Атырау облысы, «Иманғали» орталық мешіті

Мәзір

Әйел-қыздар секторы қыз бала тәрбиесіне арналған тренинг өткізді

1-наурыз күні ҚМДБ-ның Атырау өкілдігі Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен ар-намыстың символы іспетті қыз бала тәрбиесіне арналған «Қыз өссе, елдің көркі» атты семинар-тренинг өткізді.

Көктемнің алғашқы күніндегі «Алғыс айту» күнімен тұспа-тұс келген семинар жұмысын сектор жетекшісі, мешіт ұстазы Айжарқын Түзелова ашып, жүргізіп отырды.

Шараға республикалық Қазақстан қажылар қауымдастығының Атырау облысы бойынша төрайымы Жұмагүл қажы Нәсиқызы мен ұстаз Елена қажы Ізімқызы қатысып, байырғы қазақ отбасындағы  қыз бала тәрбиесі және оның бүгінгі ахуалы төңірегінде ой өрбітті.

«Қазақ қызы Алла Тағала аманат еткен арын ерімнің, асса, елімнің ары деп түсінген. Абырой-намысын қашан да биік ұстаған. Қыз баланың оң жақта отырып некесіз бала табуы – қазақтың арғы-бергі тарихында болмаған жайт. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда қыз балаларымыз ата дәстүрге жат қадамдарға баруда. Осының себебінен шараналар көшеде шырылдап өліп, жетімдер үйі көбеюде. Бұл бізді алаңдатпай қоймайды», – деген аналар қыз бала тәрбиесін қайта жандандырудың қажеттілігін бірауыздан қолдады. 

 

Гүлбану Нұрымқызы,

«Иманғали» орталық мешітінің

баспасөз қызметі      

Толығырақ ...

«Иманғали» мешіті ұжымы жетімдер үйіне қайырымдылық жасады

1-наурыз – «Алғыс айту» күні «Иманғали» орталық мешітінің ұжымы  Сабыр Қазыбаев атындағы №1мектеп-интернатына барып, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жетім балалармен кездесті.

ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, бас имам Батыржан Берденұлы басшылық еткен қайырымдылық шеруін мектеп-интернат оқушылары қуана қабылдап, жүрекжарды ыстық лебіздерімен бөлісті.

Шара барысында өкіл имам саналы ғұмырларын бала тәрбиесіне арнап, жетім балаларды өз баласындай мәпелеп отырған интернат ұжымына алғыс сезімін білдірді. «Жетім ақысы – Алла ақысы. Жаны жаралы жетімнің басын сипап, оған қамқор болу – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті. Ендеше, Алла Тағаланың разылығына қауыштырып, сансыз сауапқа кенелтер қызметтеріңізге береке тілеймін», – дей келе, аналық мейірім, аялы алақанға зәру балаларға арнайы ала барған тәттілерін тарту етті.

 

Гүлбану Нұрымқызы,

«Иманғали» орталық

 мешітінің баспасөз қызметі

Толығырақ ...