Білім жарысы кітап оқуға үндеді
- Бөлім: Жаңалықтар
20-cәуір күні «Иманғали» орталық мешітінде мешіт жамағаттарына арналған білім сайысы болып өтті. ҚМДБ-ның Атырау өңірі бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан қажы Берденұлының бастамасымен ұйымдастырылған сайыс мақсаты мешіт жанындағы сауат ашу курстарында білім алып жатқан шәкірттердің білімін жетілдіре түсу, білім алуға деген құлшыныстарын арттыру болды.
Облыстық Жалпы және жастар ісінің жетекшісі Арман Урумбаевтың жетекшілігімен өткен білім бәсекесіне өкіл имам Батыржан Берденұлы, наиб имам Мұрат Мұстафаев пен Арман Урумбаевтар әділқазылық етті.
Дүбірлі додаға облыстық«Иманғали» орталық мешіті, қалалық «Әт-тақуа», «Атырау селолық», «Мәулімберген», «Қажымұқан Мұңайтпасов» мешіттері атынан 5 жамағат тобы қатысып, өзара бақтарын сынады.
Сайыстың шарты бойынша, әр топ өздеріне адын-ала оқуға тапсырма ретінде берілген түркиялық ғалым Сейфетдин Языджының «Ислам ілімі негіздері» кітабын оқып, сол бойынша қойылған сұрақтарға жауап беруі тиіс.
Сайыс қорытындысы бойынша «Иманғали» орталық мешіті жамағаты жүлделі 1-орынға ие болып, «Атырау селолық» мешіті 2-орынды қанжығаға байлады. Жүлделі 3-орынға табан тіреген "Мәулімберген" мешіті де марапатталушылар қатарынан табылды.
Жеңімпаз топтарға ескерткіш сыйлықтар тарту етілді.
«Иманғали» орталық мешітінің
баспасөз қызметі