Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Ғұламалар кеңесінің өкілі Сансызбай Құрбанұлы жастармен жүздесті

Атыраулық жастар елімізге белгілі ұстаз, Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлымен тікелей жүздесіп, сауалдарына жауап алу мүмкіндігіне ие болды.

Мүфтияттың Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұровтың бастамасымен біраз уақыттан бері  «Иманғали» орталық мешіті жанынан жастар қанатының жұмыс істеп келе жатқаны белгілі. Ғұламалар кеңесінің өкілі Сансызбай Құрбанұлымен арадағы кездесуде жастар дұға жасаудың несібесі, ізгі  амалдардан болатын сауап, исламдағы дәстүрдің орны туралы тақырыптар төңірегінде кеңінен ақпарат алды.

«Мұсылман пенденің жасаған дұғасына Алла үш түрлі жауап береді. Бірінші, пенденің сұрағанын осы дүниеде көруге жазса, Алла береді. Екінші, егер сұраған дұғасын бұл дүниеде бермесе ақыретке сауап қоржынына сақтайды. Үшіншісі, жасаған дұғасы себепті қиыншылықтарды отбасынан алыстатады» деген ұстаз Сансызбай Құрбанұлы «Алла баршамыздың дінімізге, Отанымызға, отбасымызға және діндес бауырларымызға арнап жасаған дұғамызды қабыл еткей» деген тілекпен жастармен қоштасты.

 

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі. 

Толығырақ ...

Ұстаз Сансызбай Құрбанұлы Атыраудың орталық мешітінде көрші ақысы туралы уағыз айтты

Атырауға жұмыс сапары аясында Ғұламалар кеңесінің мүшесі, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Пәтуа бөлімінің орынбасары Сансызбай Құрбанұлы «Иманғали» орталық мешітінің жамағатымен бірге жұма намазына қатысты.

Құлшылық рәсімінен кейін, ұстаз Сансызбай Құрбанұлы көрші ақысы тақырыбында уағыз айтты. «Қазақ халқы ықылым заманнан көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп, қоңсылықты ерекше қадірлеген. Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі, жәрдем беруге бірінші болып жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Асылында, көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл туралы қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады. Алла Тағала былай дейді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі, ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар». Міне, осы аятта айтылғандай, әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге, көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады» деп атап өтті ұстаз Сансызбай Құрбанұлы.

Қалай десек те, көршінің ақысы, көршіге қайырлық жасау – асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида. Уағыздың түйіні осыған саяды.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз-қызметі.   

Толығырақ ...
Осы RSS каналға жазылу