Исламдағы ауыр күнәлардің бірі – зина жасау
Ислам діні адамның бақытты болуы үшін қажетті алғышарттар мен сауапты амалдардың орындалуын бұйырып, күнәға жетелейтін амалдардан тыйған. Күнә – дініміз бойынша үлкен және кіші болып бөлінеді. Аят пен хадис арқылы қатаң түрде тыйым салынған амалдардың үкімі «үлкен күнәлар» (кәбаир) деп аталады. Некесіз жыныстық қатынастың барлық түрі зина болып есептеледі. Ол Ислам дінінде үлкен күнә. Яғни, Ислам діні мұндай іс-әрекетке қатаң түрде тыйым салады. Алла Тағала мұсылмандарға ең үлкен күнәларды уахи еткенде (хабардар еткенде) зинаны да үлкен күнә қатарына жатқызып былай дейді: «Зинаға жоламаңдар. Өйткені, ол анық арсыздық және жаман жол» (Исра сүресі 32-аят), аяттың мағынасына мән берсек, бұл жерде Алла Тағала «зина жасамаңдар» деп тұрған жоқ, «зинаға жақындамаңдар» деу арқылы арсыз үлкен күнәні жасау былай тұрсын оған жақындамауды, тіпті оған апаратын кез келген әрекеттен бойды аулақ ұстауды бұйырып тұр. Сондықтан ислам діні зинаны харам етіп, үйленуді бұйырған. Ардақты Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ бір хадисінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмбеттің алдында мақтаныш етемін», - деуімен үйленудің Пайғамбар сүннеті екендігін аңғартады. Өкінішке орай қазіргі қоғамда осы бір арсыз істің етек алып бара жатқаны белгілі. Бөгде әйелге назар салуға болмайтынын басқа бір аятпен ескертуде, Алла Тағала Құран кәрімде: «Ей, Мұхаммед! Мүміндерге айт, бөгде әйелдерге сұқтанып қарамасын, көз сүзбесін, ұятты жерлерін ашпасын. Олардың осылай еткені жақсы. Шынында Алла олардың бар қылықтарын байқап тұрады. Мүмін әйелдерге айт, жат еркекке көз сүзбесін, ұятты жерлерін жапсын...».(Нұр сүресі, 30-31 аят).
Сондықтан осыншалықты кесірі болған зина ер кісілерге де, әйел кісілер үшін де харам етілген. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Олар Аллаһпен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Аллаһтың харам еткен жанын өлтірмейді және зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе күнәға жолығады. Қиямет күні еселеніп азап болады. Олар онда қор болып, мүлде қалады». (Фурқан сүресі 68-69 аяттар). Басқа бір аятта Алла Тағала : «Зинашы әйел мен ердің әрбіріне жүз дүре соғыңдар. Егер Аллаһқа, ақырет күніне сенсеңдер оларға жұмсақтықтарың ұстама-сын. Әрі екеуінің жазасын мүміндерден бір тобы көріп тұрсын» (Нұр сүресі 2-аят) деп, зинаның бұл дүниеде дүремен жазалануына, ақыретте одан да бетер жазамен жазаланатындығын айтып отыр.
Ақиқатына келгенде мұсылман кісі имансыздықтан зина жасайды. Алла сақтасын, егер зина әрекеті кезінде өліп кетсе, тозақы болады. Себебі, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Зина еткен кісі зина еткен кезінде мүмин ретінде зина етпейді (саналмайды)». (Муслим, Иман 100-102).
Бір күні жас жігіт Пайғамбарымыздың құзырына келіп: «Мен зина еткім келеді», - деп ойын ашық түрде білдіреді. Пайғамбарымыз оның пиғылын білген соң, қасына тізерлеп отыртады да:
- Сенің анаңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?, - деп сұрайды. Жігіт:
- Жоқ, қаламаймын, - дейді. Пайғамбарымыз:
- Әпкеңмен біреудің зина жасағанын қалайсың ба?, - деп екінші сұрағын сұрайды. Жігіт тағы да:
- Жоқ қаламаймын, - деп жауап береді. Пайғамбарымыз:
«Олай болса, сен де өзіңе қаламаған нәрсені өзгеге жасама», - деп бұйырады. Зина жасаған қауымға Аллаһтың мейірімі түспейді және ондай қауымның басына әртүрлі бәлекеттерді жібереді.
Дініміз зинақорлық індеттің алдын алу үшін мұсылман баласына үйленуді бұйырады. Яғни ақ некемен отбасын құруға әмір етеді. Адал жолмен отбасы құрып, перзент сүйіп, шаңырақ көтеру арқылы мұсылман адам ар-намысын сақтай алады. Әрине жасы келген азамат әлеуметтік жағдайға байланысты уақтысында отбасы құра алмаса, арын таза ұстап жүруі тиіс. Сол секілді күнәға ұрынбауы үшін ораза ұстап, нәпсісін тежеп жүруі бұйырылған. Осыған қатысты Алла Тағала Құран кәрімде: «Үйлене алмағандар Алла Өз кеңшілігімен байытқанға дейін, (күнәлі істерден) өздерін таза ұстасын...»,( Нұр сүресі, 33-аят), десе Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿: «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену - көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы келмегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қалқан», (Бұхари, Саум 10; Әбу Дәуід, Никаһ 1),- деп өсиет еткен. Пайғамбарымыз ﴾с.а.у.﴿ арсыз іске бармауды өсиет ете отырып, зинаға жетелейтін әрекеттерді тыя білген мұсылманға жұмақты сүйіншілеген. Тіпті Оның ﴾с.а.у.﴿ айтқан сөздеріне сәйкес өзін ұстай білген мұсылманның жұмаққа кіретініне кепілдік беруде. Олай болса, ардақты Пайғамбарымыздың ﴾с.а.у.﴿ кепілдік берген өсиетіне аса мән беріп, жұмаққа жетелейтін амалды орындауға талпынайық. Ол жайында мына хадисте былай дейді: «Маған мына екі нәрседе: екі жақ арасындағы тіліне және екі аяқтың арасына (әуретіне) жамандық жасамауға кепілдік берсеңдер, мен сендерге жәннатқа баратындарыңа кепілдік етемін», (Бұхари, Риқақ 23).- деген. Қорыта айтқанда зина жасау арсыз да күнәлі іс. Алла жүректерімізге иман байлығын берсін. Мұндай арсыз істен бойымызды аулақ ұстайық, ағайын
Біләл Сағындықов,
Жылыой мұсылмандар мешітінің
ұстазы