Ислам дініндегі бала тәрбиесі
Ислам діні толымды тәрбие негізі десек, ғаламға ұстаздық жасап, бүкіл саналы ғұмырын адамзат бақытына арналға пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) балаларға қаншалықты көңіл бөлген? Бұл жөнінде үмбетіне қандай үлгі-өнеге қалдырды? Ізгілік пен мейрім жаршысы ретінде бала тәрбиесінің қай тұстарына ерекше назар аударды? Сүйікті елшінің өмірін осы тұрғыда бір көз жіберіп көрсек.
Адамзаттың таңдаулысы (с.ғ.с) бала өмірге келмей жатып-ақ, оған қамкөңілділік танытатын. Туыла салсымен мұсылмандық тәрбие нышандарын жасайтын. Айталық, қызы Фатима (р.а.) босанып, немересі Хасанды алғаш көргенде, үстіндегі сары жаялығын шешіп, ақ жаялығын ораған. Бұл оның сәби жынысына сай түсті таңдағанын білдірсе керек.
Сәби туылғанда сүйінші бергенді ұнататын. Өзінің ұлы Ибраһим туылғанда, сүйінші сұрап келген Әбу Рафиға сый-сияпат тарту еткен. Жаңа туған сәбиді құшағында алып тұрып, игі дұға тілейтін, сосын құрманың сөлін таңдайына жағып, алғашқы дәм таттыртатын болған. Айша анамыз бұл жайды: «Пайғамбарымыз өзіне әкелінген нәрселердің әрбіріне береке тілеп, дұға оқитын», - деп еске алған.
Балаларды жүректің жемісіне (сәмәрәтүл-құлуб), көздің нұрына (құрратул-айн) теңеген мейрімін жаршысы Ардақты елші (с.ғ.с) Абдуллаһ ибн Аббасқа бала кезінде: «Иә,Алла тағалам,бұған хикмет үйрете гөр!» деп дұға жасаған. Ал, Әнәсқа (р.а.) байлығы мен бала-шағасының көп болуын тілеген. «Ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы қабыл болды», - деген пайғамбарымыз (с.ғ.с) бала тәрбиесінде Алладан тілек тілеп, дұға жасауда үлкен мән бар екенін осылай ұқтырып отырған.
Нәрселерге туыла саласымен ат қойған кездері болған. Бірақ, көбіне бұған нәресте туылғаннан кейінгі жетінші күнді дұрыс көрген. Сәбиге азан шақырып, ат қоюды ата-ананың балаға деген алғашқы міндетінің біріне жатқызған. Сондай-ақ әрдайым балаға мағналы, жақсы ат қоюға шақырған. Бұның себебі «сендер қиямет күні өз есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақыртыласыңдар. Олай болса балаға әдемі есім қойыңдар», - деп түсіндірген. Ең әдемі есімдердің қатарына Абдулла (Алланың құлы) және Абдуррахман (Рахманның құлы) деген қос есімді жатқызған. Кей нашар аттарды мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды есімдерге өзгерткен.
Немерелері Хасан және Хұсейн (р.а) өмірге келгенде, немерелі болғанда шүкірлік білдіріп, арнайы құрбандық шалған (ақиқа). Қызы Фатимаға (р.а.) сәбилердің үлпілдек шашын алып, алынған шаштың салмағындай садақа беруді тапсырған. «Нәрестеге берілген сүт адамның болашақ табиғаты мен мінез-құлқын қалыптастырды», - деп, адал сүтпен қоректендірудің маңызын ұқтырған. Қандай да бір себеппен баланы басқа біреу емізіген жағдайда, харамға ауыз салмайтын адал жанға табыстауға көңіл бөлген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жылаған баланы жұбатуға да ерекше көңіл бөлетін. «Кімде-кім жылаған баланы жұбатуға тырысса, Алла тағала жанатта оған риза болатынға дейін нығметтерін үйіп төгеді» деген ол жамағатқа намаз оқытып тұрғанда, жылаған баланың дауысын естісе, намазды тезірек бітіруге тырысатын.
Бірде таң намазын әдеттегіден жылдам оқып бітіреді. Сахабалардың бірі бұған таңданып, «Уа, рассулалла бүгін намазды неге жылдам аяқтадыңыз?», - деп сұрағанда. «Арт жақтан жылаған баланың дауысы естімедің бе?Анасы барып тезірек жұбатқанын қаладым», - деген жауап естіген.
Үйіне кіре бергенде баланың жылаған дауысын естіп, «мына бала неге жылап жатыр, көз тиюге қарсы оқытпап па едіңдер?», - деп сұрағаны да бар.
Пайғамбарымыз балалар кіш етіп қойғанына да түсінікпен қарайтын. Бұл жайында уммул-Фадл басынан өткен мына бір оқиғаны баяндаған:
«Мен Әлидің ұлы Хұсейнінді емізіп жатқанымда Алла елшісі (с.ғ.с.) қасыма келіп, баланы сұрады. Қолына ұстатқаным сол еді, сәби үстіне жіберіп қойды. Баланы қайта алмақ болып қолымды соза бергенімде: «Асықпа, аяқтасын. Кедергі жасама», - деді. Ал, киімнің былғанған жерін сумен тазалап жіберді». Баланың еркіне тыс болған іске қабақ шытпайтын.
Баланы алдамауға, берген уәдені орындауға қатты көңіл бөлетін.
Бірде Мәдинаға хижрет жасаған сахаба аналарымыздың бірі Ләйлә (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с) үйінде отырған кезінде сыртта ойнап жүрген ұлын шақырып:
- Балам, келе қойшы саған бір нәрсе беремін, - дейді.
Бұны естігенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дереу оған:
- Ұлыңызға не бермексіз? - деп сұрайды.
Әйел: Құрма берейін деп едім, - дегенінде, - Егер балаға «бір нәрсе берем» деп шақырып, еш нәрсе бермесеңіз, амал дәптеріңізге «өтірік айтты» деп жазылар еді, - деп ескерткен.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) балаға «Алла тағаланың берген сыйы» деп қарағандықтан, ұлды артық көріп, қызды кемсітуге жол бермеген. Қоғамда қыз баланы жек көрмеуге шақырып, «Егер таңдау еркі маған берілсе, қайта қыз баланы артық санар едім» деген. Өйткені, қыз баланың жүрегі жұмсақ, жаны нәзік, ол ертеңгі біреудің қимас серігі, оң босағадағы қонақ деп түсіндірген. Өзі сапарға шыға қалса, ең соңынан қызы Фатимамен қоштасып, оралғанда алдымен соған амандығын сұрап, кіріп шығатын. Қызды қор көрмеуге шақырып «Кімде кімнің үш қызы болып, ұлды олардан артық санамаса, жақсы тәрбиелесе, Алла ондай ата-анаға жұмақты нәсіп етеді» дейтін. Қыз балаға мейріммен қарауға шақырып, оның зор екенін білдіретін. Осы орайда Айша анамыз (р.а.) тілге тиек еткен мына бір әңгіме өте мәнді.
«Бірде маған бір әйел қайыр сұрай келді. Қасына ертіп алған екі қызы бар екен. Менде бары бір тал құрма еді. Әлгі әйел мен берген құрманы екіге бөліп, екі қызының ауызына тосты. Өзіне ештеңе қалмады. Олар кетіп қалғаннан кейін пайғамбарымыз (с.ғ.с) келді. Мен болған жайды әңгімелеп бергенімде, «Кім өмірде қыздарымен сынаса, қыздарына жақсы қараған жағдайда қыздары ата-анасы тозақтан сақтайды»деп еді.
Баланың тентектігі ашуланбай, сабырлық танытқан. «Бала кішкене кезінде бұзық болса, бұл оның өскенде ақылды болатындығының белгісі» дейтін.
Баланың физикалық жетілуіне де көңіл бөлетін. «Топырақ - баланың көктемі» деп, апақ-сапаққа қалмай, баланың күн жарықта ойнағанын құп көрген. Тамақтан бұрын және тамақтан кейін қол жуу, оң қолмен жеу «бисмилламен» бастау, өз алдынан жеу деген секілді тамақтанудың әдебін, бұған қоса тән мен жан тазалығын үйретумен қатар, ер балаларға күрес садақа ату, жүгіру, суда жүзуді игертуге шақырған. Жыныстық тәрбиені де назарлардан тыс қалдырмай, «Он жасқа толғанда қыз бен ұлдың төсегін бөлек салыңдар», - деген.
Бала оң-солды ажырата бастағанна бастап, оны ұяттылыққа, имандылыққа тәрбиелеп, ненің күнә, ненің сауап екенін үйрету, мешітке үйір етіп, Алланы, пайғамбарды танысуға, Құранды үйретуге, 7-10 жасынан бастар намаз оқу секілді мұсылмандық міндеттерді орндауға баулу да сүннетте негізгі алынған.
Қорыта келгенде, өз өмірінде Мұхаммед пайғаммбарымыз (с.ғ.с.) балаларға қатты көңіл бөліп, тәрбиеге үлкен жауапкершілікпен қараған. Баланы тәрбиелеу үшін мейірімділік танытуға, жақсы көруге, ақылмен еркелетуге, көңіл бөліп ойнатуға, адал несібемен бағып-қағуға, ұл-қыз деп алаламауға, ешқашан алдамауға, берген уәдені орындауға шақырған. Әр қылығына түсіністікпен қарап, жынысына сай тәрбие беруге көңіл аудартқан. Денесін шымырлыққа шынықтырумен қатар жасайтын иман негіздерін көрсетіп, баланы жасайтын тазалыққа, адамгершілкке, мұсылмандық әдептілікке баулуды үлгі еткен.
Шалқар Дәулетханов,
«Бәйтерек» мешітінің наиб имамы