Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Иман айнасы

Дініміздегі төрт мәзхабтың сыры неде? Жылдың төрт мезгілі болатыны секілді, дінімізде де төрт мәзхабтың болуы орынды. Ғалымдар тек өзінікін ғана дұрыс демей, басқа ойшылдардың да көзқарастарына құрметпен қараған. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үмметімнің түрлі көзқарасты ұстануы – рақымдылық», – деп атап көрсеткен.

Ақиқат – бір, оны әркім өзінің шама-шарқына, түсінік қабілетіне қарай қабылдайды. Кез келген нәрсенің жағдайға қарай түрленуі әрі тигізер пайдасына қарай өзгеріске ұшырауы заңды да. Мысалы, су – өзінше бір ақиқат. Бірақ, ақиқат екендігі толассыз бола тұра әркімнің жағдайына қарай судың да үкімі өзгеруі мүмкін. Мәселен, қатты сырқаттанған адамға су – шипа, сондықтан ол кісіге су ішу – уәжіп. Егер ішпесе, денсаулығына, тіпті, өміріне қауіп төнуі мүмкін. Енді екінші бір науқас ауруына байланысты уақытша су ішпеуі керек, егер су ішсе денсаулығын құртады. Бұл кісіге су ішу – харам. Үшінші біреуге судың тигізер зияны пайдасынан басым түссе, оған су ішу – мәкрүһ. Енді біреу үшін су ішу өз еркінде, қаласа ішеді, қаламаса ішпейді. Олай болса, бұл кісіге су ішу – мұбах.

Бұдан байқағанымыздай ақиқат яғни, су бір болғанымен оны қолданатындардың жағдайына қарай су төрт түрлі үкімге ие болып тұр. Осы секілді Алланың үкімдері де адам баласының жағдайына қарай, тұрмыс-тіршілігіне қарай өзгеріп тұрады.  Мәзхабтар арасында да әрқалай пікірдің кездесуі, ақиқаттың түрлілігінен емес, адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен хал-жағдайларының алуандылығынан. Сондай-ақ, Құранның кейбір аяттары бір ауыз сөзбен айтылса да, сан алуан мағынаны қамтиды. Бұл өз кезегінде түрлі ойдың тууына себеп. Бірақ, бұл бөлінуге емес, білім мен ізденіске бастап, Алланың разылығына, ақиқатты ашуға деген адамның ынта-ықыласын оятады және түрлі көзқараста болуы дініміздің өміршеңдігі мен жағдайға қарай жарып шығар жасампаздығын танытады, яғни, қолайымызға жаққан мейлінше ыңғайлы жолмен амал етуімізге септігін тигізеді. Мысалы Құранда: «Әйелмен жанассаңдар, тазалыныңдар», – деген аят бар («Мәида», 6-аят). Аталмыш аяттағы «жанассаңдар» сөзінің мағынасын имам Шафиғи: «Дененің ашық жері немесе қолдың ер кісіге жанасуы» деп түсінген. Яғни, ер кісі мен әйел затының бір-біріне мейлі қолы, мейлі басқа жерлері жанасса, бұл дәретті бұзады деп үкім шығарған. Ал, имам Әбу Ханифа болса «жанасу, тию» сөзі астарлы мағынада, сондықтан, оның мағынасы «жыныстық қатынаста болу» деп тұжырымдаған. Сол себепті тек «тәннің немесе қолдың жалаңаш жанасуы дәретті бұзбайды, жыныстық қатынасқа түскенде ғана бұзады» деген.  Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрінікі дұрыс. Егер біреу тек менікі ғана дұрыс, өзгелердікі қате деп, одан кейін өз ісінде қателік жасаса, күнә болады. Мысалы, басына мәсіх тартқанда өлшемнен қателік жіберсе, қате деп айтқан мәзһабқа сай амал еткен болмай ма, сондықтан мәзһаб ұстанбаймын, тек Құран, хадиспен жүремін дей көптеген қателікті мойнына жүктеп алғанмен тең. Кім қай көзқарасты ұстанса да, оның түп негізі сүйенер дәлелі – Құран мен хадис. Құран мен хадистің мәні мен мазмұны терең, өйткені, бұлар бір ғасырлық емес, ақиретке дейін жалғасын табатын мағынасы терең құндылық. Құранда: «Барлығың Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар және бөлінбеңдер» (Әли-Имран, 103), «Біріңмен-бірің жанжалдаспаңдар, күштерің кеміп, жетістікке жете алмай қаласыңдар» (Әнфәл, 46) делінген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Бір-біріңмен қатынастарыңды үзіп, теріс айналып, біріңді-бірің жек көрмеңдер, бір-біріңмен бауыр, Алланың құлдары болыңдар», – дейді. Біздің бұл аяттар мен хадистен алар сабағымыз дініміз бөлініп, қарым-қатынасты үзгенді қаламайды, күнә санайды. «Бөлінгенді бөрі жейді», – демекші, бөлінген ортада береке болмайды. Сондықтан, жоғарыдағы бірлік жайлы айтылған аят, хадистерге амал ету, Ханафи мәзһабын ұстанумен тығыз байланысты.

 

Жайлыбек Кенжеалиев,

«Хан Ордалы Сарайшық»

мешітінің бас имамы

 

 

Жоғарыға