Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әр ата-ана баласы үшін жауапты

Әсіресе, соңғы үш жылдықта нәрестеге екпе салдыру мәселесі елімізде күрделеніп келеді. Кей мәліметтерде екпе салдырудан бас тартқан ата-аналар санының он есеге дейін көбейгендігі де айтылып жүр.

Екпе салудың тиімділігі талай жылдардан бері дәлелденген факт болса да, кей  ата-аналардың  екпе мәселесін даулы тақырыпқа айналдырып жіберу себебі неде? Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында вакцинадан бас тартқан ата-аналардың бірқатарымен жүздесіп, пікірлескен болатынбыз.

Аты-жөнін атамауды өтінген ата-аналардың бірі екпе салуға үгіттейтін дәрігерлердің әрекетін қателік деп есептейді. Олардың пікірінше, денсаулықты Алла береді. Демек, екпе салдырудың қажеттілігі жоқ. Екінші бір ата-ана екпе арқылы баланың жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеті қалыптасатындығынан хабардар. «Өзіме де кішкентай кезімде екпе салған. Бірақ, қазіргі вакциналардың сапасына сенбеймін» дейді ол.

Осы тақырыпта әлеуметтік желілер арқылы сауалнама жүргізгенде, алған жауабымыз төмендегідей болды. Пікірлердің дені «екпе салу Құдайға серік қосумен тең, баланы Құдай берді, демек баланы қалай алса да өз еркі» деген бағытта болса, мәселеге сын көзбен қарайтындар да баршылық. Мәселен, анонимді желі қолданушыларының бірі – «Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қазақстанға сапасыз екпе әкелінген.  Мысалы, туберкулезге қарсы салынған сапасыз екпеден  шу шықты» деген жазба қалдырыпты.

Дәрігерлер қауымы болса, екпеден бас тартатындардың дені – діни ұғымдағылар екенін мойындап отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте жұқпалы аурулардың алдын-алуға, ауруға қарсы екпе егуге міндеттегенімен, жаза қарастырылмаған. Сондықтан, ата-аналар медицина өкілдеріне бағынбайды» дейді медицина мамандары.

Айтса айтқандай, Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте,  2017 жылдың бірінші жарты жылдығында иммундаудан бас тартудың 11 мың 557 фактісі тіркелген. Осы ретте, дін маманы ретінде  жалпы екпеге қарсы пікірде жүрген ата-аналардың қате түсінікте екендігін айтқымыз келеді. Діни қағидалар бойынша, адам алдымен өзінің және балаларының денсаулығына жауапты. Ендеше,  екпеден бас тарту – жауапкершіліктен қашумен тең. Әсіресе,  туберкулезге қарсы екпеден бас тартпаған дұрыс.

 Тарихтан белгілі, сонау XV ғасырдың өзінде бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы ең алғаш қарашешекке қарсы екпені ойлап тапқан. Жүрек, ми, сөл (адам организмінен бөлінетін), т.б. мүшелердің адам ағзасындағы атқаратын рөлі, күйік, үсікті емдеу, тамыр ұстау сияқты өзекті мәселермен қоса,  шешек ауруына қарсы вакцина егуді сол Өтейбойдақ бабамыз «Шипагерлік баян» кітабында әйгілі ағылшын ғалымы Э.Женнерден  320 жыл бұрын жазып қалдырғандығын атап айту қажет. Сондықтан, екпеден бас тартқан ата-аналарды түсініктеме жазумен ғана шектемей, баланың денсаулығына деген жауапкершілікті өз мойнына алатыны жөніндегі міндеттемені нотариуске растату туралы талаптың енгізіліп жатқандығын орынды қадам деп есептейміз.

 Екпе алуды мәжбүрлеу мақсатында әлем елдері жүзеге асырып жатқан түрлі тәжірибелерді алға тартуға болады.  Мәселен, Австралия екпеден бас тартқандар балаларды медициналық қамсыздандырудан қағуда, Ресейдің Мемлекеттік Думасы осы жүйе бойынша қысым жасау тетігін қарастырып отыр. Ал, Израиль екпемен қамтудың ең жоғары пайызына қол жеткізді. Себебі, ақпараттық үгіт-насихат жұмысы күшті жүргізіледі. Екпесіз сәбидің балаларға арналған бірде-бір мекемеге бара алмайтындығы да рас. Сондықтан, бұл мәселені түсіндіру науқаны өз алдына, жоғарыда аталған  шет елдер тәжірибесі бойынша мәжбүрлеу әдісін де енгізуді құптаймыз. Яғни, «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекске қосымшалар енгізу арқылы реттеу мәселесін ұсынамыз.

Алла Тағалам  еліміз аман, ұрпағымыз сау болуды нәсіп еткей!

Батыржан МАНСҰРОВ,

 

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы.

Толығырақ ...

Дәстүрлі діннің құндылықтары

Барлық мақтау әлемдерді жаратқан, бізге иман берген, мол ризық беруші Аллаға тән. Ардақты елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с), пәк отбасына, сахабаларына және қиямет күніне дейін ізгі жолда соңынан ергендерге Алланың сәлемі мен жақсылығы болсын.

Әрбір қоғам өз ішінде белгілі қағидаларға сүйене өмір сүреді. Сол қағидалар алдыңғы өткендердің кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, өнегесі болады. Ел ішінде ақсақал, билер халықты басқарып, жөн сілтеп отырса, кішілері тыңдап, заң көріп, аға буынның түйгенін, ақылын іні буын өздеріне бағдар етіп, өздерінен кейінгілерге қалдырып отырған. Осы жолмен ұрпақтан ұрпаққа ауысып келе жатқан істер, өнер, тұрмыс, әдетке - «дәстүр» атауы беріледі.

Яғни, әрбір бағзыдан өз құнын, қолданылуын жоғалтпай бүгінге дейін келіп отырған әдетке «дәстүрлі» атауы беріледі. Дәл сол сияқты 12 ғасырдан бері қазақ даласына келген, Әбу Ханифа мәзһабы ел ішінде кеңінен қолданысқа еніп күнімізге жетіп отыр. Осы жолды «Дәстүрлі ислам» деген атпен танып отырмыз. Өйткені, өткендеріміздің дін жолындағы тұрмысы, әдеттері, идеологиялары осы жолмен ұштасып келді. Соңғы жылдарға дейін қазақтар өз арасында - діни алауыздықтар, бөліну, қан төгу сияқты сұрапыл істен аулақ болды. Соңғы уақыттарда дініміз ішінде бөлінушілер, бірін-бірі адасқанға санап, бүлік шығарушылар көбейді. Ғұламаларға түрлі дөрекі айып тағып, сынға алуды шығарды. Бұл үлкен қасірет. Демек, қателікке түспеу үшін жасалатын алдын алу шаралары жасалынуы керек. Шариғатымызда әрбір мұсылман білуі керек болған, мойнына жүктелген мына үлкен үш нәрсе діннің негізін құрайды. Шариғат бұлардың бірінен кейін бірі бар болуын талап етеді.

Біріншіден, сенім. (Кісі сенімі арқылы мұсылман болып, басқа діндерден ерекшеленеді. Жалғыз Аллаға сиыну, табыну, құлшылық ету иманның шарттарын қамтиды);

Екіншіден, ғибадат (Мұсылман адамға Алла Тағала бес шартты бекітті және осы шарттарды орындағанды жәннәтқа кірерін хабарлады. Олар: кәлима шәһадат, намаз, ораза, зекет, қажылық);

Үшіншіден, көркем мінез-құлық (Құран-Кәрім және хадистерде Алла Тағала көркем мінез құлық иесін сүйерін, мол сияпатқа бөлейтіні хабарланады);

  Күнімізге байланысты дәстүрлі дініміздің аталған құндылықтарын сақтау, білу мұсылман халқы үшін ерекше маңызды болып, түрлі бүлік, түсініспеушіліктердің алдын алу, жат ағымдармен күрес жүргізу әр мұсылманның білек сыбанар ісіне айналып отыр. Демек, бұл істің алғашқы баспалдағын таза дініміз жайлы сауат ашумен бастау керек. Өйткені, жолын білген кісі барар жеріне адаспай жететіні белгілі болғандай, дін жолында да дұрыс бағытты таныған кісі жат ағымға алданбайды.

 Кейде мынадай сындарға тап болып жатамыз: «Дін деген бұл Алладан келген жүйе емес пе, неге оны әкеліп дәстүрге ыңғайлап жатырсыңдар?» немесе «Дәстүрлі дін болушы ма еді, әркім өз дәстүріне қарай дінді тарта берсе, онда діннің несі қалады?» Дінге жанашырлық танытқан дұрыс. Әйткенмен, қолданыстағы «Дәстүрлі ислам» термині - бағзыдан қазақ халқына сіңіп, өзінің құнынын жоғалтпай, ел арасында алауыздыққа себеп болмай келе жатқан таза дінге қолданылып отыр. Ислам діні халықтың шариғатқа қайшы емес ғұрып - дәстүріне тыйым салмайды. Тіпті, шариғат заңдарында үкім беруде сол жердің қолданысы, мақсаттары, өлшемдері басты негізге алынады.

Ал енді, дәстүрлі дініміздің негізгі құндылықтарына тоқталсақ. Ислам сөзі қазақшада - «амандық, тыныштық, мойынсұну» деген, мағыналарды қамтиды. Демек, Алла Тағаланың діні адамзатқа бұл және о дүниенің амандығын, жақсылығын сыйлау үшін түсірілген. Осы жолда алдымен иманның шарттарын қабылдап, исламның шарттарын орындап, ізгілікке қарай ұмтылған әр кісі - осы бақытқа ие болмақ. Құран-Кәрім және Алла елшісінің хадистерінде ізгілікті төмендегідей баяндағанын көреміз: Аллаға серік қоспау, ата-анаға жақсылық жасау, туысқан, көрші, жетім, пақыр, жолда қалғандарға көмек беру, үлкенді құрметтеу, кішіні ізеттеу, жолдағы кедергі келтіретн заттарды тазалау, жан-жануарларға зиян тигізбеу, ағашты себепсіз кеспеу.

Әр адамның бойында жақсы сөз сөйлеу, қонағын құрметтеу, ұятты болу, қолы әрі тілімен ешкімге зиян тигізбеу, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтару қасиеттері болуы шарт. Сонымен бірге, жазықсыз қан төгу, ұрлық, өтірік, өсек айту сынды жағымсыз әрекетерден аулақ болу керек. Ал, бүгін мұсылмандар жік-жікке бөлініп алып, бірін-бірі қаралап, айыптауда.

 Қалай десек те, Әбу Ханифа мәзһабы мен Мәтуриди сенім мектебін ұстану, осы ғұламалардың артынан еру бізді көптеген адасу, бүлікке түсуден сақ болуға жол ашады. Өйткені, ғұламалар пайғамбарлардың мейрасқорлары.

Құран Кәрімде Алла Тағала: «Білетіндер мен білмейтіндер тең болама» (зумар 9) деп, баяндаған. Білетін адамның ақиқатқа жақын, адасудан ұзақ, ал білмейтін адам адасуға жақын, ақиқаттан ұзақ екенін түсінеміз.

Дастан СҮЛЕЙМЕНОВ,

 

Жылыой орталық мешітінің ұстазы. 

Толығырақ ...

Бірлігі жарасқан ел озады

Ислам діні мүминдерді тек жеке тұлға ретінде кемелдендіріп, дамытумен қалып қоймай қоғамның тыныштығын, амандығын қамтамасыз ететін ұлы ұстанымдар сыйлаған. Қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты дін бауырластығы шаңырағының астында махаббат пен жүзеге асуын әмір етеді. Қоғамдағы ең үлкен қауіп пікір қайшылықтары, жік-жікке бөлінушілік, бір-біріне бас имеуден туатын анархия болып табылады. Әрбір мұсылманның бүліктен құтылып, пікір қайшылықтарына түспеуі үшін қарабайыр қалауы мен нәпсінің кедергісін бұзатын кәміл пікірге, бауырмалдық сезімге бой алдыруы қажет. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүннеті және хулафа-рашидиннің жолын ұстану арқылы жүзеге асады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Барлығың бірдей Аллаһтың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер. Сондай-ақ Аллаһтың сендерге нәсіп еткен нығметін еске алыңдар. (Өйткені) сендер бір-бірлеріңе дұшпан жандар едіңдер. (Бірақ) Аллаһ жүректеріңді біріктіріп, соның саясында бір-бірлеріңе бауыр болдыңдар», (Али-Имран сүресі-103 аят).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Сендерге бірлік пен ынтымақта болуды, бөлінуден сақтануды насихат етемін. Өйткені, шайтан жалғыз кісімен бірге, ал екі кісіден аулақ болады. Жаннаттың дәл ортасында болуды қалаған жан, мұсылмандардан айырылмасын», (Термизи, Ахмад).

Расында, Алла Тағала адамзат баласын: «Бөлінбеңдер», деп бауырмал болуға бұйырған. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) басшыға бағынып, бүлік шығармауды үгіттеуінде үлкен мән бар. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда мұсылмандардың басын біріктіріп, ел игілігі  мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты құндылығымыз. Расында да, жері кең, ал саны аз қазақ халқына ауызбіршілік ауадай қажет. Ол үшін бірігіп іс жасауымыз қажет. Алла Тағала Құран-Кәрімде былай дейді: «Аллаһқа және Оның Елшісіне бас иіп, бағыныңдар. Сондай-ақ, бір-бірлеріңмен жанжалдаспаңдар. (Олай істер болсаңдар) үрейленіп, күш-қуаттарың азаяды. Сонымен қатар, сабыр етіңдер. Алла Тағала сабырлы жандармен бірге болады»,  (Әнфал сүресі-46 аяты). Ұлы Раббымыз мүміндерді бір жүрек тәрізді бірлік пен ынтымақтың туының астында болуын әмір етеді. Бұл мәселені бұрынғы пайғамбарларға да уахи етуі, адамзат баласының әрдайым бөлінуге құштар тұратындығын, әрі бөлінудің қоғамдағы өмір үшін үлкен қауіпті екендігін көрсеткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Мүміндердің бір-біріне деген сүйіспеншілікте, бір-біріне деген жанашырлықта және бір-бірін қорғауда бір денеге ұқсайды. Дененің кез келген ағзасы ауырғанда, өзге ағзалар да ұйқысыздыққа тап болады. Қызуы көтеріледі», (Бұхари, Мүслим).

Алла Елшісі (с.ғ.с) бірлік пен ынтымаққа  қандай да бір сызат түспеу үшін қоғамдағы мұнафықтарды біліп тұрып олардың аттарын  Хұзайфадан (р.а.) өзге ешкімге айтпаған. Оларға өмір бойы жақсы мәміле жасап отырған. Күллі машақаттарына шыдай білген. Тіпті, Алла Елшісінің (с.ғ.с) сахабасы Хазіреті Омардың (р.а.) өзі мұнафықтардың кім екендігін білмейтін. Ол Хазіреті Хұзайфаны (р.а.) өмір бойы аңдып өткен. Егер Хұзайфа дүние салған кісінің жаназасына қатыспаса, оның мұнафықтардан екенін аңғарып өзі де қатыспайтын. Сонымен қатар, мұсылмандардың күнде бес уақыт жамағаттармен намаз оқуы арамыздағы қарым-қатынастың беріктігін, мықтылығын көрсетері хақ. Алла Тағала намаз, зекет, қажылық, құрбандық секілді құлшылықтарда мұсылмандарды рухани тұрғыдан ынтымақта болуға дайындайды.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Намазды толық оқыңдар. Зекетті толығымен өтеңдер. Әрі Аллаһқа рұкуғ еткендермен (тізе бүккендермен) бірге, рұкуғ етіңдер», (Бақара сүресі, 43-аят). Алла Елшісі (с.ғ.с) үмбетінің бірлігі мен ынтымағын намаз саптарынан бастаған болатын. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай дейді: «Саптарыңды түзу ұстаңдар. Иықтарыңды бір сызыққа келтіріңдер. Арадағы қашықтықты қысқартыңдар. Сапты түзеу үшін қолдарыңнан тартқан бауырларыңа жұмсақтық танытыңдар. Араларыңда шайтан кіретін бос орын қалдырмаңдар. Аллаһ саптарын иін тіресе ұстағандарың көңілін хош етеді. Саптарын иін тіресе ұстамағандарға  Аллаһ нығметтерін нәсіп етпейді»(Әбу Дәуіт, Салат 93/666).

Намазда саптар иін тіресіп түзу тұрмаса мүминдер арасындағы гармония, низам, бірлік және ынтымақ жоғалады. Бір еуропалық елші Венгрияда жұма намазын оқу үшін тоқтаған Осман империясының әскерін көреді. Олардың шын пейілімен жұма намазын оқып жатқанын байқап, қайран қалып: «Түп-түзу саптар түзеген елу мың кісі имамның бір сөзімен қол байлайды. Барлығы бір денеге айналады. Артынша тек бір-ақ сөзбен елу мың кісі бірдей Алла Тағалаға сәжде жасайды. Мынадай орасан зор көпшілікке бейшара христиан әскері қалай қарсы шыға алсын?» - деп айтқан екен.

Алла Тағала былай дейді: «Күмәнсіз Алла, өз жолында (кірпіштері) берік қаланған ғимарат секілді сап түзеп соғысқандарды жақсы көреді», (Саф сүресі, 4-аят).  Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) айтқанына сүйенсек, мүминдердің Алланың дінін қатты ұстанып, бір-бірінен ажырамаулары Алла Тағаланы разы қылатын амал екенін айтқан. Сонымен қатар бір кісінің мұсылман жамағатында болуы, оның ішкі жан дүниесінің таза, пәк екендігін көрсетеді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Ислам жамағатынан ұзақтап, қоғамнан бөлек өмір сүріп өлуді, «мұсылманша өмір сүрмей басы бос, уақыт өткізіп өлген қарабайыр надан дәуірдің адамының» халіне ұқсатқан, (Мүслим, Имара 53,54; Ахмад II, 306).  Мұсылмандар бірлік пен ынтымақтан аулақ тұрып, бір-бірінен ажырап қалса Алла Тағаланың сүйіспеншілігінен мақұрым болады. Әрі күш–қуаттарын жоғалтып, күйзеліске ұшырайды. Мұның қазіргі таңда мысалы көп. Алла Тағала құлдарына былай деп ескерту жасайды: «Айқын дәлелдер келгеннен кейін (қырық пышақ болып) бөлініп, қайшылыққа түскендер секілді болмаңдар. Міне соларға үлкен азап бар» деп ескерту жасаған. (Әли Имран сүресі, 105-аят).

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «қоштасу қажылығында», тіпті өмірінің соңғы күндерінде үмбетіне көптеген ескертулер жасады. Солардың бірі, өзі бақилық болғаннан кейін бөлінушілікке бой алдырып, бір-бірімен соғыспаулары еді. Өйткені, бірлікте мейірімділік пен береке бар. Сондықтан, өзара бөлінушілікке жол бермейік құрметті бауырлар. Алла Тағала баршамызды бір дін, бір мәзһаб аясында бірігуді нәсіп етсін. Бірлік-қуаттың, күштің көзі, ал бөлінушілік, жікшілдік бәлекеттің, апаттың көзі. Алла Тағала ынтымақ бірлігімізден айырмасын. Еліміздің еңсесі биік, дініміздің діңгегі берік болсын. Әмин!

Біләл САҒЫНДЫҚОВ,

 

Жылыой орталық мешітінің ұстазы. 

Толығырақ ...

Бұл намаздың сауабы он екі жыл құлшылық еткенмен тең

«Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді» (51:17)

Алла Тағала былай айтқан: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды» (32:16).

«Олар түнде аз ғана ұйықтаушы еді» (51:17).

Толығырақ ...

Наиф мүфти Ақжайық өңірінде

Кеше облыстық орталық мешітте Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі, Бас мүфтидің бірінші орынбасары Ораз Серікбай, Қазақстандық қайырымдылық «Уақып» корпоративтік қорының президенті Қайрат Айтбай, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Дін істері комитеті Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасы басшысы Есмахан Бауыржан арнайы келіп, имам-молдалармен жүздесті.

Толығырақ ...

ҚЫЗДЫ ҚЫРЫҚ ҮЙДЕН ТЫЙМАСА...

Ардақты Алла Елшісі () бірде сахабаларымен мәжіліс құрып отырып: «Кімде-кімнің үш қызы болып, оларды асырауға, қиыншылықтары мен қуаныштарына төзіп сабыр етсе,  Алла Тағала ол адамды қыздарына рақымдылық танытқаны үшін жұмаққа кіргізеді», – деп айтады. Сонда сахабаларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Егер екі қызы болса ше?» – деп сұрайды. «Екі қызы болса да солай», – дейді Пайғамбарымыз (). «Ал, егер бір қызы болса ше?» – дейді бір сахаба. Алла Елшісі () сонда: «Бір қызы болса да солай», – деп жауап берген екен[1].

Толығырақ ...

Батыржан Мансұров: «Жаназада ысырапшылдыққа жол берілмеуі керек»

«Қабірдің үстіне зәулім күмбез тұрғызу міндетті іс емес. Одан гөрі марқұмға дұға бағыштап, оның артынан сауапты іс жасаған абзалырақ. Қайтыс болған жанның атынан берілетін садақа дастарханын жасауда да ысырапшылдыққа жол бермеу керек», - дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу