Ислам дініндегі әйел адамның орны
Қыз баланы сүйекке таңба санайтын пенделік хал асыл дініміздің діңгегі – Құранда қатаң сынға алынған. Бұл надандық дәуірінде етек алып, адамдар дүниеге келген қыз баланы өлтіріп отырған. Құран кәрім бұл туралы «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде ашудан жіздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?». «Жарлы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің нашар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» (Әнғам, 151), - дейді.
Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз балаларға мейіріммен, аяушылықпен қарауға шақырған. Өкінішке қарай, Ислам тарихында алғашқы шейттің де әйел кісі болғаны баршамызға мәлім. Исламды жарыса қабылдағандардың қатарында да әйелдер болған.
Алла тағала: «Әйелдермен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген жақсылығы болуы мүмкін» (Ниса, 19) – деп отбасында ыдыс-аяқ сылдырлаған жағдайда сабырға келуге, әйелдің бір қылығы жайсыз көрінген жағдайда қатты ашуланып, қателіктерге ұрынбауға шақырады.
Әйелді ұруы былай тұрсын, күйеунің оған ренжуін де дұрыс санамаған Алла елшісі (с.ғ.с): «Мүмін ер кісі мүмін бір әйелге ашуланып ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», - деген (Мүслім, т.ІІ, Б. 1091). Тағы бір хадисте: «Седердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», - деген пайғамбар (с.ғ.с) әйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады», - деген хадистері де баршамызға ой саларлық. Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Жұмақ аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайсың?», - деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистері осыған дәлел.
Әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген: «Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі, қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» (Нұр, 31). Қорыта айтқанда, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған.
Арман Урумбаев,
«Иманғали» орталық
мешітінің азаншысы