Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілік – сезімнің шыңы

Пайғамбарлар – Алла тағаланың таңдаулы құлдары. Алла оларды адамдардың арасынан таңдап, әрбір кезеңдегі адамдарға тура жол көрсетуші ретінде жіберген. Олардың саны Аллаға ғана мәлім. Яғни Құранда есімдері аталған пайғамбарлардан басқа да пайғамбарлар бар. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у.) осы пайғамбарлардың ең соңғысы әрі мәртебесі ең жоғарғысы. Құран Кәрімде Алланы сүю үшін және Оның сүйікті құлы болу үшін Пайғамбарымызға бой ұсынуды бұйырған. Ал, пайғамбарға бой ұсынудың жолы оған деген сүйіспеншілігіміз арқылы көрініс табады. Ақынның тілімен айтатын болсақ:

Махаббаттан Мұхаммед болды пайда,

Мұхаммедсіз махаббаттан не пайда?

Яғни жақсы нәтижелерге қол жеткізу үшін Пайғамбарымызды шынайы сүю және бар махаббатты арнау болып табылады. Жаратушы иеміз Пайғамбарымызға сол үшін «Хабибім» яғни сүйіктім деп айтқан. Құран Кәрімде де Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік бірнеше аяттарда көрсетілген.

Мұса пайғамбар: «Раббым! Көңлімді кеңейткейсің!» (Таха, 25) деп дұға еткен болса, пайғамбарымызға: «Сенің көкірегіңді кеңейтпедік пе?» деп бұйырған. Хазіреті Ибраһим пайғамбар: «Мен Раббым жаққа кетемін. Ол, маған тура жолды көрсетеді» (Саффат, 99) деген болса, пайғамбарымыз жайында: «Бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін құлын (Мұхаммедті) Мешіт Харамнан біз айналасын мүбәрак қылған Мешіт Ақсаға апарған Алла әр түрлі кемшіліктен пәк» - деп баяндайды (Исра, 1).

Нұх пайғамбар қауымына жіберілген кездегі алғашқы айтқанын: «Расында Нұхты еліне «Қауымыңды күйзелтуші азап келуден бұрын қорқыт» деп жібердік» (Нұх, 1) деген аятпен ескертіп, қауымын азаппен қорқытқан еді. Бірақ Алла Расулі (с.а.у.) жайында: «(Мұхаммед ғ.с.) Біз сені бүкіл әлемге рахмет етіп қана жібердік» (Әнбия, 107) және «Расында сендерге іштеріңнен ардақты бір Пайғамбар келді. Оған қиналуларың ауыр тиеді. Сендерге өте ынтық, мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейірімді» (Тәубе, 128) деген аятпен пайғамбардың үмметіне өте жұмсақ екендігін әрі мейіріммен қарым-қатынас жасайтындығы хабар берілген.

       Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Алла Тағаланың:  «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Алланы жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда да Алла Тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла Тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды», – деген бұйрығына бас игендігін көреміз. Демек, Алланы сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Оның ізі – Алла Тағаланың ризалығына алып баратын ең тура бағыт. Оның ізі – бақыттың жолы.  Сүйікті, пайғамбарымыз мінез-құлықтың ең жоғарғы шыңына жетті. Құран Кәрімде: «Шын мәнінде сен ұлы мінезге иесің» (Қалам, 4) деп, оның мінез-құлқының жоғары деңгейде екендігін баяндап тұр. Алла тағала басқа пайғамбарларға: «Әй, адам! Әй, Ибраһим! Әй, Мұса!» деп есімдерін атаса, пайғамбарымызды (с.а.у.) «Әй, Нәби! Әй, Расул!» деп шақырған. Бұл деген сөз Алла тағала құзырында пайғамбарымыздың мәртебесінің биік екендігінің айғағы. Сондықтан біз оны (с.а.у.) аса сүйіспеншілікпен құрметтеуіміз керек.

 

Асыланбек Есқайыров,

 

Тұрғызба ауылдық мешітінің имамы

Жоғарыға