Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Алланың разылығы-ата-ананың ризалығында

Адам баласына өзіне жақсылық һәм қамқорлық жасағанды жақсы көру қасиеті тән. Ал адамға Аллаһтан кейін ата-анадан басқа кім үлкен жақсылықпен қамқорлық жасай алады?!

Ұлы Алла Өз хақы мен ата-ана хақыларын бір аятта атап өтеді. Және бізге Өзі мен ата-аналарымызға шүкіршілік етуімізді де осылайша бір аятта бұйырады. «Ниса» сүресінде Ұлы Жаратушымыз бізге Өзіне ғана құлшылық етуді бұйырып, содан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажеттігін «Аллаға құлшылық етіңдер де, оған серік қоспаңдар. Сондай-ақ, әке-шешеге жақсылық қылыңдар» деген аят арқылы еске салады.

Ұлы Алла бізді және барша әлемдерді жаратты. Ал ата-аналарымыз бізді тәрбиеледі, солардың арқасында біз жарық дүниеге келдік. Ибн Аббас (Аллаһ әкесі екеуіне разы болсын) былай деген: «Үш аят үш түрлі нәрсеге байланысты болып түсті және олар бір-бірінсіз қабыл болмайды. «Аллаһқа бойұсыныңдар және де Елшісіне бойұсынып сақтаныңдар» («Мәида» сүресі, 92-аят). Кім Аллаға бойұсынып, Оның Елшісіне бойұсынбаса, оның Аллаһқа бойұсынуы қабыл етілмейді. «Намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер» («Нұр» сүресі, 56-аят). Кім намазды өтеп, зекет бермесе, одан қабылданбайды. «Маған және әке-шешеңе шүкір ет» («Лұқман» сүресі, 14-аят). Кім Аллаһқа шүкіршілік етсе, бірақ өзінің әке-шешесіне шүкіршілік етпесе, онда Жаратушыға деген шүкіршілігі қабыл болмайды».

  Аллаһтың разылығы-ата-ананың разылығында, ал Аллаһтың ашуы ата-ананың ашуында. Ата-аналарымыз бізге өте көп жақсылықтар жасады. Олар бізді дүниеге келтіріп қана қоймай, ең нашар, күйсіз күндерінде қаншалық михнат, машақаттарға төзіп, шынайы жүректен жақсы көріп, бауырларына басып «табаныңа кірген шөгір маңдайымызға кірсін» деп, жандары үстімізде болып, қиыншылықтарымызды көтерді. Ата-ананың жақсылығына ешбір жанның жақсылығы тең келмейді. Олар балаларына жан-жақты білім беріп, олардың діни және дүниелік қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Айта берсек, ата-ананың жақсылығы ұшаң-теңіз. Осы себептер үшін ата-ана ризалығы Аллаһ ризалығымен, ал олардың ашуы Аллаһтың ашуымен қатар қойылған.

Ата-анаға олардың тірі кезінде қызмет ету Аллаһ жолындағы жиһадпен пара-пар іс. Тіпті, Пайғамбар (с.ғ.с.) ата-анасы тірі бір кісінің жиһадқа шығуына рұқсат етпей қойған.

       Абдуллаһ ибн Амр (р.а.) басқа бір риуаятта былай деген: «Бір кісі Аллаһтың Пайғамбарына (с.ғ.с.) келіп; «Саған һижра мен жиһад жасауға серт беремін. Аллаһ мол сауап қалаймын»,-деді. Сонда Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Ата-анаңның біреуі тірі ме?»-деп сұрады. Кісі: «Иә, екеуі де»,-деді. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): «Аллаһтан мол сауап қалайсың ба?»-деді. Кісі: «Иә»,-деді. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.): Олай болса, ата-анаңа бар да, ол екеуімен жақсы қарым-қатынаста бол,-деді. (Муслим риуаят еткен).

Ата-аналарымыз сүйіспеншілік пен құрмет көрсету құқығына ие. Одан бөлек біз олардың шариғат бойынша тыйым салынбаған барлық тілектерін орындауға, шама-шарқымызша өз қаражаттарымыздан жұмсап, қарайласуға міндеттеміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жігітке қарап: «Сен және сенің мал-мүлкің әкеңдікі»,-деген.

Әке-шешеміз бізді кезінде қалай әлдилеп, мәпелесе, біз де оларды солай мәпелеп, құрметтеуіміз қажет. Ата-анамен дөрекі, дауыс көтеріп сөйлесуге болмайды. Ұлы Жаратушымыз былай дейді: «Сондай-ақ ол екеуіне зекіме, оларға сыпайы сөз сөйле» («Исра» сүресі, 23-аят).

Аллаһтың «Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе...» деген сөзін еске түсірейік. «...Жандарыңда  ...» деген сөз ата-аналарымыздың біздің қамқорлығымызға, көмегіміз бен қорғанымызға мұқтаж екендігін көрсетеді.

Мұсылмандардың халифасы Омар ибн әл-Хаттабқа (р.а.) бір кісі келіп: «Менің  қартайған, өздігінен әжетханаға барып-келе алмайтын шешем бар. Ол түзге отырғысы келген сайын мен оны арқалап апарып келемін. Анамның менің мойнымдағы хақын осы ісім арқылы өтедім ба?»-деп сұрайды. Сонда оған хазреті Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.): «Жоқ, өйткені сенің кішкене кезіңде ол да саған осылай қарады, солай бола тұра анаң сенің өмір сүргеніңді қалайтын, сенде анаңа сол істі істеп жүрсің, бірақ сен оның дүниеден кеткенін қалайсың. Олай болса, қалайша хақысын өтедім дей аласың?»-дейді.

Ата-ананың хақын сақтау өте қиын, дегенмен біз жіберіп алған олқылықтарымыздың орнын Ұлы Аллаһқа олар үшін тірі кезінде және өлгеннен кейін Құран аятында көрсетілгендей: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайымда тәрбиелегендей Сен де оларды мәрхаметіңе бөлей гөр» деп дұға ету арқылы толтыруымызға мүмкіндік бар.

Ата-ананы құрметтемеу, оларға қарсы шығу-үлкен масқара. Әке-шешелеріне жекіп, айқайлағанымен қоймай, оларға қол көтеретіндер де кездеседі. Ата-анасы кәпір болса да, олармен жақсы қарым-қатынаста болу-мұсылманға міндет. Әсма бинт Әбу Бәкрден (р.а.): «Нәбидің (с.ғ.с.) заманында маған анам келді. Ол Исламды қабылдауымды қаламайтын. Мен бұл жайында Нәбиден (с.ғ.с.): «Мен анама жақсылық істеуім керек пе?» деп сұрағанымда, Ол кісі (с.ғ.с.): «Иә»,-деді.

       Өкінішке орай, бүгінде әке-шешесінің тапқан табысына күн көре отырып, оларды «кәпір, мүшрик» дейтін бауырларымыз да бар. Мұндайлар бір мезгіл жоғарыдағы хадистен өнеге алып, ахиреттегі жағдайларының қандай боларын ойласа екен дейміз.

Өз әке-шешемізге қалай қарасақ, балаларымыз да бізге солай қарайтын болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: Аллаһ барлық күнәлардан қалағанының жазасын қиямет күніне дейін кешіктіреді. Бірақ ата-анаға қарсылық қылғанның жазасын Аллаһ иесіне тіршілігінде, өлуінен бұрын береді».

Ата-ананы құрметтеу-адамның иманының кәмілдігінің және оның мұсылмандығының толықтығының белгісі. Бұл пайғамбарларға тән қасиет. Ұлы Аллаһ Өзінің қасиетті кітабының көптеген жерінде олардың ата-аналарына құрмет көрсетіп, шүкір етулерін ерекше атап көрсетеді. Мәселен, Яхия пайғамбар (ғ.с.) жөнінде: «Әрі оған өз қасымыздан жұмсақтық, күнәдан тазалық бердік. Өзі де күнәдан сақтанушы болатын. Әрі әке-шешесіне де мейірімді еді. Қатыгез, күнәһар емес»,-делінген («Мәриям» сүресі, 13-14 аяттар).

Ұлы Жаратушы Иса (ғ.с.) пайғамбардың сөзін жеткізу арқылы былай дейді: «Сондай-ақ мен қайда болсам да» құтты етті де тіршілігім бойынша намазды, зекетті орындауға бұйырды. Мені шешеме мейірімді етіп, қатыгез және қиқар қылмады» («Мәриям» сүресі, 31-32 аяттар).

Ата-ананы құрметтеу-ең көркем ғибадат, барлық жақсы істердің негізі және жәннатқа апаратын жол Абдулла- ибн Масғуд (р.а.) былай дейді: «Мені Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Аллаһқа ең сүйікті іс қайсы?»-деп сұрадым. Сонда ол: Уақытында оқылған намаз»,-деді. Мен сосын қайсы?-дедім. Ол: «Ата-анаға жақсылық қылу»,-деді. Мен: «Сосын қайсы?»-дедім. Ол: «Аллаһ жолындағы жиһад»,-деді (Бухари, Муслим рияуат еткен).

Ата-ананы сыйлау мен оларға жақсы қарым-қатынас жасау мұсылманға жәннатқа кіруге көмектеседі. Айша (р.а.) Аллаһ Елшісінің (с.ғ.с.) былай дегенін жеткізеді: «Мен жәннатқа кіріп, біреудің Құран оқығанын естідім. Мен жәннаттағылардан: «Бұл кім?» деп сұрадым. Маған олар: «Бұл Хариса ибн Нұғман» деді. «Міне, ата-анаға жақсылық жасаудың қайтарымы»,—ал бұл кісі басқа адамдардан гөрі өз анасын қатты құрметтейтін». Сахабалар (Аллаһ оларға разы болсын) өз ата-аналарына үлкен құрмет көрсеткен. Ибн Аббас (р.а.): «Мен шешеге құрмет көрсету сияқты адамды Аллаһқа жақындататын істерді білмеймін»,-деген.

       Омар ибн Хаттабтың (р.а.) халифалық құрған заманында мынадай оқиға орын алған еді. Бір күні Омар мен Әли ибн Әбу Талиб (р.а.) және басқа да сахабалар бірге Харам мешітінде зиярат етіп жүргеніндерінде қартайған, көзі көруден қалған, жүруге әлі жоқ қарт әйелді арқалап алған кісіні көреді. Оның Қағбаны айналып жүріп, өз-өзіне: «Иә, Раббым, мен анамды өмірбойы арқалап, көлігі болып өтсем де ештеңе етпейді. Оның алдындағы қарыздарымның ең құрығанда кейбірін өтесем екен. Әміріңе бой ұсындым, иә Раббым» -дегенін естиді. Сол кезде Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) қасындағыларға: «Қане, біз де мына тәуәп етіп жүрген адамға қосылып айналайық. Бұл уақыт құлдарына Аллаһтың рақымы мен кешірімі түсетін сәт. Мүмкін, Аллаһтың рақымы мен  кеңшілігі қартайған анасына қызмет етіп жүрген мына кісінің құрметі үшін бізді де жарылқар»,-дейді. Ата-анамыз дүниеден өтіп кетсе де, олардың бізге берген ата-аналық мейірімі, тәрбиесі, сүйіспеншілігі үшін әрдайым борыштымыз. Оларға қайырлы дұға тілеу әрқайсымыздың міндетіміз.

Бір күні Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бір кісі: «Иә, Аллаһтың Елшісі! Мен ата-анамды олар өлгеннен кейін де  құрметтеуім керек пе? деп сұрағанда Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, олар үшін дұға жасау, олардың өсиеттерін орындау, екеуінің көзі тірісінде болған туысқандық қатынасты жалғастырыу әрі олардың достарын құрметтеу»-деп жауап берді.

Аллаһ біздерді әке-шешелерін  сыйлап, олардың разылығын алып, жәннатқа кіретін құлдарынан ете көрсін!

 

Ғұмаров Эммат Сұлтанғалиұлы  

 

 «Құспан молла» мешітінің Бас имамы 

Жоғарыға