Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Сүннет – Ислам дінінің қайнар көзі

Сүннет – Ислам дінінің қайнар көзі

Сүннет – Құраннан кейінгі Ислам дінінің қос қайнар көздерінің бірі. Сүннет пен хадис болмаса Исламды түсіну мүмкін емес. Ардақты пайғамбар (с.ғ.с) өз сөздері, істеген істерінен құралған сүннет Алла елшісі (с.ғ.с): заманының өзінде-ақ адамдардың жүрегі мен жадында өшпестей болып сақталған еді. Сахабалар сүннетке асқан жауапкершілікпен  қарап, толықтай мойын ұсынған. Сүннетті  ұстанып, сүннетке сай өмір сүрген. Сүннетті  көздің  қарашығындай сақтап  сол  қалпында  табиғиндарға  тапсырған. Табиғиндар өз дәуірлерінде  түрлі  бүлік  пен  іріткіге  қарамастан  Исламның  қос  тірегі  Құран  мен  Сүннетке  сай  өмір  сүрген.  Осындай  ортадан  көптеген  үлкен  имам, ғұламалар  шықты. Табиғиндар да  Құран  сияқты,  сүннетті мұрты  бұзылмаған  қалпында  кейінгі  ұрпаққа  жеткізді  міне осы   үш  ұрпақ,  сахабалар, табиғиндар, табай-табиғиндар  пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтуы  бойынша  өзінен  кейін  келетін   адамдардың  ең  қайырлылары  болды.

Жарир  ибн  Абдуллаһ мынадай  хадис  жеткізеді. Алла  елшісі  (с.ғ.с):  «Сөздердің ең  қайырлысы – Алланың  кітабы  Құран  кәрім, ұстанатын  жолдардың  ең  қайырлысы  Мұхаммедтің  (с.ғ.с) сүннеті. Ең  жаман  іс – сүннетке  қайшы  келетін  кейіннен  шығарылғандар  бидғат. Әрбір  бидғат  адасушылық  деген», - деген. Осы  тұрғыда  өмірлік  ұстаным  болуға  лайық  қағидаға  тоқталайық. Алла  елшісі  (с.ғ.с) «Үмбетімнің  ішінде  жаннатқа  кірмеу  үшін  қасарысатындардан  басқаның   бәрі  жаннатқа  кіреді», - дейді. «Жаннатқа кірмеу  үшін  қасарысатындар  кімдер  уа  Алланың  елшісі», - деп  сұрағанда  Алла  елшісі  (с.ғ.с ) «Маған  бағынғандар  жаннатқа  кіреді. Маған  қарсы  шыққандар  жаннатқа  кірмеу  үшін  қасарысқандар  болмақ», - деп  жауап береді. Алла елшісі  тағы  бірде  «Үмбетім  мен  менің  жағдайым  от  жаққан  адамға  ұқсайды. Мәселен,  жан-жануарлар  мен  көбелектер  отқа  түсе  бастайды. Мен  отқа  түспеулерің  үшін  етектеріңе  жабысып, жібермей  әлекпін. Ал, сендер  отқа  түсуге  ұмтыласыңдар», - деген.

Тағы  бірде  Алла  елшісі  (с.ғ.с): «Менен  кейін  өмір  сүретіндер  талай  алауыздық  пен  бүлікті, төңкерістерді  көреді.  Сендерге  сүннетімді  және  тура  жолды  ұстанған  әділетті   халифалардың  жолын  үлгі  етемін.  Сендер  менің  сүннетіммен  Рашид  халифалардың  жолын  берік  ұстаныңдар! Абайлаңдар! Кейіннен шығарылған істерден  сақтаныңдар.  Өйткені  әрбір  кейіннен шығарылған  іс – бидғат, әрбір  бидғат  адасушылық  болып  табылады», - деген.

Имам  Мәліктің  «Муатта»  атты  кітабында  Алла  елшісі  (с.ғ.с) : «Сендерге екі  нәрсе  тастап  барамын.  Осыларды  берік  ұстансаңдар  ешқашан  адаспайсыңдар. Бұлар Алланың  кітабы  Құран  және  пайғамбарының  (с.ғ.с.) сүннеті», - дегенін  айтады.

Сүннет  Алланың  және  пайғамбарының  назарында  осынша  маңызды  саналады. Сахабалар  сүннетке  діни  қайнар көздің  бастауы,  өте  маңызды  жетекші, берекелі  Құран  тәпсірі  ретінде  қараған  болса,  одан  кейінгі  ұрпақтарда көздің қарашығындай қорғаштап кейінгі ғасырларға ұластырған.

Осы  діннің  қайнар  көзінің  бірі  болған  сүннетті  бекем  ұстану  әрбір  мұсылманның міндеті. Сүннетті ұстанып  жүруге  көңіл  бөлейік  мұсылман  бауырлар! Алла  қуат  бергей!  Тура  жолда  жүруімізді  нәсіп етсін!

 

Орынбаев Қанапия,

 

«Есенгелді Нұршайұлы мешітінің имамы

Жоғарыға