Жұбайына арналып кеткен бір ғибратты ғұмыр

Сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірлік серіктерін күллі мұсылман қауымы «анамыз!» деп ардақтап атайды. Оның өмірімен жіті танысуға барынша әрекет етеді. Әсіресе, қыз-келіншектер үшін осы аналарда үлгі-өнеге өте мол. Хадиша анамыздың (р.а.) тарихы Ислам тарихымен парапар десек артық емес. Ол – кісі Ислам дінін ең алғашқылардың бірі болып қабылдау бақытына ие болған сахаба.
Хазірет Хадиша (р.а.) аршылмай жатқан қазына. Оның өмір жолын тарихтың дүрбісімен бүгінге жақындатып қарау әрбір мұсылманды тілмен жеткізуге болмайтын ерекше сезімге бөлейді. Хадиша анамыздың ғұмырына қарап отырып, Аллаға және Оның Елшісіне (с.ғ.с.) өзін пида етіп арнап жіберудің не екенін көреміз.
Дана қазақта «Би болмасаң да, би түсетін үй бол» деген сөз бар. Ал Хадиша анамыз бүкіл ғаламның ең ардақты тұлғасы Мұхаммед Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ең сенімді серік болу міндетін теңдессіз түрде атқарып шыққан ұлы тұлға еді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ең алғаш болып мойындап, Оған (с.ғ.с.) иман келтірді. Ол (с.ғ.с.) қиналса, қасынан табылды. Мұңайса, жұбатты. Шешуші кезеңдерде пайдалы кеңестерін беріп отырды. Үстіне көрпе жапты. Оның өмір жолына өз өмірін пида етіп, арнап жіберді.
Көктемде жазира далада ең алғаш ашылған бәйшешектей, көктен түскен ең алғашқы жаңбыр тамшысындай ең алғашқылардың қатарынан табылды анамыз.
Бір күні бүкіл адамзат ақиқаттан хабарсыз, бейқам отырғанда, ерлі-зайыпты екі кісі көздері де, көкіректері де ояу отыр еді. Оның бірі – Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жерден 866 метр биіктіктегі Хирада, ал екіншісі Меккедегі осы Хадиша анамыз еді. Жан жары қым-қуыт тіршіліктен алыстап, тауға қарай бет алып кеткенде, бұл да түн жамылып отырып, айдың жарығымен өз Раббысын еске алып зікір етіп отыруды ұнататын. Бабасы Ибраһимның діні оның жүрегіне жылылылық беретін. Кейде қасиетті Қағбаға барып тауап жасап қайтатын. Бірақ ол кезде Қағбада көңілді көтерудің орнына түсіретін жағдаяттар жиі байқалып қалатын еді. Мысалы, бірде бай-манаптардың бірі құлына бір табақ көтертіп Қағбаға келеді. Құлының жүрісі мен көзқарасарынан аштықтан бұрылып тұрғаны көрініп тұр. Бірақ қожайынының тапсырмасымен сүт пен қаймақ салынған әлгі табақты құрметпен апарып бір тастың түбіне қояды. Исаф пен Наиле деген пұттарға арналған тарту еді бұл. Қызметші қолындағы табақты қойды да, оған тағзым етіп кері шегініп кетті. Ол кеткен соң бұл пұттың қасына бір ит келіп, сүт пен қаймақты жалап-жұқтап жеп кетті. Онысымен қоймай, түбіне сарып та кетті. Адамдардың тәңір деп табынып жүргендері итке қарсы да тұра алмай масқара болды. Бірақ ол кезде бұл жағдайдың парқына ешкім де жете бермейтін. Сенім жүйесінің бұзылғаны сонша кімнің неге сеніп жүргені де белгісіз болатын. Міне, осындай жағдайлар Хадиша анамызды уайымға салмай қоймайтын. Іші удай ашиды, өзегі өртенеді, қабырғасы қайысады. Бірақ күресерге дәрмен жоқ.
Хадиша анамыз Ислам дінін қабыл еткен соң өзінің жылдар бойы жинаған мол дәулетін де, одан өзге барлық мүмкіндіктерін де осы діннің жолында сарп етіп жіберді. Ал Исламның қалыптаса бастаған жылдарында бұл дархандықтың маңызы ерекше болатын.
Әкесі Килаб руынан шыққан Хуайлид ибн Әсад еді. Анасы Фатима бинти Зайида деген әйел болатын. Һижраның, яғни мұсылмандардың Меккеден Мәдинаға қоныс аударуынан 68 жыл бұрын дүниеге келді.
Хазрет Хадиша анамыз сауда-саттықпен айналысатын бай-бақуатты, абыройлы әйел болатын. Адам жалдап, сауда керуенін Мекке сыртына шығарып отыратын. Сөйтіп жүргенде Мұхаммед Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) танысу сәті түсіп, оған осы керуенді Шам еліне апарып келуді ұсынды. Ұсыныс қабыл алынған соң, өзінің қызметшісі Майсараны қосып, хазрет Мұхаммедті (с.ғ.с.) Шам еліне сауда сапарына жөнелтеді.
Араб түбегінде дәл Хадиша анамыздай күшті де, дархан жанды кісі тым сирек кездесетін. Қиыншылық атаулының бәрін міз бақпай, құшақ жая қарсы алатын. Ешқашан үмітсіздікке салынбаған. Біреуге біреу қиянат жасап жатса, ол қашан да әлсіздің қасынан табылатын. Неше ре күйеулері ұрып қуып жіберген әйелдерге пана болып, қожайынынан өлердей таяқ жеп жатқан құлдарды құтқарып қалған еді. Қаншама саудагерлерге жол көрсетіп, бағыт та беріп отырған. Сондықтан болса керек, осы бір жайсаң әйел барған жерде оның маңына қалың көпшілік үйіріліп жинала кететін. Мол дастархан жайып талай рет жарлы-жақыбай, аш-жалаңаштарға ас ішкізіп, қол қайыр жасайтын. Айналасында мыңдаған пақыр-міскіндер бар екенін ойласа, тамағынан ас өтпей қалатын кездері болатын. Сол үшін Әли мен Зәйдті үйлеріне қонақ шақыруға жүгіртіп жіберетін де, өзі дастархан қамына кірісетін. Кейде олардың қасына үш қызметшісін қомып, мұқтаж жандарған ақша, киім, ас-ауқат таратуға жіберетін. Өзі де кедей-кепшіктердің үйлерін аралаудан тартынбайтын. Бір күні қасындағы бірнеше адаммен көше аралап келе жатқанда, құлағалы тұрған бір үйге көзі түседі. Құлағын түрсе, іштен жылаған-сыздаған балалардың дауысы естіледі. Хадиша анамыздың жүрегіне бұл жағдай тым ауыр тиді. Дереу сұрастырып жүріп әлгі дауыстың иесін де тауып алды. Сөйтсе жаңа туылған нәресте екен. Есіктен ішке қараса, анасының омырауына екі ернімен жабысып жатқан баланы көреді. Көкіректен сүт шықпаған соң, бар дауысымен шыңғыра жылайды. Мұны көрген Хадиша анамыз әлгі анаға ішіп-жейтін ас-ауқат, ұн және жетерліктей ақша беріп жібереді. Кейінірек әлгі бала қарны тойып, тәтті ұйқыға кетеді. Сонда оның анасы: «Егер Хадиша болмағанда, балам да, өзім де аштан қатар едік-ау» деп жыр қылып таныстарына айтып жүреді екен. Иә, Хадиша анамыз жұрттың қарны тойса, соған себеп болса, жаны рахат бір күй кешетін.
Хадиша анамыздың кейбір қылықтары Ибраһим бабамыздың жұбайы хазрет Ажар анамызға да ұқсап кететін. Кей кезде сол Ажар әжеміздің соңынан ізбе-із ілесуді де мақсат ететін. Кім біледі, уақыт шектеулерін шартты түрде алып тастасақ, осы екі қаһарман әйел тұлғалар рухани дәрежелері жағынан қатар тұрған да болар. Ажар анамыздың өз Раббына риясыз, шынайы бағынуы оған өмірлік сабақтай әсер ететін. Кезінде Ажар анамыз көрген қиыншылықтар Хадиша анамыздан да алысқа кеткен жоқ еді. Бірақ қандай ауыртпашылық болса да, қайран анамыз еңсесін қашан да тіп-тік ұстап өтті. Әрине, Хадиша анамыздың бар ғұмырын айтып тауысу мүмкін емес. Бірақ біздің тілегіміз осындай асыл тұлғалардың соңынан ерген қаракөздеріміз көбірек болса екен. Алла Тағалам Хадиша (р.а.) анамыздан разы болсын.
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,
«Асыл сөз media» шығармашылық
бірлестігінің директоры
