, жүзік сияқты нәрселермен алдай салады. Бұл да некенің бұзылуына әкеліп соқтырады. Сондықтан оған немқұрайды қарауға болмайды.
Шын мәнінде, мәһір қыздың құрметін жоғарылатып, құнын көтереді. Ер-азамат қалыңдығына неғұрлым қымбат сый жасаса, некеге соғұрлым жауаптырақ болады. Исламда әйелді қатты құрметтеген. Хазіреті Омар халифаның тұсында өмір сүрген сахаба Абдуррахман Ибн Ауф екінші, әлде үшінші әйеліне үйленер кезде қалыңмалына бір зембіл алтын апара жатады. Оны көрген Омар халифа: «Бұл не деген сұмдық? Енді кембағалдар үйлене алмайтын болды ғой» деп, мешітке барып: «Әй, әйелдер, қалыңмалды көбейтпеңдер», — дейді. Сонда бір әйел тұрып: «Әйелдеріңе сұрағандарын беріңдер деп Құранда айтылған», — деп уәж айтады. Сонда халифа: «Мен қателестім. Бір зембіл алтынды сұраған қызға беріңдер», — депті. Яғни әйелдің қадірі болуы үшін оның құны болуы тиіс. Арзан нәрсенің құны болмайды. Бір рет қолындағы барын шашып, үйленген адам әйелін талақ етіп, үйленерде дәл солай шашылатынын ойлауы керек, нағыз мұсылман адам отбасын ойрандауды емес, ең алдымен шаңырағының биік болуын ойлайды. Сондықтан мәһір дейміз, қызға берілетін сыйақы дейміз, қазіргі ұғымға салсақ, қалыңмал мәселесін ұмытпауымыз керек. Әрине, екі жақтың ата-аналары, ерлі-зайыптылар өзара келісімге келсе, оның жөні бөлек.
Мұсылман дінін алғашқы болып қабылдаушылардың бірі — Әсма бинт Әбубәкір бірде Пайғамбарымызға келіп: «Менің үйіме ата-анам келіп отыр. Олар пұтқа табынатын еді. Оларды үйге кіргізуіме бола ма?» — деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз оған: «Әке-шешеңнен қолыңнан келген жақсылығыңды аяма» — деген екен. Яғни оған: «Діні бөлек анаңды үйіңе кіргізбе», — деген жоқ: «Қолыңнан келген жақсылығыңды аяма», — деді. Яғни Исламда әкенің, ананың орны үлкен. Алланың ризашылығы — ата-ананың ризашылығында. Сондықтан қандай жігітке тұрмысқа шықсаң да, ата-ананың ризашылығын, ақ батасын алу керек. Ал той мәселесіне келетін болсақ, «Той — Тәңірдің қазынасы» дейді. Ал ол қазынаны харам нәрселермен былғауға болмайды.
Нартай Сүндетов