Исламдағы күлкінің орны
Қазақ үш арсыздың бірі күлкі деп есептейді. Оны төмендегі мақал-мәтелдерден де байқаймыз: «Малсызға малға балап ұйқы берер, арсызға арға балап күлкі берер», «Дарақының күлкісі қанбас, жалқаудың ұйқысы қанбас», «Санасы жоқ – ұйқышыл, ақылы жоқ – күлкішіл», «Ит мезі болса үреді, кісі мезі болса күледі», «Орыныз күлкі ұрыс шақырар», «Артық байлық адамды аздырады, артық күлкі жиренші қоздырады».
Біз осының ішінде орынымен болатын мәнді-мағналы күлкіге, яғни әр істе үмбетіне үлгі көрсеткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі өлшемдеріне тоқталмақпыз. Еш күлмейтін адам бола ма? Оған нақты жауап беру қиын шығар, дегенмен өмірде қанша қиындық көрсе де, басқа түскеннің бәрін шын ризашылығымен қабылдап, мұң-қайғысын жүрегіне бәрін жасырып, сырт адамға еш нәрсе білдірмей, жүзінен жылылықтың табы кетпейтін, қай кезде де жылы жымюдан танбаған ғажап тұлғалар болған. «Дін жолында ешкім бастан кешіп көрмеген небір қиындықтарға ұшырадым» деген пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ешкім ешқашан қабағы қатулы, салқын мінез, маңайына ызғар шашатын кейіпте көрмеген. Қай кезде де пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мейрімді жүзінен нұр тамып, маңайына жылы шуақ шашып тұратын. Күлсе, езу тартып әдемі ғана жымиып, бойындағы тұнып тұрған иманның әсемдігінен сыр ұқтыратын. Үнемі хақ тағаламен бірге болудың тілмен жеткізгісіз қуанышы мен ләззатынан болар, қашан да жүзі күлімсіріп, сүйіспеншілікке толы екенін сездіретін. Әрине, ондағы бұл керемет мінез сахабаларына да әсер етпей қоймады. Олар да жылы ғана жымиып қоюды өздеріне әдет ете бастады.
Бұл жайында Үммү Дәрда былай деген: «Күйеуім Әбу Дәрда бір нәрсе айтпақ болса, сөзін күлімсіреп барып бастайтын. Бір күні мен оған: - Сенің мына қылығыңды көрген ел не ойлайды? - дегенде, ол Алла елшісі сөйлер алдында үнемі күлімсірейтін,- деп жауап берген еді».
Кісі жүзіне жылы жүзбен күлімдеп қарауды садақаға, сауапты амалға жытқызған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қалай күлгендігі жайлы жары Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Мен ол кісінің таңдайы көрінетіндей дауыстап күлгенін көрген емеспін. Ол тек күлімсірейтін».
Иә, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ешқашан жөн-жосықсыз, қатты дауыстап күлмеген, қуанышты кездерінде іштей сүйсіне көзін жұмып, күлімсірейтін. Сахабалардың айтуынша, ол мінезі жібектей, кішіпейіл жан еді. Күлгеннен күлімсіреуі басым түсіп, жүзінен нұр шашып тұратын.
Бұл жайында Әбу Құрсафа былай деген: «Мен, шешем және туыс әпкем серт беру үшін Алла елшісіне (с.ғ.с.) бардық. Қоштасып сыртқа шыққанда, шешем мен әпкем маған: - Балам, жүзі осынша жылы, киімі осыншалықты таза, сөзі соншалық жұмсақ мұндай кісіні ғұмырда көрген емеспіз. Мүбәрәк ауызынан нұр төгілгендей екен», - деп таң қалысыпты.
Еврей ғалымдарынан Абуллаһ ибн Сәлам да пайғамбарымызды (с.ғ.с) алғаш көргенде, қасиетті жүзіне былай қарап тұрып: «Мынандай келбеттен өтірік күту мүмкін емес», - деп, сол мезетте-ақ мұсылмандықты қабылдаған еді.
Иә, кісілік келбеттің қалыптасуында адамның әрбір іс-әрекетінің, соңың ішінде ең қарапайымы күле білудің де өз жөні бар. Алаңсыз бейғам қарқылдап күлу адамның парықсыздығын аңғартып, оны ойсыздық пен ғапылдыққа салуы мүмкін, ол уайымсыз-қайғысыз, бос кеуде пендеге ғана тән. Бұл жөнінде Құранның «Күлесіңдер, бірақ жылаайсыңдар, тым қаперсізсіңдер» деген аята көкірегі ояу жанға ой салады емес пе? Ал, сәт сайын бұл өмірде сыналу үстіндегі адамның өзін қаперсіз күйге салатын әрекеттерге бару мұсылмандыққа жараспаса керек. Оның жүрегі үнемі үміт пен үрейден арылмайды. Өзін: өлім, қабір, қайта тірілу, есеп беру, қылкөпір секілді алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білетін жан жөнсіз күлуді дерекілікке балап, оны өзіне ар санайды.
Мұрат Сұлтанов,
Бәйтерек мешітінің бас имамы